СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
Гиннесс рекордтар кітабы алғаш 1955 жылы ирландиялық сыра қайнатушы «Гиннесс» компаниясының басшысы Хью Бивердің тапсырысы бойынша жарық көрген. Қазір бұл кітап дүниежүзі бойынша 100 мемлекетте 23 тілде басылады. Әлемнің 23 елінде арнайы редакциясы мен өкілдіктері бар. Ал елімізде Гиннесс рекордтар кітабының өкілдігі ашылмаған. Рекорд жасаушы адамның жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. Ереже бойынша, адам өлтіріп, аштық жариялап және жануарларға зақым келтіріп жасалған рекордтар қабылданбайды. «Әлемдегі ең үлкен картина», «Әлемдегі ең үлкен фотосурет» деген рекордтар да қарастырылмайды. «Әлемдегі ең сұлу немесе ең көріксіз адам», «Әлемдегі ең ұзын ән немесе өлең» деген категориялар да жоқ. Кітаптың ережесінде: «Жасалған рекордты видеоға түсіріп, монтаждамай кітаптың редакциясына жіберу керек. Рекорд жасар алдында Гиннесс кітабының арнайы комиссиясын да шақыруға болады. Комиссияның келу жолын, тамағын және жатар орнын шақырушылар төлеуі тиіс» деп жазылған. Гиннесс рекордтар кітабында Қазақстанның атынан енген бірнеше жетістік бар. Жалпы, еліміздің өзі «әлемдегі теңізге тіке шыға алмайтын аумағы ең үлкен мемлекет» ретінде осы кітапқа тіркелген. 2003 жылы қыркүйектің 27-сі күні бүкіл Қазақстанда салауатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу рекордтар кітабына енді. Елдің бар өңірінде бір мезетте 4 миллион 845 мың 98 адам радиодан берілген әуен арқылы қимылдаған шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды. *** Гиннесс рекордтар кітабына Қазақстанның атынан енген тағы бір жетістік – Астанада орналасқан «Хан шатыр» ойын-сауық кешені. Биіктігі 150 метрден асатын бұл ғимарат «әлемдегі ең биік шатыр құрылыс» ретінде тіркелген. *** 2011 жылы желтоқсанда қазақ география қоғамының экспедициялық тобы оңтүстік полюске дейінгі 2308 километр жолды автокөлікпен 108 сағатта басып өтті (орташа жылдамдығы – 21,37 км/сағат). Бұл экспедиция «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді. *** Ал 2012 жылы Лондон олимпиадасында чемпион атанған ауыр атлет Илья Ильин қоссайыс (жұлқа және серпе көтеру) қорытындысы бойынша 418 килограмдық зілтемір көтеріп, әлем рекордын орнатты. Осы нәтиже кейін Гиннесс рекордтар кітабына еніп, Ильинге арнайы сертификат тапсырылды. *** Осы жылы сонымен қатар, Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.