Әлеумет

Ізгілік пен жақсылықтың мейрамы

Ізгілік пен жақсылықтың мейрамы

Құрметті облыс тұрғындары!

Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттады. Жаңа күн төңірекке нұр-шапағатын төгеді. Жер бетіне жақсылық ұялаған күнді қарсы алудамыз. Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын адам баласының да жан дүниесі жаңғыра түседі. Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарханын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Халқымыздың осындай игі дәстүрлерімен қуаттанған, экономикалық қуаты мен мәдени-әлеуметтік жағдайы жыл сайын артып келе жатқан облысымызды мекендейтін жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Бәріңізді көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен өз атымнан және облыстық мәслихат депутаттары атынан шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Қой жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов.