Ырыс алды – ынтымақ
Ырыс алды – ынтымақ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың басымдығы бар салаларын қарастырды. Қазақстан мен Ресей Президенттері, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимылдың қазіргі аухалы мен екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі даму жайын талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. – Алда алуан түрлі оқиғалар тұр, соның ең бастысы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Сонымен қатар, біздің еліміз ТМД-ға төрағалық етеді, соған байланысты Астанада Достастық мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетін болады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жоспарланған. Жалпы, екіжақты іс-қимылдың көптеген мәселелері тиісінше шешілуде, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті үш мемлекет басшысының кездесуі өңірде және әлемде болып жатқан оқиғалар жөнінде пікір алмасуға, сондай-ақ, жаһандық экономикадағы дағдарыс көріністеріне қарсы тұру шараларын пысықтауға мүмкіндік беретінін айтты. Владимир Путин үш жақты кездесу өткізу туралы бастамасы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. – Біз үшін жақын серіктес және одақтастың бірі болып саналатын Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келемін. Әлемдік экономикадағы ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Сіздің тікелей қатысуыңызбен құрылып жатқан экономика мен әлеуметтік сала жұмысының негіздері қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, біз мұны бұдан бұрынғы жылдардағыдай бірлесіп атқарсақ, бүгінгі қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шыға аламыз, – деді Ресей Президенті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі өтті. Мемлекеттер басшылары өзара сауданы және үш елдің экономикалық өзара ықпалдастығын арттыру мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, президенттер әлемдік экономикадағы үрдістердің дамуын, сондай-ақ, Украинадағы жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс көріністері тұрғысынан әлемдегі қазіргі ахуалды талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. – 2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, ал қазіргісі өңірлік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының төмендеуінен туындады. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз – бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңнен сәтімен өтіп шығу, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, өзге елдерге де әсерін тигізіп отырған Украина дағдарысына қатысты пікір алмасу қажеттігіне тоқталды. Қазақстан Президенті бағыт-бағдарды өзара үйлестіріп, перспективалы мәселелерді талқылап отыру үшін жиі және тұрақты кездесулер өткізудің маңыздылығына назар аударды. Беларусь және Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанаға шақырып, көзделген мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді. * * * Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы Президенттері кездесуінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг өтті. Қазақстан Президенті үш ел экономикасының биылғы дамуы бұдан арғы ықпалдастықтың мәселелерін егжей-тегжейлі қарастыруды және туындайтын мәселелерді шешуді қажет ететінін атап өтті. Экономикаларымыздағы дағдарыс құбылыстарын еңсеру жөніндегі іс-қимылдардың бірлескен жоспарын әзірлеу маңызды. Бүгінгі кездесу нақ осы тақырыпқа арналды. Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Үкіметтерімізге өзара сауда өсімін қайта жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдық, – деді Мемлекет басшысы. Ресей Президенті мемлекеттер басшылары өзара қарым-қатынастардың жиынтығын талқылағанын айтты. – Біздің елдерімізді сауда және инвестициялық тығыз байланыстар біріктіреді. «Үштіктің» ІЖӨ жиынтық көлемі ТМД-ның жалпы өнімінің 85 пайызын құрайды. Біз орасан өндірістік және ғылыми әлеуеті бар ірі нарық қалыптастырудамыз. Ресей Қазақстан мен Беларусьтің сыртқы саудасында бірінші орын алады. Өткен жыл қорытындысы бойынша Ресейдің осы екі елмен тауар айналымы 60 миллиард долларды құрады. Ал Беларусь пен Қазақстан Ресей Федерациясының сауда теңгерімінде үшінші орынды иеленіп отыр, – деді В.Путин. А.Лукашенко кездесу барысында үш елдің өзара ықпалдастық бағыты, сондай-ақ, орнықты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында сауда, ақша-несие және басқа салаларда қабылдануы қажет шаралар талқыланғанын айтты. – Бұдан арғы іс-қимылдардың барлық бағыттары бойынша ұстанымдардың сәйкес келуі біздің кездесуіміздің қорытындысы болды. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты әлемдік конъюнктураның жаңа жағдайлары мен елдеріміздің экономикаларындағы қазіргі ахуалды ескере отырып дамыту үшін қосымша шарттар қалыптастыру жөнінде нақты қадамдарды белгіледік, – деді Беларусь Президенті. * * * Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Назарбаев Орталығында болды. Мемлекет басшылары мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» интерактивті ағартушылық орталығының жұмысымен танысты. Астана қаласының мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үш елдің көшбасшыларына Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Болашақ» халықаралық стипендиясы сияқты бірегей жобалар туралы, сондай-ақ республиканың стратегиялық даму бағдарламалары жөнінде айтып берді. Сонымен қатар, Владимир Путин мен Александр Лукашенкоға екі бөліктен тұратын электрондық кітапхана таныстырылып, оқырман билеттері табыс етілді. Ынтымақтастық нығая бермек Елбасы елімізге жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының негізгі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті екі жақты ынтымақтастық аясында елдеріміз қол жеткізген барлық уағдаластықтар табысты орындалып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы екі елдің көптеген бірлескен кәсіпорындары жұмыс жүргізіп жатқанына назар аудара келіп, бұл істің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Беларусь Президентінің Украина дағдарысын реттеу ісіндегі үлесіне тоқталып өтті. А.Лукашенко өз кезегінде екі жақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылды бұдан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.