Жалпақтөбеліктер ел ертеңіне бейжай қарамайды
Жалпақтөбеліктер ел ертеңіне бейжай қарамайды
Жалпақтөбе ауылында «Вынхуа» этномәдени орталығының көшпелі концерті өтті. Алдағы ел тарихындағы елеулі саяси науқанға баршаны қатысуға шақыруға бағытталған шара Полатқосшы ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойының мән-маңызын аша түскен концерт барысында сөз алған «Вынхуа» ассоциациясының аудандағы өкілі Идирис Юнусов жергілікті дүнген халқы атынан орамды ойларымен бөлісті. – Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі әрбір этносты бірлікке жұмылдырып келеді. Сондықтан, біз де бейбітшілік орнаған елімізде өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезінуге тырысамыз әрі Отанымыздың өркендеуіне еңбек етуде аянбаймыз. Алдағы Президент сайлауы да әрбір қазақстандық үшін маңызды оқиға болмақ. Сол себепті, оған бейжай қарамай, мұқият та жауапты түрде атсалысуымыз қажет, – деді И.Юнусов. Бұдан кейін өз пікірін ортаға салған В.Чкалов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Роза Арипова жергілікті түрлі ұлттардың татулығы турасында сөз өрбітті. Сондай-ақ, көшпелі концерт аясында өнерлі Паншаевтар әннен шашу шашса, Адил Камилов дүнген тілінде ән шырқап, көптің көңілін марқайтты.
Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».