Әлеумет

Қайтарымсыз гранттар берілуде

Қайтарымсыз гранттар берілуде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Жолдауында «Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ» деп ерекше атап көрсеткені белгілі. Еліміз аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. 2010 жылдан бері бағдарлама аясында республикалық бюджеттен облысымыздағы кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету үшін жалпы 10,4 миллиард теңге, оның ішінде 2014 жылы 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес көмек көрсетіледі. Осы мерзімде кәсіпкерлердің 374 жобасына 45,5 миллиард теңгенің қаржылай мемлекеттік қолдауы көрсетілген. 2013 жылдан бастап ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, әйелдерге және мүгедектерге бірегейлігімен және жаңалығымен ерекшеленетін жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде гранттар беріле бастады. Екі жыл ішінде 45 кәсіпкер өз өтініштерін конкурстық комиссияға ұсынып, оның ішінде аймақтық үйлестіру кеңесінде 15 кәсіпкердің жобалары мақұлданып, жалпы сомасы 44 миллион теңгені құрайтын грант берілді.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Тараз.