Саясат

Транспарентті мемлекеттің іргетасы берік

Транспарентті мемлекеттің іргетасы берік

16Махметғали Сарыбеков, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргідей қиын-қыстау кезеңде экономикамызды өркендетудің жолын ғана емес, мемлекеттілікті нығайтуға аса қажетті бес бағытты да айқын көрсетіп беріп отыр. Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде Қазақстанды дамыту үшін бес халықтық реформаны іске асыру қажеттігін айтты. Төрт реформа кезеңімен орындалғаннан кейін бесінші – саяси мәселелерді шешу ісіне көшу керектігіне тоқталды. Елбасы атап көрсеткен төрт мақсат – транспарентті мемлекетті құрудың негізгі іргетасы. Яғни, мемлекет алдында есеп беретін Үкіметті дамытудың бірден-бір жолы. Жалпы, транспарентті мемлекет дегеніміз не? Біз қоғамдық жүйенің бейнесін қалай елестетеміз? Мұндай институттық реформаның ірге негізі елімізде қашан қалана бастады? Әуелі осы сауалдарға жауап іздеп көрейікші. Транспарентті мемлекет дегеніміз – мемлекеттік жүйе мен мемлекеттік емес жүйе арасындағы байланыс. Осы екі жүйенің өзара сабақтастығының сақталуына көңіл бөлген ел ғана транспарентті мемлекет бола алады. Ал барлық іс-шаралар әкімшілік тұрғыда, Үкімет тарапынан шешілетін болса, ол авторитарлық мемлекет деп саналады. Сондықтан, Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында әкімшілік ресурстармен қатар, мемлекеттік емес институттарды дамыту қажеттігін баса айтып, нақты тапсырмалар берді. Азаматтық қоғамның алдында барлық мемлекеттік құрылымдар есеп беруі тиіс. Бұл, ең алдымен, республикалық бюджет бекітілген кезде қажет. Бюджет қай мақсатта жұмсалады, оның тиімділігі, халыққа пайдасы, игерілуі тұрғындарға мемлекеттік емес ұйымдар арқылы жан-жақты түсіндірілуі керек. Жалпы, транспарентті мемлекет жүйесін құру идеясының түпкі негізі Ата Заңымыздан бастау алатынын айта кеткен жөн. 2007 жылы Конституцияға Елбасының ұсынысымен нақты өзгерістер мен қосымшалар енгізілген болатын. Осы қосымшаларда Қазақстан Республикасын құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде дамыту жолдары нақты көрсетілді. Бірақ, біз бір нәрсені ескеруге тиіспіз. Демократия өзінен өзі орнықпайды. Ұлт көшбасшысының тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы басты ұстанымы – алдымен экономика, одан кейін экономиканы дамыту механизмін реттейтін саяси жүйе жасау. Егер мемлекет осы ұстанымдардан тайса, демократиялық қоғам қалыптаса алмайды. Ал демократия – аяқтыға жол бермеу, ауыздыға сөз бермеу керек деген сөз емес. Қытайдың бір философы: «Демократия мен анархияның арасы бір-ақ қадам» деген екен. Көп жағдайларда демократия деген осы екен деп лозунг ұстап, ұрандап көшеге шығып, оны анархияға айналдырып алмауымыз керек. Елбасы партия съезінде алыс және жақын шетелдерде болып жатқан осындай жағдайларды айта отырып, көптеген мысалдар келтірді.

Осыдан келіп саяси мәдениеттілік деген шығады. Біздің міндетіміз – жастардың, қазақстандықтардың бойында саяси мәдениеттілікті қалыптастыруымыз қажет. Психологияда «эмпатия» немесе «саяси эмпатия» деген ұғым бар. Адамның сана-сезімінде саяси эмпатияны қалыптастырмай тұрып, саяси мәдениеттілік туралы айтудың өзі артық. Мысалы, биыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясының, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, 26 сәуірдегі кезектен тыс өтетін президенттік сайлау. Мұның барлығы – қазақстандық қоғамда тарихи тағдырлы орны бар оқиғалар. Яғни, үлкен саяси үдеріс. Бірақ, осыны қазақстандықтар қалай қабылдайды? Оған өзіндік бір көзқарасын, өмірлік позициясын, ұстанымын білдіре ала ма? Жастар үшін бұл сайлау кезекті саяси науқан ретінде өте шыға ма? Жоқ әлде, бұл сайлау олардың сана-сезімін, менталитетін, психологиясын қалыптастыруға, өз елінің патриоты болуға қандай да бір әсерін тигізе ме? Тұрғындар мен жастардың санасында «саяси оқиға, тарихи маңызы бар мереке маған не береді», «мен одан не ұтамын», «сайлау өтті, келесі сайлауға дейін тыныш өмір сүре берсем екен» деген ой нық орныққан болса, онда саяси мәдениетті қалыптастыру өте қиын. Қоғамда болып жатқан кез-келген саяси үдерістерге біздің жастарымыз өзіндік пікірін айта білуі керек. Сонда ғана саяси мәдениет қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, саяси эмпатия саяси мәдениетті болуға итермелейді. Съезде мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік стимулы жайлы да сөз қозғалды. Мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартудың үлкен бір факторы – осы. Мемлекеттік қызметкерлер екі санатқа бөлінетіні белгілі. Саяси және мемлекеттік қызметкерлер. Оларға еңбегінің нәтижесіне байланысты еңбекақы төлеу, саяси қызметкерлерге арнайы бонустар тағайындау, мемлекеттік қызметкерлерге материалдық сыйақы беру мәселесі де айтылды. Мұның барлығы – мемлекеттілікті нығайту үшін аса қажетті институттық реформалар. Елдің даму жолында бірізділікпен өтуі тиіс бес қадамды жасағанда ғана қоғам мен мемлекет біртұтас бола алады. Саяси мәдениет қалыптасады. Елбасы жиында мемлекеттік қызметтерге дарынды, қабілеті жастарды тарту мәселесін көтерді. Бұл да транспарентті мемлекетті құруға қажетті баспалдақтардың бірі. Жалпы, мұндай ұсынысты Мемлекет басшысы бұрын да айтқан. Осыдан екі жыл бұрын «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлерімен кездескен кезде жастардың әлеуметтік лифтілерін дамыту қажетін ескерткен. Соның бірі – дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Жастар үшін бұл – үлкен сенім, зор жауапкершілік. Осыны ақтау үшін жастардың бойында шынайы отансүйгіштік, елшілдік қасиеттер, озық білім, парасат пен мәдениет болуы шарт. Тәуелсіз еліміздің кемелденуінде жастардың рөлі зор. Мемлекеттігіміздің тұғырын бекітетін де, бағыт-бағдарын айқындайтын да – білімді жастар. Сол жастарымыз мемлекетіміздің тағдырына бейжай қарамайтындай болып қалыптасуы жолында көп жұмыстар атқаруымыз керек. Себебі, әлемдік даму тарихында келешек жастарға сенім артқан ұлт қана алға қойған мақсат, мұраттарына қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түскені айқын. Ел тағдырына араласатын ұрпақтың сана-сезіміне дұрыс бағыт-бағдар беріп, олар ертеңіміздің жарқындығын сезініп өсуі тиіс. Жас жеткіншектердің алдыңғы буынға қарап бой түзейтіні белгілі. Біз кезінде көркем фильмдердегі немесе кітаптардағы басты кейіпкерлерге еліктеп өстік. Қазіргі жастардың басты қаһарманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені күмәнсіз. Жасөспірімдер арасында «мен Елбасы сияқты болғым келеді» деп армандайтындар көп. Бұл – заңды құбылыс. Елбасының кемеңгерлігіне халық тәнті. Көшбасшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан халқы жаңылыспай, адаспай, алға адымдауда. Бүгінгі әрбір жас қазақ халқы үшін алға жылжу мен тоқтамаудың маңызы мен жауапкершілігін шынайы сезінуі тиіс.