«Биномдықтар» бірауыздан қолдайды
«Биномдықтар» бірауыздан қолдайды
«Нұр Отан» партиясының Астанада өткен кезекті XVI съезінде халықтың өтініш-тілегін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға түсетінін мәлімдеген еді. Осыған орай қазір еліміздің әр аймағында Президент Н.Назарбаев жүргізіп отырған саясатты, оның жүзеге асырып жатқан реформалық жобаларын қолдайтындарын білдіріп еңбек ұжымдары бейбіт митингтерге шығуда. Мұндай шаралар біздің облыста да басталып кетті. Соның бірі кеше Таразда облыстың тұрғын үй құрылысы саласының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан «Бином Group» ЖШС компаниялар холдингінің ұйымдастыруымен өтті. Елбасын қолдау шарасына облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев, «Бином Group» ЖШС бас директоры Серік Олжабеков және осы серіктестікке қарасты «Бином Строй Деталь», «Бином Строй» және «Бином водхоз» ЖШС-ларының басшылары мен ұжымдары қатысты. Митингіде сөз алған С.Олжабеков Елбасының Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін айта келе, «биномдықтарды» алда келе жатқан Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдауға шақырды. Сондай-ақ, компания қызметкерлері де өздерінің ойын білдіріп, Елбасын бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
«Ақ жол – Ақпарат».