Бес реформа – бұл елге, қарапайым азаматтарға керек нәрсе
Бес реформа – бұл елге, қарапайым азаматтарға керек нәрсе
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткен «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» форумына қатысты. Форумға қатысушыларға сөз арнаған Мемлекет басшысы шараның Ақмола облысында өтуінің символдық мәні бар екеніне тоқталды. – Мұнда жүзден астам этностың өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатыр. Республикамыздағы қоғамдық келісім кеңестерінің ең көбі осы облыста жұмыс істейді, олардың саны – 266. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында Ақмола облысында 500-ге жуық іс-шара өткізіледі. Облыс Ассамблеясының активі бес мың адамды құрайды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына да тоқталды. Қазақстан Президенті елімізде дағдарыс құбылыстарына қарсы тұруға қажетті барлық мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен XVI съезінде жарияланған, республиканы дамытуға арналған халықтық бес реформа туралы атап өтті. Бұл реформалар – кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет. – Бес реформа – бұл елге, қарапайым азаматтарға керек нәрсе. Біз индустрияландыруды жалғастырамыз, еңбек өнімділігін арттырамыз. Мемлекет шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көмектесетін болады. Бүгінде пәрменді әлеуметтік саясат жүргізілуде. Біз жастарға, зейнеткерлерге, сондай-ақ мемлекет қолдауына мұқтаж жандардың бәріне қамқорлық жасап отырмыз. Бұдан әрі де мектептер мен ауруханалар, өзге де әлеуметтік нысандарды салатын боламыз, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев алға қойылған мақсаттарға жету үшін елге Қазақстан халқы Ассамблеясы идеяларына адалдықты, тұрақтылықты, достықты және бақ-берекені сақтау қажет екенін атап өтті. Іс-шараға жиналған жастар өкілдеріне сөз арнаған Мемлекет басшысы Қазақстанда жан-жақты жетілу және сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. – Сіздерге қазір қалған бүкіл өмірлеріңізге қажетті білім жинауға мүмкіндік беріліп отыр. Бос өткен уақытты қайтарып алу мүмкін емес, оны дұрыс пайдалана білу маңызды. Сіздерді Отанымызды сүюге және оған қалтқысыз қызмет етуге шақырамын. Бұған сіздер жақсы оқу арқылы қол жеткізе аласыздар, ал ол сіздерге кәсіпқой маман болып, сый-құрметке бөленуге және өз отбасыларыңызды асырауға мүмкіндік береді, – деді Елбасы. Форум барысында сондай-ақ облыстың этномәдени орталықтарының өкілдері де сөз сөйлеп, елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерін біріктірген бірегей қоғамдық институт ретіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызына тоқталды.