Шекарашы арулар
Шекарашы арулар
Бүгінде шекарашылардың сапында ер-азаматтармен бірге еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге сүбелі үлестерін қосып жүрген қыз-келіншектер өз міндеттері бойынша медицина қызметкері, қаржы маманы, байланысшы, санитар-нұсқаушы, бақылаушы лауазымдарын да абыроймен атқаруда. Солардың қатарында 2035-әскери бөлімінің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі офицері, прапорщик Айнұр Нұрлыбекқызы Жапбарова да 11 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ол – өз жұмысын ерекше ыждаһаттылықпен, сабырлықпен, тілге деген сүйіспеншілікпен, тиянақты, сауатты, уақтылы орындайтын жан. Оның қызметке деген құлшынысы әріптестеріне үлгі боларлықтай. Айнұрдың қызмет барысындағы ерекшелігі – тілге деген жанашырлығында. Бөлімдегі құжаттардың, мемлекеттік тілде сауатты орындалуы, бөлімдегі жеке құрамға мемлекеттік тілді оқытып үйрету Айнұр Нұрлыбекқызына жүктелген. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатты сөзді өзінің өмірлік ұстанымы еткен Айнұрдың мемлекеттік тілді дамытудағы алар шыңдары мен жеңістері алда. Шекара қызметіндегі өнегелі де тәжірибелі қызметі үшін жоғары әскери басшылық тарапынан алғыс хаттар, мақтау қағаздарымен және үшінші дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» медалімен марапатталған. Сонымен қатар әскери бөлімде ару қыздармен мемлекеттік шекараны күзетуде өзінің үлесін қосып жүрген келісім-шарт қызметінің кіші сержанты, құпия бөлімі бастығының көмекшісі Гүлбану Бекасылқызы Кенешбаева да бар. Оның әскери бөлімдегі тікелей қызметі – құжаттарды белгілі тәртіп бойынша сақтау және әскери бөлімге келген құжаттарды қабылдап алып, басшылық қойған тапсырмаларды дер кезінде орындау. Сондықтан әрбір құжатқа мұқият қарап, қаттап отырады. Құжаттармен жұмыс жүргізу аса жауапкершілік пен сауаттылықты талап ететін болғандықтан аса ұқыптылық керек. Гүлбану Бекасылқызы осы жауапты жұмыстың үдесінен шығып жүр. Жаны нәзік болса да жауапты міндетті атқарып келе жатқан біздің аруларымыз бірнеше рет басқарма басшылығының алғыстарына бөленіп, мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Шекарашы аруларымыздың еңбегіне табыс тілейміз.
Кәмила Абсиметова, бөлім қызметкері.