Экономика

Көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары қарқын алмақ

Көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары қарқын алмақ

бұл жөнінде облыстың аппараттық кеңесінде жан-жақты талқыландыБүгінде еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі мен өңіріміздегі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары өзекті болып отыр. Міне, осы тақырыптар төңірегінде кеше облыс әкімінің аппараттық кеңесі болып өтті.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдымен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелер төңірегінде жан-жақты таныстырып өтті. Бұдан кейін облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов жоғарыда айтылған мәселе бойынша хабарлама жасап, осы бағытта тындырылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Хабарламашының сөзіне сүйенсек, бүгінге дейін басқарма қызметкерлері құзыретті органдармен бірлесе отырып жалақы төлеу мен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде бірнеше мәрте заң бұзушылыққа жол берген 100 ірі және орта кәсіпорындарды анықтаған. Ай сайын аталмыш мекемелерге еңбек шарттарының орындалуы бойынша мониторинг жүргізіліп те отыр. Ал ағымдағы жылдың үш айында ұжымдық шарттарды бұзған 7 кәсіпорын анықталып, оларға басқарма тарапынан тиісті шаралар қолданылған. Атап айтсақ, қаңтар айында айлық жалақыға қарыз «Жамбылгипс» АҚ, «Запчасть» АҚ, «Таразкожобувь» ЖШС, «Имсталькон-ЖЗМК» ЖШС және «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС-на еңбек қатынастары туралы заң талаптары түсіндірілген. Нәтижесінде «Жамбылгипс» АҚ, «Имсталькон-ЖЗМК» ЖШС қарызын толық өтесе, «Запчасть» АҚ желтоқсан айының берешегін төлеп, бүгінгі күнге қарызы 17,7 млн. теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, «Тараз металлургиялық зауыты» негізгі қарыздарын жауып, өтелмеген төлемдері 11,2 млн. теңгені құраған. Ал Амангелді газ өңдеу зауытының басшылары қарыздарын ақпан айының 28-іне дейін толық төлеуге уәде еткенімен, бұл кәсіпорынның жалақы қарызы төмендеудің орнына, 61 млн. теңгеге өсіп кеткен. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың екі айында еңбек инспекторлары мемлекеттік ұйымдар мен жеке арыз-шағымдар бойынша 43 еңбек ұжымына тексеру жүргізіп, нәтижесінде 115 заң бұзушылық анықтаған. Оның сегізі Тараз қаласындағы балабақшаларға тиесілі. Заңсыздыққа жол берген тұлғаларға 376580 теңге айыппұл салынып, орындау үшін 43 ұйғарым шығарылған. Міне, осындай заң бұзушылықтарды баян еткен басқарма басшысы, сөз соңында жеке кәсіпорындарды биылдан бастап жоспарлы тексеру тоқтатылуына байланысты еңбек қақтығыстарына қатысты ақпаратты аудан әкімдері мен мекеме басшыларына тұрақты түрде беріп, алдын алуға шақырды. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жалақы төлеуге келгенде жаза басқан бірнеше мекеме басшыларын тыңдады. Сондай-ақ, өңір басшысы Мойынқұм ауданындағы цемент зауыты өнімге толып тұрғанымен, еш пайдаға жарамай тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, бұл жұмыстарға аудан әкімі назар аударуы қажеттігін қатаң ескертті. Бұдан бөлек, Кәрім Нәсбекұлы бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жұмыссыздық деңгейін бес пайыздық межеде ұстау үшін, кәсіпорындармен меморандумдарға қол қоюды одан әрі жандандыруды тапсырды. Алқалы жиында бұдан соң екі айлық тазалық науқанына байланысты облыс көлеміндегі көріктендіру және көгеріштендіру жұмыстары қаралды. Баяндама жасаған облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиевтің сөзіне сүйенсек, облыста наурыз айынан бастап көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да қарқын алған. Биыл Тараз қаласы мен аудандарда 155 684 дана тал көшетін отырғызу, 36 222 шаршы метр аумаққа гүлзарлар, 23 572 шаршы метр жерге көгал орналастыру, сондай-ақ, 1 231 шақырым арық және каналдар, 3 673 шақырым көшелер, 933 590 шаршы метр саябақ пен скверлер аумағын тазалап, 10 745 тонна кездейсоқ күл-қоқыс орындарын жою жұмыстары жоспарланған. Осы жұмыстарға барлығы 1 миллиард 499 миллион 847 мың теңге қарастырылып отыр екен. Баяндамашы Қордай, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандары бұл іске жеткіліксіз көлемде қаржы бөліп отырғанын айтты. Жастардың «Мәңгілік Ел – Жасыл Ел» облыстық сенбілігіне елу мыңға жуық адам тартылғанын, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жолдамасымен тазалық жұмыстарымен айналысатындар қатары да өсіп отырғанын, биылғыдай Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтумен байланысты жер-жерлерде соғыс құрбандарына арналған ескерткіш обелискілер маңайын абаттандыру, жаңғырту жұмыстарына да баса назар аударылып отырғанына тоқталған баяндамашы қала, аудандарда контейнерлік алаңдар мен жәшіктердің, халық көп шоғырланған орындарда урналардың жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша әлі де 1 264 жәшік пен 1566 урнаға қажеттілік туындап отырған көрінеді. Мұны тыңдаған облыс басшысы қала тұрғындарының арасында қоқысты терезеден тастау жайттары көп көрініс табатындығын ескертті. Осыған орай, Кәрім Нәсбекұлы қала әкімі мен учаскелік полицейлерге бұл мәселені жіті бақылауға алуды тапсырды. Қажет болса, нақты айыппұл мөлшерін белгілеу керектігін ұсынды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын полигондар мен олардың заңдастырылуына келсек, бұл тұрғыда облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өңірдегі 167 полигонның барлығы да заңдастырылғанын айтады. Оның ішінде 7- еуі жекеменшік иелігінде, 160-сы коммуналдық меншікке алынған. Сондай-ақ, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай өңірдегі 193 ескерткішті әрлеу жұмыстарын жүйелеуді және темір жол бойын күл-қоқыстан таза ұстауды құзырлы мекеме басшыларына міндеттеді. Жиын соңында аталған кемшіліктерге байланысты біраз сын-ескертпелер айтылып, биыл бұл бағыттағы шаруаны барынша күшейту қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».