Саясат

Бірлік биікке бастайды

Бірлік биікке бастайды

Тараз

«Достық» үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен алдағы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына байланысты жиын болып өтті. Жиынға Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар қанатының көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Наталья Перфилова ашып, жүргізіп отырды. Жиынға қатысушылар елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір үйдің баласындай тұрып жатқанын, мұның бәрі де татулық пен тұрақтылықтың жемісі екенін тілге тиек етті. Бірлігі бекем елдің бағындырмайтын белесі болмайтынын айтқан шешендер алдағы 26 сәуірде өтетін сайлауда да осылайша бір кісідей атсалысып, ынтымақтың үлгісін көрсетуге шақырды. Жиын соңынан Аналар кеңесі атынан Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына байланысты арнайы Үндеу қабылданды. * * * Облыстық аурухана қызметкерлері «Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінің шешімін қолдауға, қызметтестерін алдағы сайлауға бір кісідей қатысуға шақыру мақсатында жиын өткізді. Жиында «Нұр Отан» партиясының №38 бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлнар Төребекова баяндама жасап, ақ халаттыларды еліміз үшін тарихи тағдырлы мәні зор оқиғаға үн қосуға шақырды. Облыстық аурухананың бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары Сағындық Ордабеков отандық медицинадағы жетістіктерге тоқталды. Бас дәрігердің ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Аданбаева мен медбике Сақыт Әбиева қызметтестерінің сайлауға белсенді қатысатынын жеткізді. Байзақ «Жастар дауысы – ел болашағы» деген ұранмен Сарыкемер орта мектебінде облыстық жастар форумы ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы мектептердің оқушылары қатысқан жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастамасына жастар тарапынан зор қолдау көрсетілгендігі айтылып, осынау саяси науқанға бір кісідей қатысу жайында ұсыныстар білдірілді. Форумда сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының орынбасары Құрбан Сайн мемлекетімізде жастарды жан-жақты қолдау шаралары жүргізіліп жатқанын, оның ішінде, білім алып, белгілі бір мамандықты меңгеру, қызметке қабылдау, тұрғын үймен қамтудағы түрлі бағдарламалардың жемісін сөз етіп, алдағы сайлауға қатысып, дауыс беру маңызды қадам екендігін атап өтті. Жуалы Б.Момышұлы ауылындағы «Бурный ірімшік зауыты» ЖШС-нда кәсіпорынның даму барысы мен алдағы жоспарлары талқыланған еңбек ұжымының жиыны өтті. Оны кәсіпорын басшысы Әбдібек Пошкаев ашып, жүргізді. – Біздің зауыт сонау 1951 жылдан бергі ұжым өндіріп келе жатқан ірімшік пен сары майдың өткен атақ-даңқын қайтаруда. Қазіргі уақытта мұнда айран, сүт, ақ ірімшік, сүзбе ірімшік, бірнеше атаулы ірімшіктер, кілегей майлары, құрт, қаймақ сынды сертификатталған 8 түрлі өнім өндірілуде, – дейді серіктестік басшысы. Сондай-ақ, жиында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Үсіпбеков сөз сөйлеп, Астана қаласында өткен партияның XVI съезінің қорытындылары жайлы айтып өтті. Сонымен қатар, осы съезге облыстан делегат болып қайтқан «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев те партияның басты жиынынан алып қайтқан әсері жайлы әңгімелеп берді. Ал ұжым атынан сөз алған зауыт технологы Бақыт Сәуір өз әріптестерін алда келе жатқан сайлауға белсенділікпен атсалысуға шақырды. Оның бұл ұсынысын барша зауыт жұмысшылары да қолдады. Қордай «Благовещенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымында «Нұр Отан» партиясы съезінің шешімдерін қолдауға арналған жиын өтті. Серіктестіктің елу шақты жұмысшысы қатысқан басқосуда ұжым жетекшісі Өмірәлі Варшакидзе жерлестерін 26 сәуірге белгіленген сайлауға қатысып, еліміздің жарқын болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды. Президент сайлауы – ел өміріндегі ең маңызды патриоттық акт болып саналатыны, оның үстіне Қазақ хандығының 550, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70, Конституцияның 20 жылдығы тәрізді айтулы мерейтойлар қарсаңында өткелі отырған президенттік сайлаудың бүкіл қазақстандықтар үшін маңызы ерекше екендігі айтылды. Талас Талас аудандық орталық ауруханасы ұжымының қатысуымен, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында жиналыс өткізіліп, онда мекеме басшысы Е.Имаммырзаев денсаулық сақтау жұмысын жақсартудағы атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлама жасады. Алдағы міндеттер туралы да баса айтылды. Жиналысқа қатысушылар Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясы ХVI съезінің шешіміне бірауыздан қолдау білдірді. Жарыссөзге шығып сөйлегендер әріптестерін үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде өткізілетін президент сайлауына белсенді қатысуға шақырды. Т.Рысқұлов Т.Рысқұлов аудандық кітапхананың оқу залында «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында дөңгелек үстел отырысы өтті. Түрлі сала қызметкерлерінің басын қосқан кездесуді аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің бөлім меңгерушісі А.Жиенбаева ашып, жүргізіп отырды. «Жетістікке жетер жол» тақырыбында өрбіген басқосуда тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткен толайым табыстары сөз болды. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін не істеу керек деген сұрақ аясында пікір алмасты. Басқосуда аудандық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Е.Құрымбаев пен кітапханашы Ж.Ақшалова орамды ойлар айтып, келелі мәселелерді қозғады. Сарысу «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысшы-қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Онда кәсіпорын директоры, облыстық мәслихаттың депутаты М.Сәрсенов «Кәсіпорынның даму мәселелері» туралы баяндама жасап, алдағы міндеттерді саралап берді. Кеншілер сондай-ақ, 26-шы сәуір күні өтетін ҚР Президентін сайлау туралы мәселені де сөз етті. Бұл жайында кәсіпорынның бас механигі, «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының төрағасы А. Жақсылықов жан-жақты баяндады. Жарыссөзге шығып сөйлеген учаске бастығы А. Сыздықов, «Көксу» кеншінің бастығы А. Мақұлов, машинист Б.Серік, инженер А.Әріпбаевтар «Нұр Отан» партиясының XVI съезінің шешімін қолдайтындықтарын жеткізді.