Экономика

«Меркі ет»

«Меркі ет»

мың тоннадан астам ет экспорттайды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында ауыл шаруашылығы қызметкерлері алдына саланы әртараптандыру міндетін қойып келеді. Мұның өзі – шығынды шаруалардан бас тарту, озық технологияны кеңінен енгізу, өңдеу өнеркәсібін өркендету және нарықта өтімтал тауар өндіру деген сөз. Бүгінде еліміз үшін ірі қара малын көптеп өсіріп, оны экспорттау тиімді де табысты. Сондықтан да Елбасы алдағы жылдарда Ресейге жылына 60 мың тонна ірі қара етін өткеруге тапсырма бергені белгілі. Оның ішінде облысымыздың үлесі 2600 тоннаны құрайды. Кейінгі кезде бұл бағытта еліміз, оның ішінде облысымызда елеулі игілікті шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ірі бордақылау алаңдары құрылып, мал сою орындары көптеп салынуда. Солардың бірі – Меркі ауданындағы «Меркі ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тараздағы ірі ет комбинаты өтпелі кезеңдегі экономикалық қиындықтарға байланысты іргетасына дейін қалмай жойылып кеткен болатын. Ал марқұм, сол кезде басшылық қызмет атқарған Елубай Егембердиев Меркі ауданындағы Меркі ауылының қасындағы ет комбинатын сақтап қалды. Ел экономикасы еңсесін тіктеген кезде оны қайта жарақтандырып, жаңа қондырғылар орнатты. 2007 жылы кәсіпорында шұжық және бұқтырылған ет өңдейтін жабдықтар іске қосылды. 2008 жылы халықаралық «Халал» сапа сертификатына ие болды. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, тәулігіне 10 тонна ет өңдейді. Сондай-ақ, бір тәулікте 3 мың дана құты бұқтырылған ет және 2 тонна шұжық шығара алады. – Бізге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. «КазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы 7 жыл мерзімге 4 пайыздық жылдық өсіммен 119 миллион теңге несие берді. Ірі қараны бордақылап, өткергеніміз үшін 2013 жылы қомақты субсидия алдық, – дейді «Меркі ет» ЖШС зоотехнигі Нұрмахан Егембердиев. Қайта жарақтандырылған кәсіпорында күнделікті бір мезгілде 60 тонна ет тоңазытылады. Толық қуатында жұмыс істегенде күнделікті 100 бас ірі қара және 800 уақ малды сояды. Әйтсе де, осында аудан және облыс аумағынан малдың аз әкелінуінен өндіріс ырғақты әрі тұрақты жұмыс істей алмай келеді. Сондықтан да серіктестік басшылары тұйықтан шығу үшін «Олжа» шаруа қожалығын құрып, онда 1,5 мың бас ірі қара бордақылауды қолға алған болатын. Семірту үшін 1,5 жасар өгізшелер еліміздің солтүстік аймақтарынан жеткізіледі. Осында үш ай семіртілгеннен кейін олар комбинатта сойылып, арнайы сертификатымен Алматыға жөнелтіледі. Сара Егембердиева жетекшілік ететін қожалық 2012 жылы – 1784, 2013 жылы – 2773 және 2014 жылы 2399 бас мүйізді ірі қараны бордақылап, оларды ет комбинатында сойып, келісім-шарт бойынша тиісті жерлерге өткерген. Қазір мұнда 1,5 мың бас мал бордақылануда. Қол жұмыстарының барлығы автоматтандырылған. Күнделікті олардың әрқайсысына 5 килограмнан тартылған жем және осы мөлшерде пішен беріледі. Олардың күтімімен 22 адам айналысуда. «Меркі ет» ЖШС директоры Берік Егембердиев комбинатты толық қуатында жұмыс істету үшін өткен жылы тағы да Меркі ауылының жанынан 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салуда. Бұл облыстағы ең ірі алаң болып табылады. Қазір оның құрылысы аяқталып келеді. Ол іске қосылған кезде жаңадан 50 адамға жұмыс орны ашылады. Өндіріп, өткерген етінің санатына қарай мемлекеттен субсидия алатын болады. Берік осы іс-әрекеті арқылы мал бордақылаудың тиімді әрі табысты екенін іс жүзінде дәлелдемек. – Келешекте «Олжа» шаруа қожалығында бір мезгілде 4,5 мың бас өгізше семіртіледі. Олардан жылына 1 мың тоннадан астам ет әзірленеді. Біз оларды Ресейге экспорттайтын боламыз. Демек, облысқа берілген тапсырманың үштен бірінен астамын біздің кәсіпорын өткереді, – дейді «Меркі ет» ЖШС директоры Берік Егембердиев.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.