Жаңалықтар

Қажымұқанмен кездесу

Қажымұқанмен кездесу

1942 жылдың ақпан айы кешегі күндей әлі есімде. Ауылымыз­дағы көлік жүргізуші болып жұмыс жасайтын Нұрлан Нүсіпов ағамыз аудан орталығынан, әлемге аты әйгілі тұңғыш қазақ палуаны Қажымұқан атамызды ауылға алып келді. Бұл бір естен кетпес мереке болды.

Ол кісінің Шу ауданы, Көктөбе колхозында болғанын біреулер білер, біреулер білмес. Өз басым ауылымыздағы өзге де ойын балаларымен бірге Қажымұқан атамыздың төңірегінде екі күн болып, сарқытын ішіп, қолына су құйып, қуаныштан қалбалақтап жүгіріп жүрдік. Ол кісіні біздің үйге түсірді. Аңыз адамға сәлем береміз деген ақсақалдар, көреміз деген ауыл адамдары үйімізге ағылумен болды. Сол кездегі ауыл ақсақалдарының бірі Қожамжар деген кісі: «Палуанды мазаламаңдар, одан да ертең аталарыңмен күресуге дайындала беріңдер», – деп ауыл адамдарына қалжыңдап жігіттердің жүзіне барлап қарады. Осы сөзден кейін ауыл азаматтары шегіншектеп жол ашып берді. Анталаған адамдардың ішінен ертіп шығып, біздің үйге алып келді. Қазақ халқына сіңген салтымызбен анам Оңалхан босағада тұрып атамызға иіліп сәлем жасады. Анама батасын беріп, табалдырықтан аттай бере сәл бөгеліп қалды. Сөйтсек ол кездегі үйдің есігінің ені тар, биіктігі аласа еді. Атамыз есікке сыйыңқырамай, басын иіп, көлденеңдей ішімен, кейін бөксесін тартып барып үйге кірді. Кейін естідік, сол кездегі 72 жастағы палуанның салмағы 170 келінің төңірегінде, аяқ киімі 56-57 өлшемде екен. Кешінде ол кісі далаға бір шығарылғанда атам Қалиақпар «атаңның батасын аласың, аяқ киімін төсе» деді. Жүгіріп барып аяқ киімін алғанымда қалың қайыстан тігілген кебіс екен, күшке салып әрең дегенде алдына қойдым. Кейін білдім онысы, тана терісінен тігілген тік табан екен. Бірде оң аяғына, бірде сол аяғына ауыстырып жүреді-мыс. Екі иығы кең, (ертегіден оқығандай екі иығына екі кісі міңгескендей алып адам дәл осы шығар деп ойладым) кесектей тұлғасы, менің санымдай қос білегі, екі кісінің құшағы әрең жетер қарын-белі, арыстанның үніндей гүрілдеген үні өктем, ертегідегі батырлардың бейнесін көргендей болдым. Өзімен бірге жүрген үш адамы бүркіттің қасындағы қаршыға, қарғадай болып көрінеді. Тамақты екі аяғын созып жіберіп, жамбастай отырып ішіп, жеді. Үйде біраз тынығып отырғанда Досым деген ауылдың шаруашылық басшысы: «Қажеке, сыртта сіз ішкен ыдыстан ауыз тисек деп жастар айналшықтап жүр, бір тегеш айран алдыртып қойып едік, содан алдымен өзіңіз ішіп, ауыз тигізіп бата берсеңіз», – деді. Қажекең атамыз Досымға алара қарады да: «Алдырт ағарғаныңды», – деді. Досым ағаның бет әлпетінен палуан атадан именіп, жасқанып тұрғанын аңғару қиын емес еді. Басқаларға әкел деудің орнына өзі барып айранды көтеріп келді де, толтырып құйып берді. Қажымұқан айранды бір-екі ұрттап қайта құйып, тегешке төкті де қолындағы ыдыспен араластырып «апарыңдар оларға» деді. Атамыздан келген айраннан ауыз тиген балалар «өміріміздегі ішкен ең дәмді, тәтті сусынымыз осы болды-ау» дегендей бір-біріне жымыңдай қарап, ойнай кетті. Өзіміздің үй болғандықтан, төсектің үстіне шығып алып, палуан атаның әңгімелерін, ол кісіге қойылған сұрақтарға берілген жауабын тыңдап мен жатырмын. Кейін біздің «болской» деп жүрген төсегіміз польский деген сөз екенін білдім. Ал сыртта кейбір аналар, келіншектер атаның жүріп өткен жерінен ізінің топырағын алып, ұл-қыздарына тұмар жасап тағып бергендері болды. Атамыздың ізі түскен топырақтан балаларымызға дарын тарайды деп түсінді. Сонан бері Молдашбай деген кісінің Тұрғын деген баласы (мойнында тұмары бар) қарнына кірпіш қойып балғамен ұрып сындырып жүрді. Сол кеште жатарда ол кісіге жатуға орынды төсекке салып еді: «Мыналарыңа жатпаймын, сирағы жерге кіріп кетер, жерге жатамын» деп, төр алдына төсек салдырып жатты. Келесі күні ауыл тұрғындары клуб алдына жиналды. Алаңға төрт текемет төселіпті, текеметтің шетіне үлкендігі кебежедей үлкен қара тас, үстінде ұста дүкеніндегі төс, ұзын сапты балға және киіз үйдің аша басты бақандары жатты. Ауыл халқы түгел жиналыпты. Бір кезде хабарлаушы басында жұқа қара тақия, үстінде жеңіл шапан сияқты халат, аяғында байпақ секілді жұқа аяқ киімді атамызды бастап ертіп шығарып, төселген текеметтің ортасына тоқтады. Қажекең төсіне қолын қойып: «Амансыңдар ма, ағайындар!» – деді. Амандасып алған соң, палуан атамыз үстіндегі шекпенін шешіп қасындағы көмекшісіне берді. Тізесінен төмен қара дамбалшасын белге ширатылған жіп белбеумен байлап алыпты. Келідей басы, жуан қарынды денесі, жырым-жырым екі құлағы, жасы келгендіктен бе, иық, сан еттері, денесінің бұлшықтары босаңқы болбыраған болып көрінді. Бірақ ел алдында тұрып түрлі дене шынықтыру, ширатылу, тұрып-отыру қозғалыстарын біраз жасады. Сол кезде жаңағы біз көрген болбыраңқы дене еттері, жуан қарынның сырты да жұдыр бұлшықтарға айналып, ары-бері бұлтыңдай қозғалып шыға келді. Әсіресе, екі сан етінің қозғалысы ерекше. Көмекшісі мен мықтымын деген он жігітті ортаға шығарды. Қажымұқанның мойын иығына әлгі үш бақанды буып-байлап: «Бес-бестен екі жағыма асылыңдар», – деді. Белі қайыспайтын атамыз текеметті үш айналып өтіп ортаға тоқтады. Сонда халық ұрған шапалақтан құлақ жарылардай болды. Бұдан соң Қажекеңнің көмекшілерінің бірі ол кісінің қайда болғанын, кімдермен күрескенін, құлағы неге тілім-тілім, беті, денесі неге тыртық екенін айтып берді. Бір жылдары палуан атамыз жапондық Саргекки деген палуанмен кездеседі, белдеседі. Жапондық атамызды күшпен жеңе алмасын сезіп, құлаққа көшеді. Ұстасқан кезде палуанның қолынан ысылып, сырғып кету үшін денесіне түгелдей май жағып шығыпты. Саусақтарына дене жарақаттайтын бұйым киіп алады. Ел айтатын «жез тырнақ» бәлкім сол болар. Сонысымен Қажекеңнің құлағын, қолы тиген денесін жырымдай, май жаққан денесімен сусып ұстатпай әбден зығырданын қайнатады. Ашуға мінген Қажекең есебін тауып шап беріп ұстап Саргеккиді етбетімен түсіріп, арқасынан басып тұрып үстіңгі ерні мен мұрнын, бас терісін сыпырып алыпты. Төрешілер тоқтатуға үлгермепті. Жұрт қатты таңғалып жағасын ұстағандар да болды. Палуанның шын аты Мұқан екенін және Ресейдің атынан күресіп жүрген соң әртүрлі атпен жүргенін де құлаққа құйды. Ал Қажымұқан аталуы Араб мемлекетіне барғанда мұсылмандар палуанға «Қажы» атағын қосыпты. Сөйтіп Қажымұқан аталып кетіпті. Күшіне, әдіс-айласына риза, тәнті болғандықтан шығар. Осы әңгімелерді айтып болған соң, көмекшісі келесі әрекеттерге көшті. Қажекеңді текеметтің үстіне шалқасынан жатқызды. Әлгі дәу тасты палуанның кеудесіне, ұстадан әкелген төсті оның үстіне қойып, темір кескіш орнатып, белтемірді балғамен ұрып кесеміз деді. Айтты. Кесті. Ендігі кезек палуанның жарты денесін басып жатқан тасты балғамен ұрып сындыруға келді. Бір-екі жігітке (Баймағанбетов Төкенге, Әкімжанов Асанға, т.б.) сындырыңдар дегендей ишара танытып еді, олар бастарын шайқап келіспей кетті. Тасты сындыру емес, салмағы зіл-батпан балғаны көтеруден сескенсе керек, балғаны көтеріп тұра алмай масқара боламыз ба деп қорыққан да болар. Досым деген ағамыз: «Не болды, бұл Сиқымда балға ұстайтын бір жігіт жоқ па? Палуан тас астында жата бере ме, онда әйелдерің шықсын сендер қарап тұрыңдар», – деп ауылда күреске түсіп жүретін Боранбай әйелі дейтін келіншекке қарады. Досымның сөзі шымбайына батса керек, ата жағынан жаңағы келіншектің қайнысы, Малбақ баласы Қожан «мен ұрамын тасты» деп балғаны ұстады. Басқарушы жігіт оны тоқтатып, үстіндегі қалыңдау күпәйкесін шештірді. Бойы аласалық қылмасын деп екі жерден аяғының астына тақтай төсетті және балғамен тастың дәл ортасынан ұру керек екенін түсіндірді. Қожан ұзын сапты балғаны қолына алып, салмақтап көтеріп, тастың ортасынан мөлшерлеп қойып көрді де «иә, әруақ» деп балғаны көтерген бойы басынан бір айналдырып тасты соқты. Үлкен қара тас қақ бөлінді. Қожан барып Қажекеңді құшақтады. Орнынан тұрған палуан Қожанды құшақтап, бетінен сүйді. «Апыр-ай, қайта-қайта ұрып сындыра алмай қарнымды ауырта ма деп ем. Рахмет, өркенің өссін, әйелің бар ма?». Қожан басын шайқады. «Ертерек қатын ал, балалы-шағалы бол, көп жаса шырағым», – деп батасын берді. Құшағына алып тағы да қысып-қысып қойды. Сол Қожан соғысқа барып келген соң, Ғалия деген жеңгесіне үйленіп тоғыз баланың әкесі болды, немере-шөбере сүйіп, 92 жасында қайтыс болды. Қажымұқан атасының батасы Құдайдың құлағына шалынып, қабыл болса керек. Келесі күні бүкіл ауыл болып қошеметпен палуанды Көктерекке шығарып салды. Бір жарым тонналық жүк көлігінің кабинасына сыймай, қалың етіп шөп төсеп, шөптің үстіне текемет тастап «кузовына» отырғызды. Міне, менің естен кетпес екі күнім осылай аяқталды. Сол кезде атамыз жасының ұлғайғанына қарамастан, неміс фашистеріне қарсы соғыста жүрген азаматтарымызды қолдау үшін қор жинап жүр екен. Кейін естідік ол кісінің жинаған қаржысына фашистерге соққы беретін самолет құрастырылыпты. Қажымұқан атамызға бұл сіңірген еңбегі үшін Кеңес әскерінің бас қолбасшысы Иосиф Сталин Алғыс хатын жолдапты. Мұндай хат Талас ауданының жылқышысы Қартабай Атшабаровқа, Шу ауданындағы Асамбек Жұрынбаевқа да келді. Міне менің Қажымұқан атамызды алғашқы да, соңғы да көргенім осылай болған еді. Биыл атамыздың 145 жылдығы келе жатыр. Бұл мерейтой еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтсе екен деймін. Шу ауда­нында, облысымыздың Қажымұқан болған басқа жер­ле­рінде де ауыл аты, көше аты аталса деген тілек бар.

Совет Ғалиәкпаров. ауданның Құрметті азаматы,

Шу ауданы.