Әлеумет

Желмен ұшып жатқан улы «тау»

Желмен ұшып жатқан улы «тау»

зиянды қалдықты жоюдың жолы бар ма?8Тараз қаласының батыс жағындағы таудай болып үйіліп жатқан фосфор қалдықтарына жергілікті азаматтардың көзі әбден үйренген. Айналма жолдың бойында болғандықтан, ары-бері өткендер мен қалаға келген қонақтардың тыңайтқыштан тұрғызылған «тауға» тосырқай қарайтыны бар. Әлбетте, ондаған жылдар бойы жиналған бұл қалдықтардан құтылу бір-екі жылда жүзеге аса қоятын тірлік емес. Дейтұрғанмен, «қоршаған ортаға зиянын тигізіп, қашаннан халықтың наразылығын туғызып тұрған осы жасанды тауларды жоюдың еш жолы жоқ па?» деген сұрақ мазалайды. Қайсыбір жылдары «бұл қалдықтарға қытайлық қайта өңдеу зауыттары иелерінің көзі түсіпті-міс, олар одан пластмасса бұйымдарын жасап шығарады екен» деген алыпқашпа әңгіме ел арасын кезіп кеткен еді. «Егер оны орнынан алатын болса, астынан улы газ бөлініп, экологияға зияны тиеді» деген сөзді де желдей есіргендер бар. Сонымен, сөздің расы қайсы? Әзірге бұл мәселеге қатысты туындап жатқан сұрақтар көп. Тек нақты жауабы жоқ.9Қоршаған ортаға төнген қатер

Мұнда 9 миллион тоннадан астам қалдық үйіліп жатыр. Жыл өткен сайын қосылып жатқандықтан, бұл көрсеткіш артуда. Тұрғындарды толғандыратын бұл түйткілге қатысты әлі экологтар дабыл қаға қойған жоқ. Қалай десек те, оның қоршаған ортаға тигізер зияны мен залалын айтып, аттан салып жүрген табиғат жанашырын біз кездестіре қоймадық. Бір анығы, «жатқан жыланның құйрығын баспайық» дегендей ахуалдың сезілетіні. Жалпы, дүниежүзі бойынша топыраққа түсетін техногенді қалдықтардың мөлшері 90 миллиард тонна шамасында деген дерек бар. Соның салдарынан құрлықтың жартысына жуығы антропогендік ландшафтқа айналған. Дүниежүзіндегі алып шөлдерді де осындай табиғи бұзылулардан пайда болған деген тұжырымдаманы дәлелдеп жүрген ғалымдар да кездеседі. Қош, сонымен, әлемдік проблемадан жергілікті мәселеге ауыссақ. Біз сөз етіп отырған қалдықтарды қаншалықты зиянсыз дегенмен, қарапайым логикаға салып қарап көрейік. Біріншіден, жылдар бойы жауған жауын мен қар суы қайта буланып, оның аз мөлшері болса да ауаға араласып жатыр. Ал ауадаға зиянды заттар міндетті түрде адам ағзасына түсері сөзсіз. Ал адам ұлпасы мен сүйектері зиянды қосындыларды шоғырландыру қасиетіне ие емес пе? Екіншіден, буға айналмағаны жерге сіңіп су көздері мен жерасты суларына қосылады. Жерасты суын ауыз су ретінде тұрғындар тұтынады. Тағы да адам ағзасына тікелей қауіп төндіреді. Бұл – ешқандай ғылыми дәлел немесе факт емес, қарапайым ғана логика. Сондықтан, оның тұрғындарға еш зияны жоқ дегенге сену қиын-ақ. Жалғасын таппаған жақсы іс «Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз. Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясын құру бағыттарын баяндаған кезінде. Еліміздің етек-жеңін енді жинағанын ескерсек, бұл мәселенің де шешілер күні алыс емес дегенге сенейік. Әзірге, нақтылы кезеңде қалдықтарды іске асырудың тетіктерін қарастырып көрейік. «Казфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыш және Жаңа Жамбыл фосфор зауыттарынан жиналған қалдықты кәдеге асыруға, оны өзге салаға қолдануға болатынын жамбылдық ғалымдар осыдан әлденеше жыл бұрын дәлелдеген екен. Жергілікті технолог ғалымдар мың тоғыз жүз жетпісінші жылдан бері осы фосфор қалдықтарын құрылыс материалдары өндірісіне пайдалану мақсатында түрлі зерттеулермен айналысып келеді. – 1975 жылы Мәскеуден аспирантура бітіріп, Тараз гидромелиоративтік құрылыс институтына жұмысқа келдім. Ол кезде Таразда үш үлкен химия зауыты жұмыс істеп тұрған. Солардың қалдықтары тау-тау болып үйіліп жатты. Менің ғылыми жұмысым содан түрлі заттар алу болғандықтан, жұмысымды бастадым. Міне, сол кезден бастап шлактарды ғылыми тұрғыда өңдеп, одан құрылысқа қажетті материал алу мақсатындағы жұмыстарды жалғастырып келеміз. Сол қалдықтардан кірпіш, плиткалар мен үйдің сыртын жабатын қаптамалар, т.б. материалдар ойлап табу жолында біраз жамбылдық ізденушілер ғылыми атақтарға қол жеткізді. Рас, алғашқы жылдары оны ешкім пайдаланбады. Сондықтан біз, біріншіден, өзіміздің ғылымдағы бағытымыз болғандықтан, екіншіден, қоршаған ортаға зияндылығын азайту мақсатында оны өндіріске пайдалануды құп көргенбіз. Әрине, біздің еңбек зая кеткен жоқ. Мен тәрбиелеген студенттердің алды докторлық диссертацияларын қорғады. Солардың бірі – профессор Айтмағамбет Сағындықов. Ол қабырғаға жабыстыратын, еденге төсейтін шыны кристалитін ойлап шығарды. Сол материалдың технологиясы бойынша кезінде бұрынғы «Химпромда» үш жыл қатарынан цех жұмыс істеді. Тәулік бойы тоқтамай жұмыс істеудің нәтижесінде біз жылына 10 мың шаршы метр плитка шығардық. Кейін зауыт жабылған соң, ол цех та жұмысын тоқтатты, – деген пікір білдірген еді ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Жүсіпбек Сүлейменов. Профессор Сүлейменовтің шәкірттері шығарған плиткалар сол кездерде талай кәдеге жараған. Бұл аралықта айта кететін үлкен мәселе, ғалымдар өздері ойлап шығарған өнімдердің қоршаған ортаға тигізер зияны жоқтығына әбден көз жеткізіп отырған. Өйткені, құрамында аз ғана мөлшерде болса да фосфор қышқылы қалып кеткен жағдайда ол айналасын «жеп қоятын» қасиетке ие. Ж. Сүлейменов жетекшілік еткен ғалымдар фосфор қалдықтарынан түрлі кірпіш материалдарын, шыны түрлерін де алған көрінеді. Ол материалдар ғылыми тұрғыда дәлелденген де екен. Алайда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қолдануға болатыны дәлелденген бұл дүниеге күні бүгінге дейін назар аударылмай келеді. Фосфогипс – арзан әрі құнарлы тыңайтқыш Минералды тыңайтқыштарды егістікті құнарландыру үшін сатып алуға көп шаруалардың қалтасы көтермейді. Оны енгізбесе, алқап күтілгендегідей өнім бермейді. Ал осында үйіліп жатқан фосфор қалдықтары – сортаңданған жерлерге енгізілсе, арзан әрі құнарлы тыңайтқыш. Бұл жайында облыстық «Ақ жол» газетінің 2010 жылғы сандарының бірінде Бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт мәселенің мәнісіне бойлап зерттеу мақала жазған болатын. Сол мақаладан үзінді келтірсек: «Сортаңданған алқаптарды қалпына келтіру үшін Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Н. Балғабаевтың фосфогипсті қолдану жөніндегі ұсынысы көкейге қонады. Сортаңданған жерлерді Ресей, Үндістан, Испания, АҚШ және Венгрия сияқты елдерде фосфор тыңайтқыштарының қалдықтарын қолданып, қалпына келтіреді. – Мұндай әдіс өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жуалы ауданының бұрынғы «Билікөл» кеңшарының сортаңданған алқаптарына қолданылған болатын, – дейді Н. Балғабаев. Оны қолдану әдісі де қарапайым. Сортаңданған алқаптардың әр гектарына он тоннадан фосфогипс енгізіліп, ол жер айдалады. Бұл шаруаны мүмкін болса күзде атқарған тиімді. Фосфогипс топырақтың астына түседі. Содан кейін жерасты суы көтерілген кезде екі ортада пленка сияқты қабат түзіледі. Фосфогипс суды жоғары өткізбейді әрі тыңайтқыш болады. Еліміз экономикасына өтпелі кезең килігуіне байланысты бұл жақсы іс жалғасын таппай қалды... Фосфор қалдығының артықшылығы мен тиімділігін анықтау үшін облысымызда біраз жыл бұрын тәжірибе жасалған болатын. Жамбыл ауданының аумағындағы Ш. Дәуітов жетекшілік ететін шаруа қожалығы дәндік жүгері егілетін 150 гектар суармалы жерге тәжірибе жасады. Алқап үшке бөлініп, бірінші бөлігіне фосфогипс енгізілмеді, екінші бөлігіне гектарына 3,5 тонна, ал үшінші бөлікке гектарына 7 тонна фосфогипс енгізілді. Егістікке күзде шашылды. Күзде фосфогипс енгізілмеген жерге қарағанда қалған екі бөліктен әр гектардан 20-30 центнерден өнім артық алынды. Оны сатып алу мен енгізуге көп шығын шықпайды. Шаруа кеткен шығынын бір жылда өтей алады. Егістікке енгізілген тыңайтқыш бес жылға дейін оң әсерін жоймайды. Осыған дейін АҚШ, Қытай және Батыстағы бірқатар мемлекеттер фосфогипсті сатып алып, фермерлердің оны сортаңданған жерлерге кеңінен енгізуге мұрындық болған. Мұндай игі істі біздің облысымызда да қолға алатын кез келді». Міне, жерді тыңайтамын деген шаруа мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін үлкен кеңес әрі көмек. Өкінішке қарай, облыстың егін өсірушілері оны сатып алуға әлі күнге асықпай отыр. Анықтап көргеніміздей, фосфогипсті сатып аламын деушілерге еш қиындық жоқ екен. «Казфосфат» ЖШС-ның өткізу және логистика бөлімінің берген мәліметінше, Тараз қаласы, Абай көшесі, №126 үйге жеке куәлігіңізбен барып өтініш білдіресіз де, фосфогипстің бір тоннасын небәрі 700 теңгеден көлігіңізге қажетінше тиеп әкете берсеңіз болады. Ауыл жұрты қатты алаңдаулы Жоғарыда атап өткеніміздей, ашық және жерасты сулары арқылы, сонымен қатар, шөптерге шөккен ауадағы зиянды заттармен азықтанған малдың генін, оның еті мен сүтін табиғи таза деп айта аласыз ба? Кеңес үкіметі кезінде фосфор қазіргі деңгейден өте көп мөлшерде өндірілгендіктен, өндіріс қалдықтарының да көп шығарылуы заңдылық. Сол үйілген қалдықтардың шаңы әсерінен сиырлардың тістерін өсіріп жіберетін флюороз ауруы пайда болған. Сол аурудың салдарынан мал жемшөбін шайнай алмай, қоректен қағылған. Салдарынан Жуалы ауданындағы бұрынғы «Билікөл» кеңшарында ірі-қараның азаюына әкеліп соққан. Бірақ, еліміз тәуелсіздік алған жылдары орын алған тоқырау салдарынан ол зауыттардың қуаттылығы азайды. Сол себептерден болар, флюороз ауруы өзінен-өзі жоқ болған. «Қазір бұл қалдық үйінділері малға ешқандай ветеринариялық қауіп төндіріп тұрған жоқ» дейді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының мамандары. Төндірмей-ақ қойсын, әрине. Дегенмен, қала маңында орналасқан Шайқорық, Танты және Қостөбе сынды бірқатар ауыл тұрғындары аталған қалдықтың кері әсерінен малдарының тісі өсіп, олар белгісіз ауруға шалдыққанын жиі айтып жүреді. Олар ауыл тұрғындарында, әсіресе, жаңадан туылған сәбилерде де сүйектің түрлі аурулары мен сары ауру жиі кездесетінін айтып және оған фосфогипстің тікелей әсері бар екеніне сендіреді. «Жасыл экономика» және «Жасыл көпір» – тиімді тетік Жалпы, айналамызды өндіріс қалдықтары мен қоқыстардан тазарту, экологиялық таза аймақ құру, табиғи таза өнім өндіру мен тұтыну бағытында жүзеге асырылып жатқан «Жасыл экономика» біз сөз етіп отырған мәселені шешуде таптырмас темірқазық десе болғандай. Өйткені, «Жасыл экономиканы» дамытудың жеті негізгі бағыттарының бірі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Аталған бағдарламада «Қалдықтарды басқару мәселесі ерекше танымалдылыққа ие болды. Қалыптасқан жағдайларға байланысты оны өндірістің қайталама өнімі ретінде пайдалану ұсынылған. Осылайша, мысалы қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді қайта өңдеу және балама отынды алу технологиясы Алматыда іске асырылуда» деп көрсетілген. «Жасыл экономикаға» ауысудың маңызды бағыттарының бірі – қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ, оларды қайталама өнім ретінде пайдалану. «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының да бағыты құптарлық. Бағдарлама инвестициялық жобаларды іске асыру, саясаттарды реформалау жолымен жасыл бизнестің жаңа салаларын құру және дамыту бойынша мемлекеттердің, халықаралық, ғылыми ұйымдардың және бизнестің бірлескен әрекеттерін болжайды. Бағдарламаның міндеті тек мемлекеттер мен аймақтар арасында ғана емес, сонымен қатар, мемлекет пен бизнес арасында да серіктестіктің жаңа деңгейін құру және көптеген үдерістер арасындағы байланыс болып табылады. «Жасыл көпірдің» мәнісі – жасыл бизнестің жаңа салаларын дамыту және ол үшін ұзақ мерзімді және тұрақты негіздерді құру арқылы экономиканы өркендету. «Жасыл көпір» жаңашыл жасыл технологиялар жасыл бизнес үшін, қолайлы шарттарды тудыру үшін төлемнің жаңа тетігін ұсынады. Демек, жергілікті деңгейде бұл мәселе шешімін таппаса, шетелдік инвесторларды тарту арқылы фосфор қалдығын қайта өңдеуге жол ашуға әбден болады. «Жасыл экономиканы» дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан экономиканың 10 шешуші секторына құралдарды инвестициялауды жоспарлайды: Олар: ауыл шаруашылығы; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; энергетика; балық аулау; орман шаруашылығы; өнеркәсіп; туризм; көлік; қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу; су қорларын басқару. Ендеше, ілкімді істің тетігін білетін азаматтарға тұрғындардың алғысын алуға да, ел экономикасын дамытуға да мол мүмкіндік туып тұрған секілді.

Маржан Рақай, "Ақ жол".