Әлеумет

Наурыз – жалпыхалықтық ізгі мереке

Наурыз – жалпыхалықтық ізгі мереке

Облыс әкімі К.Н.Көкірекбаевтың Наурыз мейрамымен құттықтауыҚұрметті жамбылдықтар!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – жыл басы, жер бетіндегі тіршіліктің оянуы, рухани жаңғыру мен жаңарудың күні. Бұл – барша жұрттың көктем шуағымен бірге шаттанып, табиғатпен бірге түлеп, өсіп-өркендеуге үндейтін ұлағатты мереке. Жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз адамзат тарихымен бірге жасап келеді. Сондықтан, Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен діліне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Елдің ынтымағы мен жердің берекесі бәрінен қымбат. Наурыз – осынау береке мен тірлікті, жақсылық пен ізгілікті, қайырымдылық пен имандылықты уағыздайтын мейрам. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы ел азаматтарының өмір сапасы мен әлеуметтік деңгейін жақсартуға айрықша басымдық беріп отыр. Алға қойылып отырған міндет асқаралы – Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс. Елбасының жүргізген саясатының нәтижесінде еліміз бүгінде іргесі бекем, әлеуеті зор мемлекет ретінде қалыптасты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсарып келеді. Әлеуметтік салаға көбірек көңіл бөлініп, жаңа еңселі ғимараттар халықтың игілігіне беріліп жатыр. Жыл басын жамбылдықтар үлкен табыстармен, ынтымақ-берекемен, ақжарқын көңіл-күймен қарсы алып отыр. Сіздердің тәуелсіз еліміздің игілігі үшін атқарып жүрген еңбектеріңізге зор табыс тілеймін. Әз Наурыз баршаңыздың шаңырағыңызға шаттық пен қуаныш, ырыс пен ынтымақ, құт-береке әкелсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!