Мәдениет

«Тірілер батыр боп оралды...»

«Тірілер батыр боп оралды...»

жас ақындар Ұлы Жеңісті жырға қосты

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған облыстық «Отан үшін от кешкендер» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру және жасөспірім мен келешек ұрпақтың жадында Жеңістің маңыздылығын жаңғырту мақсатын көксеген жыр аламаны өз үдесінен шықты. Облысымыздың әр аймағынан додаға түскен он жеті ақынның жүрекжарды жырларын тыңдауға келген қаладағы барлық жоғары оқу орындарының білімгерлері залға лық толды. 14 пен 29 жас аралығындағы үміткер жас ақындар екі кезең бойынша сынға түсті. Олар бірінші айналымда аталмыш тақырып аясындағы өрілген жыр-шумақтарын оқып берсе, екінші кезеңде өздерінің шығармашылық қабілеттерін айқындайтын еркін тақырыптағы өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. Бір қуантатыны, жыр бәйгесіне алыс аудандардан мектеп оқушыларының шығармасы көптеп түскендігі болды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей енді ғана өлең өлкесіне қадам басып келе жатқан олардың балаң көңілінің бейнесіндей шумақтар төрт аяғын тең басқан толыққанды дүние болмағанымен, араларында болашағынан үлкен үміт күттіретін балғын таланттардың барлығы көпті сүйсіндірді. Олардың ел көлемінде танылып үлгерген кейбір аға-әпкелерімен бірге додаға түскенінің өзі – үлкен нәтиже. Алғашқы айналымда жас ақындар Ұлы Жеңіс жолында жан қиған батырлардың өрлігін, қан майдандағы олардың ерліктерін, әкесіз қалған жетімдердің зарын, жарының сезімге толған хатының орнына қара қағазды құшақтап қалған жесірлердің жоқтауын жырға қосып, поэзияның әдемі ырғағымен суреттей білді. Айталық жас ақын Наурызбек Саршаевтың «Майдангер монологы» атты өлеңіндегі «Артымызда асыл мекен, ата қыр, Ата қырға жүргізе алмас жат әмір», Нұржан Манасұлының «Мадақ» атты өлеңіндегі «Аспанның астында айбарын асырып, Алшаңдап басады бұл – Алаш!», Нұржан Қадірәлінің «Тірілер батыр боп оралды, Өлгендер оралды Жеңіс боп» деген секілді әсерлі өлең жолдары залдағы тыңдармандардың жүрегін тебірентпей қоймады. Сондай-ақ, студент Арайлы Жақсылықтың «Өлшенбейді төрт жол тармақ жырыммен, Жетпіс жылғы бейбіт күннің бағасы» деген жолдары да расында осынау Ұлы Жеңістің бағасының асқақтығын, ешқандай өлшемге келмейтін зор ұғым екендігін сездіріп тұрғандай. Басқа да қатысушылардың шығармаларында осындай ойлы жолдар көптеп кездесті. Десек те, кейбір үміткерлер байқаудың шартын дұрыс түсінбегендіктен, тақырыптан ауытқып кетсе, өлең құрылымдарындағы әлсіздіктері байқалғандары да болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, өңірімізге белгілі ақын, айтыскер Есет Досалы бастаған қазылар алқасы шын таланттардың тамырын тап басуға тырысып бақты. Нәтижесінде жуалылық жас ақын Нұржан Манасұлы жеңімпаз атанып, бірінші орынға лайық деп табылса, жас ақын Наурызбек Саршаев екінші орын биігінен көрінді. Сондай-ақ, талай додаларда топ жарып жүрген Нұржан Қадірәлі мен ТарМПИ-дың студенті Айболат Қуандықұлы жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлдеге ілінбеген, өлең өрісі өзгелерден бөлек алты үміткерге ынталандыру сыйлығы берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы заттар, арнайы дипломдармен марапатталды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».