Спорт және туризм

"Астана Арландары" Әзірбайжан клубына әлімжеттік жасады

"Астана Арландары" Әзірбайжан клубына әлімжеттік жасады

WSB жобасының оныншы турында "Астана Арландары" "Azerbaijan Baku Fires" клубын қабылдап, үстемдік танытты, деп жазады "Алаш айнасы".

Шымкент шаршы алаңында өткен бұл кездесу 4:1 есебімен аяқталды. Негізі, 5:0 болуы керек сияқты еді... Әйтеуір бізге солай көрінді. 52 келі салмақ дәрежесіндегі Олжас Сәттібаев Әзірбайжаннан келген қарсыласынан деңгейі жоғары екендігін іс жүзінде дәлелдей білді. Қимыл-қозғалысы да жылдамырақ, соққылары да діттеген жеріне дөп тиіп отырды. 60 келідегі Зәкір Сафиуллин тәжірибесі мол Альберт Селимовпен кездесіп, басымдық танытқандай еді. Қарсыласын төпелеп, соққының астына алса да, төрешілер "Baku Fires" клубы боксшысының қолын көтерді... Қанағат Маралов алғашқы үш раунда басым түскенімен, соңғы екі раундта шаршап қалғандығы байқалды. Әйтсе де, алғашқы үш раундтағы басымдығы бұл жекпе-жекте жеңіске жетуіне жетті. Ауыр салмақтағы хорват қырандары бұл жолы да жарады. Екеуі де сенімді ақтады. Хрвое Сеп айқын басымдықпен жеңіске жетсе, Филипп Хргович бұл жолы да жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Бірақ қарсыласын сұлатып үлгермей, өзінің де айызы қанбай қалған сияқты. Себебі бірінші раундта-ақ Әзірбайжан клубының бапкерлері ортаға орамал лақтырып, өз боксшыларын Хрговичтің қуатты соққыларынан арашалап алды.

"Astana Arlans" – "Azerbaijan Baku Fires" – 4:1

52 келі:

Олжас Сәттібаев – Мурад Рабаданов – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

60 келі: Зәкір Сафиуллин – Альберт Селимов – 0:3 (47:48, 46:49, 47:48) 69 келі: Қанағат Маралов – Парвиз Багиров – 2:1 (46:49, 49:46, 48:47) 81 келі: Хрвое Сеп – Михаил Долголевец – 3:0 (50:44, 50:44, 50:44) +91 келі: Филипп Хргович – Гаджи Муртазалиев – TKO (R1, 2:30)

Автор: Нұрғазы Сасаев