Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған Шыңғыс
Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған Шыңғыс
«Баласағұн» орталық концерт залы... Баяу, сызылтып басталған ән қайырмасына жеткенде өзгеше екпін алған. Балғын өнерпаз соңғы иірімінде жоғары нотаны мейлінше созыңқырап айтып барып, әнді кілт үзді. Тым-тырыс отырған көпшілік кенет дүр сілкінген. Ұзағырақ қол соғып, қошемет көрсетті. Сірә, тыңдарманға таныс туындыны өзіндік мәнермен шырқауға тырысқан баланың батылдығына, өнеріне риза болса керек... Бұл оқиға, ұмытпасам, үш жыл бұрын болған. Атаулы кәсіби мерекелердің бірінде Шыңғыс Серікбай ән шырқап, өнер көрсетті. Кейінірек тараздық жас таланттың облыстық дарынды ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатына оқуға қабылданғанын естідік. Естідік те, «Шыңғыстың ән әлеміне саяхаты осымен аяқталды-ау шамасы» дестік іштей. Бұлай тұжырым жасауымыздың түпкі себебі аталмыш білім ордасында жаратылыстану бағыты тереңдетіліп оқытылатындығында жатқан еді. Интернат шәкірттері жыл сайын республикалық пән олимпиадаларын былай қойғанда, халықаралық, дүниежүзілік білім додаларында жүлдені «қоржынымен» жеңіп алатынын естіп-біліп жүрміз. Сондықтан, бізде «осындай мықты физиктер мен химиктерді, математиктерді тәрбиелейтін бәсекелі ортада әнге уақыт қайдан табылсын?» деген ой болды. Сөйтсек, қателесіппіз. Оқыту үрдісінде алдымен, тәрбиеге баса мән беретін мектепте балаларды өнерге баулу ісіне де көп көңіл бөлінеді екен. Қазақ-түрік мектеп интернатында оқып жүріп-ақ, Шыңғыс ән шырқап, түрлі байқауларда топ жарып жүр. Былтыр Алматы қаласында өткен жарыста күміс жүлдегер атанып, Түркияда өткен «Dil ve Kultur Festivali» атты фестивальға қатысқан болатын. Содан болар, мектеп басшылары Шыңғысқа биыл да сенім артқан екен. Алматыдан алтын медальмен оралған жас өнерпаз Филиппиннің Манила қаласында ұйымдастырылған халықаралық шараға барып, қазақтың тілі мен дәстүрін дәріптеуге мүмкіндік алыпты. «Алғашында бұл шараның атауы басқаша болатын. Алдымен, әрбір мемлекетте көп тілді меңгеру деңгейін анықтайтын жарыс өткізіледі. Оны бастапқыда тіл олимпиадасы деп те атап жүрді. Кейін өзгерді. Қазақшалағанда тіл және мәдениет фестивалі деп аталады. Шыңғыс шәкіртіміз осы фестивальға қатысып, қазақтың дәстүрін таныстырды. Қазақ тілінде ән шырқады», – дейді директордың орынбасары Туран Оскай. Иә, сөйтіп, Филиппин аралында қазақ баласы өз ұлтының құндылықтарын ұлықтады. Ата дәстүрін дәріптеп, ана тілінде ән салған Шыңғысқа шетел азаматтары қошемет көрсетіпті. Қандай мәртебе! Неткен қуаныш! Көрсетеріміз де бар, көрсететін ұрпақ та өсіп келеді. Дәстүр сабақтастығын жалғастыратын жастардың барына шүкір!
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».