9 кездесу – 9 жеңіс
9 кездесу – 9 жеңіс
Польшаның «Салт аттылары» қазақ боксшыларынан сабақ алды
«Астана арландары» ел аралап жүр. Бүкіләлемдік бокс сериясының аясындағы тоғызыншы турдың кездесуін олар шырайлы Шымкент шаһарында өткізді. Таразбен елі аралас, қойы қоралас өңірге барып, кездесуді көзімізбен көрдік. Жігіттердің жеңіске деген құштарлығына марқайдық. Мағжан айтқандай, «көздерінде от ойнап тұрды». Матч басталмай тұрып, автобустан шыға берген Василий Левитке әзілдеп: «Бұл жолы төрт раундқа жеткізбей жеңетініңе бәс тіге берсек бола ма?» деген едік. Вася да бір жымиды да: «Төртінші раунд деген де бар ма?» деді. Бұл Левиттің кездесулерін ерте аяқтап жүрген соң юморға кезек бергені деп ұқтық та, бір күліп алдық. Сонымен... Шымкенттегі жеңіл атлетика кешені жанкүйерлерге лық толды. Былғары қолғап шеберлерін жоғары бағалайтын Құдайы көршілеріміз қиқуға басты. Қолдады. Жігіттерді жігерлендірді. Алдымен рингке 49 келінің серкесі, Шымкент боксының түлегі Жомарт Ержан көтерілді. Дебютті кездесуін ол Давид Ягодзинскиймен өткізді. Шаршы алаңға аттай шауып, ойқастап шыққан Жомартыңыз жігіт екен. Алдымен мейманның қарымын байқап, қуатын бағалап көрді де, шамалы уақыттан соң іске кірісті. Рингте өзін серияның дебютанты ретінде сезінген жоқ. Тікелей бағыттаған сол қолы Давидіңіздің танау тұсын дәл тауып жатты. Төменнен жоғарыға қарай сілтеген апперкоты да мейман жігіттің мазасын қашырды. Жекпе-жек бес раунд бойы осы сценариймен өрбіді. Төрешілер бір ауыздан жергілікті боксшының жеңісін мойындады. Мойындағанды былай қоя тұралық, тіпті үшінші төреші екі раундта поляк жігітінің өнеріне 8 деген ұпай қойыпты. Кездесуден кейін Жомарт Ержан: «Өз алаңымызда да, сыртта да жеңілуге қақымыз жоқ. Өйткені, қазақ жанкүйерлері бокс десе, ішкен асын жерге қояды. Алдағы уақытта да барымды салып, жеңісті жорықтарды жалғастыруға тырысамын» деп қысқа қайырды. Мұнан соң рингке беттеген 56 келідегі Мейірболат Тойытов Сильвестр Козловскийді «жұтып қойды». Бірінші раунд бел ортасына таяған тұста оң қолымен қарсыласының бауыр тұсын сақ еткізіп еді, жер бауырлап қалды. Меселі қайтып қалған Козловский қазақ жұдырығынан келетін кеселден барынша сақтанып, бес раунд шыдас берді, әйтеуір. Жекпе-жектен соң Тойытовпен тілдестік. «Жеңістің дәмі тәтті. Бірақ, шын мықтылар әлі алда ғой. Айталық, ашық бокстасып жүрсің. Бұл мәнеріңді кубалық Сотолонгамен кездессең де ұстанасың ба, ол қауіптірек емес пе?» дейміз ғой. Мейірболат қысқа қайырды. «Оны уақыт көрсетеді. Әр қарсыласқа жеке дайындаламыз. Жеңіс үшін жан аямаймыз». Жігіттің сөзі! Үшінші кездесуге «Арландардың» капитаны Самат Бәшенов желпініп шықты. 64 келінің көшбасшысы Самат Казимира Ляговскийдің мысын басып тастады. Қайта-қайта нокдаунға түсірді. Тіпті Казимиріңіз төртінші раундта бауырдан тиген соққыдан соң рингте аунап жатты. Самат бүкіләлемдік бокс сериясында тұңғыш рет техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтанов та қарсыласынан басым түсті. Томаш Ялонский Нұрсұлтановтың алдында дәрменсіздік танытты. Енді Левитке келейік, Вася ердің ері екен! Сөзінде тұрды. Ол шын мәнісінде төртінші, бесінші раундтарды ұмытып қалған-ау. Үшінші раундтың ортасында нокдаунға екі мәрте түскен Игорь Якубовскийді бапкері ақ сүлгі лақтырып қауіптен құтқарып қалды. Таза жеңіс! Арландар қарсыластарын 5:0 есебімен іремей сойды. Енді оныншы турда Әзірбайжанның «Баку оттарын» тағы да Шымкентте қабылдайды. Жарқын жеңістер күтеміз. Жігіттер әзірбайжандық боксшыларды да жеңеміз деп желпініп отыр.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Тараз-Шымкент-Тараз.
Суретті түсірген Нұрғиса Нұрлыбай.