Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа
Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа
Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның XVI съезінде сөйлеген сөзі
Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті делегаттар мен съезд қонақтары! Баршаңызды съезд жұмысының басталуымен құттықтаймын. Сіздер байтақ Қазақстанның барлық аймақтарын қамтитын 850 мың партия мүшесінің атынан келіп отырсыздар. Мен барша партиялас серіктеріме еліміздің гүлденуі мен өсіп-өркендеуі үшін төгілген өлшеусіз тер мен ортақ патриоттық еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Алдымызда еліміз үшін тағы бір тағдырлы, тарихи белес тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы халықтың тарапынан қызу қолдау тапты. Санаулы күнде маған бұл мәселеге қатысты мыңдаған хат келіп түсті. Құзырлы органдар бұл бастаманы еліміздің заңдарына сәйкес деп тапты. 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы менің Жарлығым халқымыздың бастамасына жауап болды. Бұл – Отанымызды, бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы біздің бағытымызды жалғастыруға жалпыхалықтық ұмтылыс пен бірліктің дәлелі. Құрметті қазақстандықтар! Тәуелсіздік жылдары ішінде біз Ұлы жолды жүріп өттік. Біздің еліміз әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. ІЖӨ 20 есе өсіп, 2014 жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Бүгінде біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына енуге қол жеткізу жолында жұмыс жүргізудеміз. Өткен 4 жылда 2011 жылдың сайлау науқаны барысында мен айтқан барлық міндеттерге қол жеткізілді. Біріншіден, ІЖӨ көлемі орта есеппен жыл сайын 5,7 пайызға өсіп отырды. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдық жоспары аяқталды. Екіншіден, аграрлық сектор даму үшін қуатты серпін алды. Үшіншіден, инфрақұрылымдық салаларда үлкен өзгерістер болды. Төртіншіден, шағын және орта бизнес дамып келеді. Бесіншіден, Қазақстан әлеуметтік жаңғыру жолына бет бұрды. 2010 жылдан бері халықтың табыстары 43 пайызға, ал айлық еңбекақы 130 мың теңгеге жақындап, 64 пайызға өсті. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 1,4 есеге, ең төменгі зейнетақы 1,8 есеге өсті. Алтыншыдан, 4 жыл ішінде ауқымды әкімшілік реформа жүргізілді. Мемлекеттік аппарат реформаланып, Үкіметтің функцияларының 60 пайызы министрліктер мен әкімдіктер деңгейіне берілді. Министрліктер саны 17-ден 12-ге дейін оңтайландырылды. 9 агенттік қысқартылып, комитеттер ретінде министрліктер құрамына берілді. Аудандық маңыздағы қалалар әкімдерінің, сондай-ақ селолық әкімдердің сайланбалылығы енгізілді. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде терең реформалар жүруде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілуде. Конфессияаралық келісім мен тыныштықтың арқаулық негізі ретінде мемлекеттің зайырлылық сипаты нығайтылды. Жетіншіден, елдің халықаралық беделі нығайып келеді. Бүтіндей алғанда, біз жоспарланғандардың бәріне қол жеткіздік! Алға қарай қарышты қадам жасалды! Бұл баршамыздың ортақ жеңіс маршымыз! Қазіргі уақытта әлемдегі ахуал күрделілене түсуде. Әлемдік рыноктарда энергия көздері мен металл бағаларының құлдырауы экономикалық тәуекелдерді күрт ұлғайтып жіберді. Барлық дерлік мемлекеттер елеулі геосаяси және экономикалық сын-қатерлерді бастан өткеруде. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты Қазақстанның экономикалық тәуекелдерге қояр тосқауылы болды. Ол, біріншіден, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында экономикалық ауытқушылыққа қарсы іс-қимыл шараларынан, екіншіден, индустрияландыру бағытының екінші бес жылдығын одан әрі жалғастырудан тұрады. Сондай-ақ, әлеуметтік саясат та айқын белгіленді. Қатаң бюджеттік саясат пен үнем мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне өзгеріс енгізбейді. Сонымен бірге, жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің тереңдігі сондай, ол әр мемлекеттің тұрақтылығы мен табыстылығын сынаққа салады. Сондықтан да біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біріншіден, сыртқы факторлардың мемлекет құрылысына ықпалының теріс сценарийіне жол бермеу. Екіншіден, дамудың қол жеткізілген қарқынын сақтау. Үшіншіден, одан әрі даму үшін жағдайлар жасау. Төртіншіден, әлемнің 30 дамыған мемлекетіне қарай алға жылжуды жалғастыру. Біздің мемлекеттілігіміздің ауқымды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет. Бір орында тұруға болмайды. Өз табыстарымызды арқау етіп өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институттық реформаны алға тартамын. Бірінші – Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екенін көрмеу мүмкін емес. Бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешімдер қабылдауды саясаттандырады. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір қамқоршының айналасында команда қалыптасады. Мұндай патронат жемқорлық үшін жағдайлар туғызады, тамыр-таныстықты туындатады, кадрлық әлеуетті төмендетеді. Сонымен бірге, еңбекке ақы төлеудің төмендігінен мемлекеттік қызмет тартымсыз күйінде қалуда. Көбіне-көп мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек жоқ, ал қызметте жоғарылау сол баяғы қамқоршыларға байланысты. Мен маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатқанын білемін. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономиялы етіп жасау маңызды міндет болып табылады. Сайлаулар, министрлердің, әкімдер мен өзге де басшылардың ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызметке әсер етпеуі тиіс. Ағымдағы позициялылықтан мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қажет. Әрбір басшы төменнен бастап барлық басқару сатыларынан өтуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет. Жақсы жұмыс істесе – бонус алады. Жаман жұмыс істесе, экономикада өсу және нәтижелері жоқ болса – тиісінше, еңбекақысы да төмендейді.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге талантты кандидаттарды, соның ішінде жеке сектордан да, іздеудің жаңа арналарын ашатын уақыт келді. Белгілі бір лауазымдарға шетелдік менеджерлерді тарту орынды болмақ. Тілді білмеу де, азаматтық та бұл орайда кедергі болуға тиіс емес. Көптеген табысты елдер осылай жасайды. Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін біліктілік талаптары қатаңдатылуы тиіс. Барлық деңгейлердегі мемлекеттік қызметшілерді толық аттестаттаудан өткізу қажет. Меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қою маңызды. Ол үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылымында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жеке дербес бөлімшені құру қажет. Меритократия тек мемлекеттік аппарат үшін ғана емес, сонымен бірге, соттарды, құқық қорғау органдарын, ұлттық компаниялар мен холдингтерді қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік сектор үшін де жалпыға бірдей қағидатқа айналуы тиіс. Бізге Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды әзірлеу, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңға өзгерістер енгізу қажет болады. Мемлекетке қызмет ету біздің қоғамымыздың бірлігін нығайту үшін негіз болуы тиіс. Мемлекеттік қызмет этностық қатыстылығына қарамастан, меритократия қағидаттары негізінде өзін өзі көрсетуге бірдей мүмкіндіктер беретін әділетті қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналуы керек. Екінші – Меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі. Ішкі істер органдарының жұмысы да қоғам үшін мөлдір емес. Полиция қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай етіп жұмыс істеуі керек. Бүгінде азаматтар жол инспекциясы офицерінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімге немесе министрге айыппұл салатынына онша сене қоймайды. Бұл ретте АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысына қатысты таяуда болған мысалды келтіруге болады. Джон Керриге өз үйінің алдындағы қарды тазартпағаны үшін айыппұл салынды. Сондықтан полицияның мәртебесі мен оның азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет. Құқық қорғау органдарының мөлдірлігін, ақпараттық технологияларды дамыту, патрульдік қызметті бейнетіркеушілермен жабдықтау бойынша шаралар дестесін қалыптастыру керек. Полицияға кәсіби және психологиялық іріктеудің жаңа жүйесін енгізіп, полицейлердің өздерінің біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып және растап отыруын қамтамасыз ету маңызды. Судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын қатайту қажет. Судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиіс. Кандидаттар негізгі жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттарда өтетін сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс. Кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керек. Сол сияқты қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, оны табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады. Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет. Айрықша мәселе – елдің Қарулы Күштерін жаңғырту. Олар заманауи, жұмылғыш, кәсіби болуы тиіс. Кәсібилік және озық қару-жарақпен, сондай-ақ, техникамен жарақтандыру есебінен армияның жауынгерлік қабілетін арттыруды қамтамасыз ету керек. Үшінші – Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім. Кәсіби мемлекеттік қызмет және заңның үстемдігі орта тапты жедел қалыптастыру үшін экономикалық реформалардың кешенін жүзеге асыруға жағдай жасайды. Сапалы өсім мен экономиканы әртараптандыруға қол жеткізу үшін біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Ол уақтылы және мейлінше қажет шара болып табылады. Индустрияландыру – экономиканың құралы ғана емес, сонымен бірге, мемлекет дамуының және орта тапты қалыптастырудың маңызды факторы. Дегенмен, индустрияландыру мен өңдеу секторы әзірге экономикалық өсімнің нағыз қозғаушысы бола алған жоқ. Үкімет онымен айналысуы тиіс. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесінде де қиғаштықтар бар. Аграрлық секторға бюджеттен қосымша құны төмен сала өнімдері өндірісін субсидиялауға қомақты қаржы бөлінеді. Оның үстіне, ауыл өндірушілері салық төлемейді десе де болады. Бүгінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу секторын жаңа кешенді бағдарламалар негізінде дамыту маңызды. Бұл орайда, қайта өңдеу салаларында трансұлттық компаниялардың қатысуымен шамамен 10 ірі жобаны жүзеге асыруға кірісу қажет. Индустрияландыру, сонымен қатар, шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру мен елдің экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Қазір кедендік ресімдеулер көп уақыт алады, тариф саясаты күрделі және шым-шытырық болып табылады, тарифтік емес кедергілер әлемдік тәжірибеге кереғар келеді. Еуразиялық одақ аясында тариф саясатын оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Болашақтағы басты міндет экономикалық даму серпінін қамтамасыз ету болып отыр. Жұмыстың қорытындылары экономиканы әртараптандыру есебінен жаңа 3-4 экспорттық өнімдердің туындауы болуы тиіс. Шағын және орта сервистік кәсіпорындар саласындағы даму шешуші бағыт болып табылады. Туризмді дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдаған жөн. Бұл – артық еңбек ресурстарын ауылды жерлерге тартудың маңызды мәселесі. Бізде урбанизация әлсіз. Халықтың 43 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Қазақстанның интеграциялық саясаты барысында ел экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстарға тартылуын кеңейту үшін құралдар қалыптастырылды. Алматыда қаржы орталығын құру үдерісі жоғары серпінділік алуы тиіс. Бұл жерде Алматының арнайы мәртебесін заңнамалық бекіту маңызды. Төртінші – Болашағы біртұтас ұлт. Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді. Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады. Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы. Тілдердің үштұғырлығын – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігі өсімінің кепілі. Қазақстанның барлық азаматтары үшін қандай да бір өзгешеліктер мен шектеулерсіз тиімді әлеуметтік лифттерді қамтамасыз ету қажет. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтар жаңа жалпыұлттық құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтарды – өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюлары керек. Барлық қазақстандықтар үшін қазақстандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да озық сапаларын шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады. Орта тап қазақстандық ұлттың негізі, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудың қайнар көзі ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл – заң үстемдігіне барынша мүдделі және мемлекеттің халық пен елдегі тұрақтылыққа есептілігінің қозғаушы күші. Сондықтан нақ кең көлемді орта тап ұлттық біртектілікті қалыптастырудың өзегі болып табылады. Мемлекеттің аса маңызды құжатында ресімделген Мәңгілік Ел идеясы жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі ретінде көрінуі тиіс. Мектептерде бүкілқазақстандық «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасына енгізу қажет. Біздің елімізде 17 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ішіндегі аса ірілері – ислам, православие және протестанттық. Қазақстан аумағында тарихи қалыптасқан Ханафит исламы ұстамдылығымен және төзімділігімен, ислам құндылықтарын парасатты түсіндіруімен ерекшеленеді. Қазақстандағы тегі славян тұрғындарының көп бөлігіне тән православие басты мәселе ретінде адамның ар-ұяты мен адамгершілік таңдауын, ізгілік пен аяушылықты қояды. Соңғы жылдары Қазақстанда протестанттық шіркеуге барушылар қатары өскені байқалады. Протестанттық табысты және өнімді еңбекті, ұқыптылық құндылықтары мен қайырымды істерді адам өмірінің өзегі ретінде қарастырады. Осылайша, әр діннің өз қасиеті бар. Олар қашанда қазақстандықтарды біріктіріп, бейбітшілік пен келісім, қоғам мен экономиканы дамыту, мемлекетті нығайту ісіне қызмет етуі тиіс. Бесінші – Транспарентті және есеп беруші мемлекет. Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл – бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Көптеген елдердің тәжірибесі «әуелі – күшті мемлекет және экономика, содан кейін саясат» қағидатын бұзу апаттарға алып келіп, қоғамды «сындыратынын» көрсетіп отыр. Біреулерінде саяси режімдерді бұзу орын алып, басқаларында экономика қирап, жанжалдар және тіпті, азамат соғыстары пайда болады. Біз мұны түрлі елдердің тарихтарынан жақсы білеміз және бүгін көптеген мемлекеттерден көзбе-көз көріп отырмыз. Әлемнің түрлі өңірлеріндегі соңғы азамат соғыстары мен қанды жанжалдар тізбегі ойластырылмаған және жеделдетілген демократияландыру мемлекеттің тұрақтылығына кепілдік бермейтінін және табысты экономикалық жаңғыртуды қамтамасыз етпейтінін көрсетіп берді. Саяси мәдениетсіз сайлаудың салдарын көптеген елдердің қазіргі ахуалынан бағамдауға болады. Соңғы жылдары кейбір елдердің азаматтары еңбек етуді ұмытты. Наразылық шерулері сәнге айналды. Адамдары митингке шығуға күнделікті жұмысқа барғандай асығатын болды. Сол үшін оларға арандатушылар жалақы төлейтін болды. Сайлау жұртты біріктіретін емес, бауырларды бөлетін, ағайынды араздастырып, өзара қару кезендіретін болды. Көшедегі қарабайыр саясатшылдық пен тек сайлаудан сайлауға дейін өмір сүру ақылды елдің жолы емес. Елге қызмет ету үшін емес, мансап үшін билікке ұмтылу да абырой әпермейді. Осы орайда ұлы Абайдың қара сөздерін еске түсіремін. Ол үшінші қара сөзінде былай дейді: «Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па» деп елдің бұлданғанымен күн өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күн өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күн өтеді. Енді несі қалды?». Сайлау – әншейін сайлау өткізу үшін емес, елді бірлікке шақырып, жұртты еңбекке ұйыту үшін болса, ғанибет. Сондықтан жоғарыда айтылып кеткен төрт мақсатты орындап, содан кейін саяси мәселелерге көшкен жөн. Бұл жолды дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр. Бес институттық реформалар – ел дәл осындай ізділікпен өтуі тиіс бес қадам. Тек осындай жағдайда ғана біздің реформаларымыз тиімді болады, ал қоғам мен мемлекет біртұтас және тұрақты болады. Нақ осындай жолдан барлық табысты мемлекеттер өткен. Біріншіден, мемлекеттік органдар басшыларының есептілігі тәжірибесін кеңейткен жөн. Екіншіден, шешім қабылдау үдерісінің мөлдірлігін қамтамасыз ету керек. «Ашық үкімет» тетігі арқылы азаматтар барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдау үдерістеріне белсенді тартылуы тиіс. Бұл үшін жасау және қабылдау алда тұрған көпшілік ақпараттарға қолжетімділік туралы жаңа заң осыған негіз болады. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту маңызды. Үшіншіден, азаматтық бюджеттендіруді енгізген жөн. Әңгіме азаматтық қоғам өкілдерінің өңірлердегі бюджет қаржысын бөлуге қатысуы туралы болып отыр. Төртіншіден, шағым жасау жүйесін нығайту маңызды. Заңнамада азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің іс-қимылына шағым жасауына мүмкіндіктер кеңейтілген болуы керек. Бесіншіден, қоғамда өзін өзі реттеуді кеңінен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдар жауапкершілігі аймағын әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет көрсетулер, олардың дайындығына орай азаматтық қоғам институттарына байланысты өкілеттіктерді бере отырып, кезең-кезеңмен қысқарту керек. Осы бес бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілуімен жергілікті атқарушы органдардың жаңа сайлау жүйесі туралы мәселені шешуге болады. Билік өкілеттіктерін біздің дәстүрлерімізді есепке ала отырып Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлуді көздейтін конституциялық реформа кезең-кезеңімен жүргізілетін болуы тиіс. Осы бес реформа жинала келіп, Қазақстан мемлекеттілігін нығайту мен әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жағдайлар жасайды. Бұл – «2050-Стратегиясын» орындауға бастар жол. Бес институттық реформаның әрқайсысы – ел үшін орасан зор сын-қатер және үлкен жұмыс. Мұндай реформалар тек билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен ғана қамтамасыз етіле алады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам қалыптасуы үшін елдің алға қарай 40-50 жыл бойы тұрақты қозғалысы қажет. Ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Оларды жүргізу үшін мен Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құруды ұсынамын. Ол бүкіл реформалар кешенін жүзеге асыруды үйлестіретін болады. Осылайша, біздің алдағы жылдардағы ең өзекті мақсатымыз – осы бес халықтық реформаны іске қосып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Қымбатты қазақстандықтар! Бірнеше күн ішінде мен еліміздің азаматтарынан, еңбек ұжымдарынан, білім беру мекемелерінен, қоғамдық бірлестіктерден кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді қолдау және менің кандидатурамды осы сайлауға ұсыну туралы өтініш білдірген орасан көп хаттар мен үндеулер алдым. Менің Қазақстан мен қазақстандықтардың игілігі жолындағы еңбегіме жоғары баға берген баршаңызға зор рахмет! Өз халқыңның осындай сеніміне ие болудан артық марапат жоқ. Бүгін съезд мінберінен менің атыма жылы сөздер айтқан баршаға шын көңілден ризамын. Мен алдағы сайлауға «Нұр Отан» партиясынан Президенттікке кандидат ретінде түсуге өзімнің келісімімді беретінім туралы мәлімдеймін. Мен сіздерді, менің серіктестерім – нұротандықтарды, барлық қазақстандықтарды тағы да топтасып, жеңіске жетуге шақырамын! Біздің ортақ рухани күшіміз бен жоғары мақсатымыз: Мәңгілік Ел! Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызды прогресс қуатымен толтыратын болады. Қымбатты отандастар! Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды ету үшін одан да зор қажыр-қайрат керек. Кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – бәрімізге ортақ парыз. Біз әлемдегі ең мықты 50 елдің сапына еркін қосылып, енді ең қуатты 30 елмен иық тірестіру жолына түстік. Біздің ашық аспан астында ештеңеге теңгермейтін бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан! Бізге ХХI ғасырда бағдар болатын бір ғана стратегия бар, ол – «Қазақстан-2050»! Баршамызды ерен істерге жетелейтін бір ғана ұлы мақсат бар, ол – Мәңгілік Ел! Осы жолда күллі халқымызды біріктіруге, мақсатымызды орындауға жұмылдыратын «Нұр Отан» партиясы! Қасиетті Отанымызды нұрландыра түсу үшін бір тудың түбіне жиналып, жарқын болашаққа бірге қадам басайық!
Біз қашанда біргеміз! Алға, Нұр Отан! Алға, Қазақстан!