«Көделі» көктеуіне де көктем келді
«Көделі» көктеуіне де көктем келді
Мұнда 32 шаруашылықтың шопандары даланы думанға бөлеп жүрген сыңайлы. Төскей төлге толуда. Біздің алғаш тоқтаған тұсымыз Серік Бейсебаев басшылық ететін «Атамекен» шаруа қожалығы. Үйір-үйір жылқы да, ірі, орта, кіші сақпан болып бөлек-бөлек жайылған, соңына қозы ерткен саулық та осында. Жазық даланың биіктеу тұсына тұрғызылған шопан үйі, қора-қопсысы алыстан менмұндалайды. Келген шаруамызды айтқызбай-ақ ұққан шаруашылық жетекшісі Серік Бейсебаев: – Малшы қауымының әр күні қарбаласқа толы. Саулықтар 15 наурыздан жаппай төлдей бастады. Бүгінгі күнге 57 бас саулығымыз төлдеді. Оның он бір басы егіз туды. Бағымымызда 1150 бас қой бар. Оның 900 басы саулық. Негізінен біз қазақы қой өсірумен айналысамыз. Субсидия алып, ісімізді алға жылжыттық. Жасырары жоқ, алғаш қой өсіруді 100 бас саулық сатып алудан бастадық. Көріп тұрсыз, Құдайға шүкір. Иелігімде 66 бас жылқы бар, оның 42 басы бие. Осы жылқыларымның тең жартысын сатып, қой басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Әрине, ол алдағы уақыттың еншісінде, – деді төңірекке көз тастап. Атырап құлынын ерткен биелер, қозысын емізіп тұрған қойлармен жарасып тұрды. Жарасқаны сол, осы тірлікті жарастырып тұрған қой фермасының меңгерушісі Дархан Қазанғапов, шопандар Ақзат Қалыбай, Мұрат Хасжанұлына және шопан көмекшісі Асылхан Тұрдығұловтың еңбегіне риза болып кері қайттық.
Дүйсенбек Орманов, журналист.
Жамбыл ауданы.