Саясат

Елдестірмек елшіден

Елдестірмек елшіден

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы бірқатар елдердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Атап айтқанда, сенім грамоталарын Кувейттің Төтенше және Өкілетті Елшісі Тарек Абдулла әл-Фарадж, АҚШ Елшісі Джордж Альберт Крол, Пәкістан Елшісі Абдул Салик Хан, Болгария Елшісі Васил Петков, сондай-ақ, Сауд Арабиясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гурм бен Саид әл-Милхан тапсырды. «Баршаларыңызды дипломатиялық қызметтеріңіздің Астанада басталуымен құттықтаймын! Сіздерге өз мемлекеттеріңіз бен біздің ел арасындағы екі жақты қарым-қатынасты бұдан ары дамыту, ынтымақтастықты күшейту жүктелген. Осы орайда міндет абыроймен орындалатынына сенемін. Сіздердің жұмыстарыңыз әлемдегі күрделі кезеңге тап келді. Бұл біздің мемлекет үшін де өз салмағын салып отырғаны белгілі. Жаңа сын-қатерлер жағдайларында Қазақстан үшін ішкі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді сақтау және мемлекеттің дамуын одан әрі жүргізу өте қажет болып отыр»,– деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөнінде ұсыныс жасағанын, бұл ұсынысты бүкіл халық қолдағанын айтты. «Бұл оқиға еліміз үшін саяси кемелденудің, демократиялық құндылықтар мен заң үстемділігінің беріктігін көрсетеді. Қазақстан барынша ашық әрі әділ сайлау үдерісін қамтамасыз етуге ниетті»,-деді Н. Назарбаев.