Облыстық қазақ драма театры биылғы маусымында классикалық туындылармен өз аудиториясын қуантып отыр. Театр шынтуайтында дайын драматургияны қойып берумен емес, ондағы оқиғалар неге олай өрбігені жайында көрерменін ойға қалдыра алса, ол – оның жетістігі. Таяуда ғана облыстық қазақ драма театры әлем жауһары саналатын Шекспирдің «Отеллосын» сахнаға алып шықты. Әлем театрларында бұл спектакль оқиға саналатыны бәрімізге аян. Біздің театрдың қойғаны да көңілден шықты. Енді міне облыстық қазақ драма театры тағы бір классиканың премьерасын көрермен назарына ұсынбақ. Ол қазақ классикасының шоқтығы биік туындысы – «Еңлік-Кебек». Мұхтар Әуезовтің трагедиялық жанрдағы шығармасы 1-2 сәуір күндері көрерменге жол тартады. Қазақстанның халық әртісі, режиссер Ерсайын Төлеубайдың қоюындағы шығармада Кебектің рөлін актер Сухраб Мадумаров сомдаса, Еңліктің рөліне Зарина Асан лайық деп танылып отыр.
«Қазақ қойылымдарының бірегейі саналатын «Еңлік-Кебек» туындысын сахнаға актерлер лайықты алып шығады деген ойдамын. Өйткені, дайындық жұмыстары ойдағыдай жүрді. Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаның шығармасы театрсүйер қауымды бейжай қалдырмас. Режиссер де елдің көңілінен шығу үшін аянбай жұмыс жасады. Ендеше, келіңіздер, көріңіздер!» – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан.
Иә, жаңа қойылымға барып, жақсы әсер алайық, өнерсүйер қауым!
Тараз қаласы.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».