Сот жүйесіне серпіліс әкелді
Сот жүйесіне серпіліс әкелді
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде жария еткен бес халықтық реформасының мәні зор, маңызы терең. Өмірмен өзектес өзгерістер елімізді қай кезде де өрге сүйреген. Президенттің бұл жолғы батыл бастамасы да көптің көңілінен шығып отыр. «Біздің мемлекетіміздің ауқымды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет. Бір орында тұруға болмайды Өз табыстарымызды арқау етіп өзіміздің мемлекеттігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институттық реформаны алға тартамын» деді Мемлекет басшысы. Екінші реформада Елбасы заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында тың міндеттер жүктеді. Бұл орайда сот жүйесіне де артылып отырған жауапкершілік жоғары. Президент «Ашықтық-судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі» деп атап көрсете отырып, жұмыс тиімділігін арттыруды, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуді тапсырды. Бүгінде аудандық сотта азаматтарды қабылдау жұмыстары сот мәжілісі залында жүргізіледі. Ғимараттың 4 жерінен бейне таспа орнатылып, сот қызметкерлерінің тарапынан процессуалдық емес қарым-қатынасқа жол бермеуге барынша тиісті шаралар қабылданған. Әр аптаның жұма күні жеке және заңды тұлғаларға, медиаторларға ашық есік күні өткізіліп тұрады. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы іс-әрекеттерге судьялар мен кеңсе қызметкерлері тарапынан жол берілген жоқ. Сот – құқықтық реформасының аясында жүргізіліп жатқан электрондық ақпараттық кеңістікте сот процестерін дыбыс-бейне құралдары арқылы жазып алу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Сотқа бейне-дыбыс жазба қондырғылары орнатылды. Қондырғылар арқылы биылғы ақпан айына дейін 21 іс қаралды. Бұл сот төрелігін жүзеге асырудың барынша жария және ашық болғанын көрсететін негізгі дәлел және де халықтың соттарға деген сенімін жоғарлататынына кепілді нәрсе деп білемін. Сонымен қатар, ертеңгі күні қандай да бір даулы мәселе туындаған жағдайда нақты сол іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға мүмкіндік береді. Президент атап өткен ашықтық принципін біз әрқашан басты назарда ұстайтын боламыз. Өткен жылы ауданда сот әділдігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, соттардың халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында ақпараттық технологияларға негізделген «Сот кабинеті», «Төрелік» сияқты жаңа жобалар жүзеге асырылды. Былтыр «Сот кабинеті» электрондық сервис арқылы жалпы 174 талап арыз түсті, ал биыл түскен 300 арыздың 100-і аталған сервис арқылы қабылданды. Сонымен қатар, биылдан бастап аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында «Сот кабинеті» бұрышы ашылды. Статистикалық деректерге жүгінсек, өткен жылы 69 тұлғаға қатысты 59 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде 24 тұлғаға қатысты 20 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. Жалпы, апелляциялық алқаға биыл 5 қылмыстық іс қаралу үшін жолданған болатын. Алайда, Сарысу аудандық соты судьяларының тарапынан қаралған қылмыстық істер бойынша сот актілерінің бұзылу немесе өзгертілуіне жол берілген жоқ. Міне, мұның бәрі сот жүйесінің мөлдірлігін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысының жаңа реформасына сәйкес біз өз жұмысымызды одан әрі ширата түсетін боламыз. Ең бастысы мұның бәрі халық игілігіне бағытталғанын әрбір тұрғын сезінсе игі.
Насырулла АНДАБЕКОВ, аудандық соттың төрағасы.
Сарысу ауданы.