Әлеумет

МӘҢГІЛІК ЕЛ – ЖАСЫЛ ЕЛ

МӘҢГІЛІК ЕЛ – ЖАСЫЛ ЕЛ

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында облыс жастары оңды істің ұйытқысы болды. Өткен сенбіде олар облыстың барлық аумағын қамтыған тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, барлық игі істің басында жастардың жүретінін тағы бір дәлелдеді. «Мәңгілік ел – жасыл ел» деген атпен ұйымдастырылған сенбілікке бастамашы болған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы болды.14

Тараз қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында бастау алған шараға тек жастар емес, облыс әкімінен бастап, барлық мекеме ұжымы атсалысты. Болашақта аталған саябақта жайқалып өсетін 200 түп ағаш көшетінің бірін облыс басшысы К. Көкірекбаев өз қолымен отырғызды. Көктемнің алғашқы күндерінде облыс тұрғындары мен жастар жұмылып, айналаны көгалдандыру, қала мен ауыл маңдарын, көшелерін тазарту, спорттық кешендер мен алаңдарды, өзен жағалауларын ретке келтіру, саябақтар мен құрылыс алаңдарын көгеріштендіру сынды бірқатар жұмысты еңсеріп тастады. Жалпы, жастарды табиғатты аялауға үйрету, оны күтіп ұстауға баулу болашақтың байлығы – жасыл желектің жайқалып өсуінің, ел мен жердің көгеруінің кепілі. Ендеше, жыл жаңарған тұстан бастап, жаз маусымы аяқталғанша облыс жастарының тазалық жұмыстарына тартылуы – игі дәстүр. «Жасыл ел» мен «Құрылыс жасақтарының» құрамындағы студенттердің көптеген игі іске араласып, өңірдің гүлденуіне үлес қосып жүргендері қуантады. Мысалы, өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына облыстық бюджеттен 11,4 миллион теңге қаржы бөлініп, 300-ге жуық жас жұмыспен қамтылыпты. Ал аталған бағытта республикадан бөлінген қаржыға мыңға жуық жас тазалық жұмыстарына тартылған екен. Олардың күшімен облыс аумағында 10 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып, 120 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Биыл да бұл бастама жалғасын табады. «Жасыл елдің» жұмысын жандандыруға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2,0 миллион теңге бөлінсе, 400 жасты еңбекке тарту үшін жергілікті бюджеттен 18 миллион 812 мың теңге беріліп отыр. Бастысы, жастар туған өлкені тазалау мен күтіп ұстауды бюджеттен бөлінген қаржыға қарап емес, Отан алдындағы, ел алдындағы парыз деп бағамдаса ғана істің алға басатыны сөзсіз. Ендеше, ел болып жұмылған жұмыс жастар тарапынан жалғасын таба берсін! Жарқын істердің жаршысы болып жүрген «Ақ жол» газетінің ұжымы да аталған шарадан шет қалмай, төл қаласын түлетуге өз үлестерін қосты. Қолға құрал-саймандарын алған редакция ұжымы орталықта орналасқан ғимарат маңын мұнтаздай етіп тазалап, тал-дарақтар мен жол жиектерін ақтап шықты.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».