Дихан сепкен алтын дән
Дихан сепкен алтын дән
Дәл қазір «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген аталы сөзді қаперге алып, егіс даласының көркін қыздыратын кез. Рас, былтыр көктем кеш туып, шаруаларды бір қинаса, жаз кезіндегі суару кезеңінде де трансшекаралық өзендер төңірегінде күрделі мәселелер туындаған еді. Дегенмен, былтырғы қуаңшылыққа қарамастан биыл да шаруалар Жер-анадан үмітті. Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі, «КазАгро» ұлттық басқару холдингі» және «Казагроинновация» акционерлік қоғамдары арасындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы жасалған Меморандумға сәйкес биыл облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 557,3 мың гектарды құрайды деп жоспарлануда. Бұл – өткен жылдың жоспарымен салыстырғанда 12,4 мың гектарға немесе 2,3 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл күздік бидай – 103,9 мың, жаздық масақты дәнді дақылдар – 120,4 мың, қант қызылшасы – 10,0 мың, майлы дақылдар – 88,5 мың, дәндік жүгері – 14,0 мың, көкөніс және бақша – 31,5 мың, картоп – 7,7 мың, көп жылдық шөп тұқымы 127,3 мың гектар алқапқа себілмек. Тағы бір айта кетерлігі, биыл қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша және мал азықтық дақылдардың көлемін арттыру көзделген. Сонымен қатар биылғы жылдың өнімі үшін егілетін ауыл шаруашылық дақылдарына өткен күзде 117 мың гектар сүдігер дайындалыпты. Жаздық дәнді дақылдардың тұқымы толық жеткілікті. Оның ішінде жаздық арпа 120,4 мың гектарға егілетін болса, қажетті тұқым көлемі 24,1 мың тоннаны құрайды. Қант қызылшасын орналастыруда қозғалыс бар. Себебі, облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес аудандарға қант қызылшасының көлемін 10,0 мың гектар жерге жеткізу қажет. Осы тапсырмаға сәйкес, облыс көлемінде қант қызылшасы дақылын отырғызуға тапсырма алған аудандар 3468 гектар жерге сүдігер жыртқан. Аудандардың берген мәліметіне сәйкес, тәтті түбірдің нақты егілетін көлемі 2647 гектар екендігі анықталып отыр. Жалпы, биылғы көктемде облыста 169518 гектар жер көтерілуі тиіс. Үстіміздегі жылғы 14 наурызға келіп түскен мәлімет бойынша әзірге оның 20607 гектары (12,2 пайызы) жыртылыпты. Ал өңделетін жерлер 282702 гектарға жопарланса, оның 22013 гектары (7,8 пайызы) нақты өңделіпті. Жоспардағы 120400 гектар орнына қазірге дейін 8006 гектар алқапқа масақты дақыл себілген. Бүгінгі күнге облыстағы қолда бар 5961 трактордың – 77,9, 1333 соқаның – 82, 1075 дән сепкіштің – 83, 6306 тырманың – 81, 515 культиватордың – 82 және 175 тұқым дәрілегіштің 83 пайызы көктемгі науқанға дайын. Сондай-ақ, биылғы қаңтар айында 7 дана трактор, 2 дана астық комбайны және 1 дана ауыл шаруашылық техникасы алынған. Одан бөлек, қант қызылшасын өндіруге қажетті 114 техника бар. Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша бюджеттен 819,5 миллион теңге қарастырылып, 25,4 мың тонна субсидияланған минералды тыңайтқыштар алу жоспарланған. Бүгінгі күнге Қордай ауданынан «Казфосфат» ЖШС-на 5770 тоннаға тапсырыс түсіп, 463 тоннаға келісім-шарт жасалыпты. Байзақ ауданынан 1604,5 тоннаға тапсырыс түскен. Қазір шаруашылықтар минералды тыңайтқыштар алып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облыс бойынша көктемгі егіс дала жұмыстарына қажетті 11 000 тонна кепілді дизель отыны бөлінген. Облысымызда бекітілген 4 оператор қазіргі уақытта жанар-жағармай бағасының төмендеуіне байланысты қосымша келісім-шарт жасасуда. Дегенмен, ақпан айы соңындағы ақпарат бойынша арзандатылған жанармайдың бағасы 1 литріне 78-81 теңге аралығында белгіленген. Былтырғы қуаңшылық егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын көптеп енгізуді талап етіп отыр. Енді жамбылдық дихандар аталған технологияны шамамен 9355,4 гектар алқапқа қолданбақ. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 87,6 пайызға артық.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».