Екі қолға бір күрек табылады
Екі қолға бір күрек табылады
Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған және қазақстандықтардың еңбекпен қамтылуына көптеген мүмкіндіктер туғызып отыр. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің де басты мақсаты екі қолына бір күрек таппай жүргендердің мәселесі оң шешілуіне септесу болды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Райгүл Талқанбаеваның айтуынша, бұл жолы 36 жұмыс беруші мекеме барлығы 139 бос жұмыс орнын ұсынған. «Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының басым бағыты – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жұмыс берушілерге қажетті мамандар таңдауға, жұмыс іздеушілерді еңбекке орналасуға жағдай туғызу және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды, жоғары және арнайы орта оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту болып табылады. Өткен жылы 4000-ға жуық жұмыссыздар жұмыспен қамту бөліміне өтінішпен қайырылған болса, соның 2000-ның жұмысқа орналасуына ықпал етілген. Өткізіліп отырған осы жәрмеңкеге жұмыс іздеуші қала тұрғындары, қала мекемелері мен кәсіпорындарының өкілдері шақыртылып отыр. Егер жұмыс іздеушілердің мамандықтары жоқ болатын болса, қандай салаға бейімдігі бар, сол жағы қарастырылып, қысқа мерзімдік курстық оқуға жіберетін боламыз», – деп атап көрсетті ол. Жұмыс беруші тараптар сұраныстарына сай қойылатын басты талап – жоғары оқу орнын үздік бітіргендігі жөнінде дипломы бар, еңбек өтілі 3-5 жылдан кем емес және жоғары разрядты мамандар болуы тиіс екен. Алайда, «жұмыссыз» ретінде тіркелген азаматтардың біразы бұл талаптарға сай келмеді. Яғни, ұзақ уақыт жұмыс атқармаған немесе еңбек өтілі жоқ жас мамандар. Сондықтан кадрларды кәсіпорындардың сұраныстарына сәйкес даярлау және келісім-шарт негізінде әрі қарай жұмыспен қамтылуына жағдай жасау қажеттігі туындайды. Бұл ретте мамандарды даярлау кезінде кәсіпорындардың басшыларымен әріптестік қарым-қатынастар жасалуы керек, дейді сала мамандары. Жыл басынан бері бірінші рет өткізіліп отырған аталмыш жәрмеңкеге екі қолға бір күрек таппай жүрген 389 азамат келіп қатысып, олардың 78-і тұрақты, 5-еуі ақылы қоғамдық жұмыстарға, 47-cі «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарына жолдама алды.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».