Елбасы Көкшетау өңірінде
Елбасы Көкшетау өңірінде
Мемлекет басшысы «КАМАЗ-иНЖИНИРИНГ» АҚ-да болды
Елбасы кәсіпорынның жұмысымен танысты және зауыттың негізгі өнімі шығарылатын құрастыру цехын аралап көрді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, еңбек ұжымымен және өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен әңгімелесті. Қазақстан Президенті өңірдің ірі кәсіпорындары шағын және орта бизнес субъектілерін тапсырыспен қамтамасыз ететінін атай отырып, облыстағы индус-трияның біртіндеп дамып келе жатқанына назар аударды. Елбасы мемлекет тарапынан өнеркәсіпті дамыту үшін айтарлықтай қаражат бөлініп жатқанына да тоқталды. – Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өзге елдер зауыттар санын қысқартып жатқан уақытта біз жаңаларын салып жатырмыз. Тек биылдың өзінде 75 жаңа кәсіпорын салынады, оларда 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Елдің өңірлерін дамыту үшін мемлекет бұл жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ негізінен самосвалдар, басқа да жүк және арнайы техникалар құрастырады. Былтыр зауыт 1250 автокөлік құралдарын шығарды.
Елбасы «Молоко Синегорья» Көкшетау сүт зауытында
Мемлекет басшысы зауыттың балаларға арналған емдік-профилактикалық тағамдарын шығаратын цехын аралап көрді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев облыстың агроөнеркәсіп кешені өндіретін өнімдермен танысты. Қазақстан Президенті сондай-ақ, кәсіпорын ұжымымен және облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен әңгімелесті. Аграрлықтар қол жеткізген табыстары туралы айтты және өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту ісіне көрсетіп отырған мемлекеттің қолдауына ризалық білдірді. Мемлекет басшысы Ақмола облысы елорданың азық-түлікпен қамтамасыз ететін тірегі екенін атап өтті. – Мемлекет аграрлық салаға зор көмек беруде. 2009 жылдан бері облыстың барлық шаруашылықтар бойынша субсидиялауы 8 есеге ұлғайды. Осыны ескере отырып, мен сіздердің алдарыңызға елорданы өз өнімдеріңізбен қамтамасыз ету жөнінде міндет қоямын. Астана – жақын орналасқан табиғи тұтынушы. Елорда өсіп келеді, сәйкесінше, тұтыну да ұлғая бермек. Жалпы алғанда, Ақмола облысы елдің өзге де солтүстік өңірлерімен бірге әлемдік маңызға ие астықты аймақ. Бүгінде Қазақстанның бидайы танымал бренд саналады және әлемдік азық-түлік қорын есептеу кезінде біздің елдің ресурсы да қаперге алынады. Соған орай біз үшін аграрлық өнімдердің көлемі мен сапасын одан әрі арттыру зор жауапкершілік болып саналады, –деді Қазақстан Президенті. Сүт өңдейтін зауыттың қуаты тәулігіне 160 тоннаны құрайды. Кәсіпорында 175 адам жұмыс істейді. Өнімдер негізінен отандық нарықта сатылады.