Саясат

Нұрсұлтан Назарбаев Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден өтті

Нұрсұлтан Назарбаев Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден өтті

Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды.

«Орталық сайлау комиссиясының отырысына бір сұрақ енгізіліп отыр. Ол Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы», – деді отырысты ашқан ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Осыдан кейін қаулы жобасын таныстыру үшін сөз ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевке берілді. «Сіздердің назар-ларыңызға Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасын ұсынып отырмыз. Қаулы бойынша бірінші, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президенттікке кандидат ретінде тіркелсін. Екінші, Назарбаевқа Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың куәлігі берілсін», – деді Мелдешев. Сонымен қатар, комиссия хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаған 560 мыңнан астам қол жиналғанын атап өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, елдің 16 өңірінің барлығына өкілдік ететін сайлаушылардың 560523-інің расталған қолы жиналды», – деді Бақыт Мелдешев.

«Ақ жол-Ақпарат».