Наурыз – жалпыхалықтық ізгі мереке

101

Облыс әкімі К.Н.Көкірекбаевтың Наурыз мейрамымен құттықтауы

Құрметті жамбылдықтар!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – жыл басы, жер бетіндегі тіршіліктің оянуы, рухани жаңғыру мен жаңарудың күні.
Бұл – барша жұрттың көктем шуағымен бірге шаттанып, табиғатпен бірге түлеп, өсіп-өркендеуге үндейтін ұлағатты мереке.
Жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз адамзат тарихымен бірге жасап келеді. Сондықтан, Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен діліне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке.
Елдің ынтымағы мен жердің берекесі бәрінен қымбат. Наурыз – осынау береке мен тірлікті, жақсылық пен ізгілікті, қайырымдылық пен имандылықты уағыздайтын мейрам.
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы ел азаматтарының өмір сапасы мен әлеуметтік деңгейін жақсартуға айрықша басымдық беріп отыр. Алға қойылып отырған міндет асқаралы – Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.
Елбасының жүргізген саясатының нәтижесінде еліміз бүгінде іргесі бекем, әлеуеті зор мемлекет ретінде қалыптасты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсарып келеді. Әлеуметтік салаға көбірек көңіл бөлініп, жаңа еңселі ғимараттар халықтың игілігіне беріліп жатыр.
Жыл басын жамбылдықтар үлкен табыстармен, ынтымақ-берекемен, ақжарқын көңіл-күймен қарсы алып отыр. Сіздердің тәуелсіз еліміздің игілігі үшін атқарып жүрген еңбектеріңізге зор табыс тілеймін.
Әз Наурыз баршаңыздың шаңырағыңызға шаттық пен қуаныш, ырыс пен ынтымақ, құт-береке әкелсін.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support