Әлеумет

Наурызбен келген әр жылдың сырын біле жүрейік

Наурызбен келген әр жылдың сырын біле жүрейік

Шығыстың жеті шайырының бірі, шоқтығы биік Омар Һайямның, мың жылдан бері жасап келе жатса да, қазақ оқырманына беймәлім «Наурызнама» атты трактатын оқып шыққанымда біраз мәліметке қанықтым. Ең бастысы, бұл кітаптан өзіміз жыл сайын тойлап жүрген Наурыз мерекесіне қатысты көптеген тың деректерге, әсіресе, наурыздың шығу тарихы, тойлануы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, аңыздармен таныстым. Омар Һайям бұл еңбегінде наурызға байланысты деректерді жазып қана қоймай, әрі жұлдызшы ретінде де біраз мәліметті алға тартады.«Наурызнама» – күнтізбесінің тарихын баяндайды. Сол тізбе бойынша патшалардың Наурыз күнін қалай белгілегенін және мейрамды қай мезгілде өткізгенін анық байқауға болады.Енді Наурыздың келуіне орай қай жылы қандай оқиғалардың болатынына назар аударып көрелік. Тышқан жылы кірсе

, бұл жылдың қысы жұмсақ, бірақ жазда жаңбыр көп жауады, шаруаға жайлы болғандықтан мал да, жан да жердің несібіне, нәпақасына кенеледі. Шығыста жақсылық, батыста біраз қолайсыз оқиғалар болады. Саудагерлердің айдарынан жел еседі. Мұның есесіне ұры-қарылар олардың өміріне қауіп төндіреді. Бағзы жерлерде өлім-жітім көбейеді, жыл аяғында қауіп-қатер басылмайды. Астық тез жиналмаса, шығынға ұшырайды. Жылдың басында дүниеге келген перзент зерек, келбетті, ақкөңіл, кеңпейіл және дәулетті болып өсіп жетіледі. Ал жыл ортасында дүниеге келген бала, керісінше айлакер, қу әрі қызғаншақ келеді. Жылдың соңғы жағын ала келген бала болса көбіне өтірікпен, айлакерлікпен аты шығады. Сиыр жылы кірсе, бағзы өлкелерде ауру-сырқау бел алады. Қыс құбылмалы, әрі қысқа болып, жеміс-жидектерге зиян шектіреді. Қайсыбір елдерде қиянат-қылмыс­тар көбейіп, осының салдарынан патшаларда әбігершілік аз болмайды. Оның есесіне, жыл аяғы арзаншылыққа ауысып, тыныштық орнайды. Жылдың бастапқы тұсында дүниеге келген бала әрі зерек, әрі діндар, сергек, байқампаз болады. Жыл ортасында туылған бала жағымды да жұғымды, жайдары келеді. Ал жыл аяғында өмірге келген бала қамкөңіл, уайымшыл, күдік-күмәншіл болады. Барыс жылы кірсе, патшалар мен мемлекеттер арасында айтыс-тартыс пен қиянат-қылмыс көп болады. Әсіресе, Шығыс елдерінің арасында қақтығыстар бел алады. Жан-жануарлар көптеп шығынға ұшырайды. Таулы жерлерде жыртқыш аңдар көбейіп, суға кемелер көп батады. Бұл жылы жеміс-жидек аз болғанымен, жыл аяғы жақсарады. Жыл басында туған бала батыр, жаужүрек, айбынды, әрі келбетті келеді. Дәулет те, сәулет те соның еншісінде. Жыл ортасында дүниеге келген бала кейін ақжарқындығымен, көпшілдігімен көзге түседі. Жыл аяғында өмірге келген бала көбіне жалқау, қорқақ, рахымсыз, пейілсіз болады. Қоян жылы кірсе, бұл жыл жиын-теріннің, жеміс-жидектің молдығымен есте қалады. Қысы құрғақ өтеді, жазда жел тұрып, зілзала болады. Бағзы бір өлкелерде өлім-жітім көбейіп, әсіресе жыртқыш аңдар көп шығынға ұшырайды. Жыл басында туған бала жеңілтек, сасқалақ келеді. Бірақ, малсақтығымен көзге түсіп, байиды. Опашыл әрі кеңпейіл болады. Жыл ортасында дүниеге келген бала ақкөңіл, ақжарқын келеді. Ал жыл аяғында дүниеге келген бала болса мылжың, опасыздығымен аты шығады. Балық жылы (парсыша балық дейді кітапта. Біздіңше ұлу) кірсе, бұл жылы қылмыс-қиянат көп болады. Жұртшылық арасын жамандық кеулейді. Жан-жануарлар көбірек шығынға ұшырайды. Қысы ұзаққа созылып, патшалар арасында ұрыс-керіс көп болады. Әсіресе, Шығыс жақта. Таулы жерлер мен оның баурайларында сүтқоректілер көбейіп, дарияларда кеме опаты жиі болады. Жеміс-жидек азаяды. Жылдың басында туған бала келбетті-кескінді, күш-қуатты келгенімен, жан-дүниесі лас болып келеді. Жылдың ортасында дүние жарығын көрген бала таза, мейірлі болып келеді. Ал жыл соңында туған бала ұятсыз, арсыз болады. Жылан жылы кірсе, құрғақшылық, қысы қатты болып, жеміс ағаштары мен жүзімдіктерді суық ұрады. Астық та қымбаттамайды. Ұрыс-керіс пен келіспеушілік халық арасында көбірек орын алады. Далада жыландар көбейеді. Жыл басында туған бала ақылды, парасатты, алды-артын ойлаушы, әрі ақкөңіл, ақжарқын, жайдары болады. Жыл ортасында дүниеге келген бала құлықсыз, пейілсіз, ал жыл аяғында туған бала өзгешелеу болады. Жылқы жылы кірсе, патшалар арасында ұрыс-керіс, қантөгіс көп болады. Қысы мен жазы орташа болып, астық пен азық-ауқат жетерліктей жиналады. Бірақ жан-жануарлар арасында өлім-жітім көбейеді. Қыс аяғы созылып, кемелер емін-еркін жүзеді. Қой жылы кірсе, қыс қатты әрі ұзаққа созылып, кемелер суда жиі-жиі апатқа ұшырайды. Ел-жұрттың арасында алауыздық бел алады. Патшалар арасында ұрыс-керіс көбейгенімен, өзара келісімге, түсіністікке қол жеткізеді. Адамдар арасында ықылас-мейір артады. Жылдың басында туғандар сенімді, азар-безерсіз, мейір-шапағатты әрі дәулетті болады. Жылдың ортасында туғандар шапағат-шапқатсыз, мейірсіз келеді. Жыл аяғында өмірге келгендер қайсарлығымен, қайтпас мінезімен көзге түседі. Мешін жылы кірсе, адамдар арасында қулық-сұмдық пен ұрлық-қарлық көбейеді. Қайсыбір адамдар осыдан зиян шегеді. Түйе мен жылқы малы арасында шығын аз болады. Қыс қысқа болғанымен, едәуір суық келеді. Ел басшылары мен биліктің басы-қасындағыларда мейірім-шапағат аз болады. Осыдан да адамдар жәбір-жапа шегеді. Жылдың басында туғандар әлжуаз, бірақ жайдары, ақкөңіл келеді. Жыл ортасында  туғандар кінәмшіл, кекшіл, қызғаншақ әрі дәулетті болады. Жыл соңында туғандар опасыз, жеңілтек, сараңдығымен аты шығады. Тауық жылы кірсе, адамдар арасында ауру-сырқау көбірек болады. Есесіне егіннің шығымы жақсарып, адамдар арасында мейір-шапағат молаяды. Әйелдер перзентті болып, көбіне қыз туады. Қыс аяғы созылғанымен, аязсыз, ызғарсыз келеді. Патшалар арасында ұрыс-керістен гөрі ынтымақ-бірлік көбейіп, әр істі әділет жеңеді. Судағы кемелер апат-опаттан аман болады. Саудагерлердің хал-жағдайы жақсарады. Жылдың басында туғандар кішіпейіл, жайдары, зерек. Жыл ортасында туғандар мазасыз, құлықсыз, ал жыл аяғында дүниеге келгендер жомарт, сері, меймандос, мейір-шапағатты келеді. Ит жылы кірсе, киім-бұйым, әрқалай заттар қымбаттайды. Қыс аяғы ұзарып, аяз күшейеді. Бағзы жерлерде жұқпалы аурулар тарайды. Патшалар арасында ұрыс-керіс, жанжалдар көбейіп, залымдар мен қарақшы-қанішерлер емін-еркін қимылдайды. Жылдың басында туғандар жымысқы, құлықсыз, өсекшіл келеді. Ашкөздік пен арам ниет те осылардың еншісінде. Жылдың ортасында туғандар әрі зерек, әрі дана, жаужүректігімен аты шығады. Ал жыл ақырында дүниеге келгендер қанағатшыл, батыл әрі жомарт болады. Доңыз жылы кірсе, ауру-сырқау, әсіресе атақтылар мен ұлы адамдар арасында көбірек тарайды. Патшалар арасында өзара түсініспеушілік пен ұрыс-керіс, қырғи-қабақ жайттар белең алады. Астық, азық-түлік қымбаттап, адамдар арасында көшіп-қонушылар, қауіп-қатерлер күшейеді. Ұры-қарылар мен қанішер-қарақшылар, залымдардың зұлматтығы артады. Қыс ерте басталып, кеш аяқталады. Төрт түліктің ішінен қой малы ерекше шығынға ұшырайды. Жылдың басында туғандар менмен, тәкаппар, ал жыл ортасында дүниеге келгендер өтірікшіл, өсекшілдігімен аты шығады. Жыл аяғында туғандарға келсек, тынымсыз, мазасыз, ашкөз, тойымсыз, дүниеқор әрі саяхатшыл әдетімен ерекшеленеді.

Дайындаған Қанат Тілепберген, «Ақ жол».