Әлеумет

Тірлігіміз жарасып, бірлігіміз арта берсін!

Тірлігіміз жарасып, бірлігіміз арта берсін!

Дәуір доңғалағы шатқаяқтап, алағай-бұлағай күй кешіп тұрған кезеңде Мойынқұмның сайын даласына қоныс аудардым. Бізді құшағын кең жая қарсы алған бауырмал қазақ елінің мейірбандығына дән ризамын. Жүздерінен мейірім нұры себезгілеп, жүрегінен жылуын, шуағын қатар бөлген қазақ ағайындар бізбен барын бөлісті. Адамзат атаулының бәрін бауырына басты. Осындай кең пейілді елде тұрып, олармен етене араласып кеткеніме қуанамын.

Ата-бабаларымыз тұрақтағаннан бері әрбір күніміз мерекеге бергісіз. Жақсылығын көріп, қиыншылығына сабыр етіп келеміз. Ұрпақтарымыздың жарқын күлкісі үшін, кедергісіз келешегі үшін, ешкімді алаламайтын қоғамға қалтқысыз еңбек ету – парызымыз. Өзім ұстаздық қызмет ететін мектеп ауданымыздағы кіші татулықты ту еткен ұжым іспеттес. Терең түсіністік пен ортақ мүдде жолында тіршілік етеміз. Алуан ұлт пен ұлыстың мұрагерлері бір тудың астына біріккенбіз. Жаһанның қай нүктесін алып қарасақ та Қазақстан Республикасы сияқты бірлігі жарасқан, ынтымағы берік, ымырасыз тірлік кешіп жатқан елдер аз. Бұл – біз үшін мақтаныш. Бірлігі бекем жұрттың, мерекесі таусылмайды. Оны елімізге қарата айтып отырмын. Көктем лебімен жеткен Наурыз мерекесі – жай ғана салтанат емес, достықты айғақтайтын, түрлі этнос өкілдерін жақындастыра түсетін мейрам. Әсіресе, наурыз көже – мейірімге тойдыратын дәм. Оны даярлаудан біз де шет қалмаймыз. Қонақ шақырып, қонаққа барамыз. Дәмнен ауыз тиеміз. «Самарқанның көк тасы еритін шақ» жақындағанда мектеп ішінде мерекелік көңіл-күй орнап, думанды сәт туындайды. Ұжымдастармен емен-жарқын сыйласып, мәре-сәре күй кешеміз. Біртұтас еліміздің білім беру саласындағы өкілі ретінде, келген көктем қуаныштармен көмкеріліп, бейбітшілікпен боялсын деген лебіз айтқым келеді. Шаңырағымыз шайқалмасын, қызығымыз ортаймасын.

Надежда Сапаниди, Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, грек ұлтының өкілі.

Мойынқұм ауданы.