Еңбек адамдарының мүддесі
Еңбек адамдарының мүддесі
Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалы 2010 жылдың наурызы мен 2015 жылдың ақпаны аралығында атқарған жұмыстары жөнінде есеп беру-сайлау конференциясын өткізді. Басқосу барысында аталмыш филиал төрағасы Оңласын Есіркепов баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының құрылымына жалпы 7737 кәсіподақ мүшесін біріктіретін 10 аудандық және 219 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Кәсіподақ мүшелерінің 37,6 пайызын жастар құрайды екен. Сонымен қатар кәсіподақ комитеті төрағаларының дені де жастар. Оңласын Қарабайұлы есепті кезеңде атқарылған ауқымды істермен қатар алда тұрған міндеттерге де кеңінен тоқталды.
Кез-келген қоғамдық істің басы-қасында болып, бастамашылық танытып жүретін кәсіподақ өкілдері биыл еліміз бойынша тойланатын Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды мерейлі мерейтойлар аясында өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруға мүдделілік және шығармашылық жігер танытуды мақсат тұтып отыр. Осы орайда Оңласын Есіркепов, алдыда тұрған тағы бір міндеттің кәсіподақ мүшелерінің санын көбейту екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар ол бүгінгі ақпараттың таралуы қарқын алған заманда осы бағыттағы жұмыстың пәрменділігін арттыру да айрықша мәселе болып отырғанын алға тартты. -Біздің мақсатымыз қарапайым және көпшілікке түсінікті. Ол – еңбек және өмір сүру жағдайын жақсарту, жалақыны арттыру, жұмыс орындарын сақтау, кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету. Біз кәсіподақ қатарын күшейтіп, еңбек адамының мүддесін қазіргіден де нақты әрі пәрменді қорғау үшін әлі де көптеген жұмыстар атқару қажет екендігін түсінеміз, – деп түйіндеді сөзін Оңласын Қарабайұлы. Жиынға Қазақстан Республикасы мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Ахметова қатысып отырды. Конференция соңында делегаттар бір ауыздан мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы етіп Оңласын Есіркеповті қайта сайлады.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».