Әлеумет

Төңірек түрленіп, айнала абаттанды

Төңірек түрленіп, айнала абаттанды

Міне, жылдағы дағды бойынша аудан жұртшылығы наурыз айында сенбілік жұмыстарын бастап кетті. Сірә, бұл көрініс өңірімізге көктемнің келгенін айғақтап тұрғандай әсер қалдыратыны даусыз. Өткен сенбі күні ауылдық округтердегі мекеме, ұйым мүшелері өз ауыл, аулаларын күл-қоқыстан тазартса, аудан орталығындағы мекемелер, яғни, аудан әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, мектеп және балабақша қызметкерлері «Аса-Тараз» автожолы бойынан қыс бойы қордаланған қоқысты шығарып, талдарды бұтап, ағаштар мен бағаналарды ақтап, 17 шақырым жолдың екі қапталын ретке келтірді. – Аудан әкімінің ағымдағы жылдың 24 ақпандағы №92 қаулысына сәйкес 1 наурыз – 1 маусым аралығы тазалық айлығы болып жариялануына сәйкес тазалық жұмыстарын үйлестіру және бақылау мақсатында барлық округтерде жауапты штаб мүшелері жасақталды. 2015 жылға аудандық бюджеттен елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге 19 миллион 100 мың теңге бөлінді. Ал абаттандыру және көгалдандыру шараларына 98 миллион 779 мың теңге қарастырылса, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аудан аумағындағы 24 ескерткішті жөндеуге және абаттандыруға 34 миллион 667 мың теңге бөлінді, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңіс Сариев. – Тазалық жұмыстары басталғалы «Аса-Тараз» автожолы бойында өткізіліп отырған бұл екінші сенбілік. Осы сенбілікке аудандағы 68 мекеменің қызметкерлері, яғни, 3 мыңнан астам адам қатысып, 17 автотехника жұмылдырылды.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.