Леонардо Да Винчидің жұмбағы
Леонардо Да Винчидің жұмбағы
Леонардо да Винчи – тек «Қайта өрлеу дәуірінің тұлғасы», «Әмбебап адам» феноменінің классикалық үлгісі ғана емес, жалпы, адамзат баласы осындай терминнің пайда болғаны, оның тұлғасы, тағдыры, шығармашылық және ғылыми ізденістерінің орасан ауқымы үшін ұлы суретшінің алдында қарыздар.
Кескіндеме, мүсін өнері, сәулет өнері, музыка, механика, физика, астрономия, геология, ботаника, анатомия... Леонардо да Винчи қызығушылық танытып, айналысқан салалар дәл осы тізіммен шектеліп қалмайды. Оның соңында қалдырған мұраларының шегі жоқ, түпсіз және кей жағдайда әлі күнге дейін оларды түсіндіріп берудің өзі қиын. Италияның өзінде, сонымен бірге әлемнің көптеген елдерінде оның өмірбаянын, шығармашылығын, жеке тұлғасын үздіксіз зерттеп келе жатқанына қарамастан суретшінің кейінгі ұрпақ үшін жұмбақ күйінде қалуы Леонардо да Винчи феноменінің бір қыры сияқты. Оның өмірбаяны да, көп қырлылығы да, футурологиялық көрегендігі мен инженерлік өнертабыстары да құпия болып қалуда. Кескіндемелік полотнолары, осы суреттерде көрініс тапқан адамды түсінуі, әлемге деген көзқарасы – сөз жоқ, оның ең үлкен құпиясы. Леонардо 1452 жылы Винчи қаласындағы бай нотариустың отбасында дүниеге келген. Жас Леонардоның суреттерін алғаш көрген суретші Андреа дель Верроккьо болатын. Ол Леонардоның суреттерінен үлкен мүмкіндіктерін, талантын байқап, болашақ суретшіге Флоренциядағы өзінің шеберханасында оқып-үйренуге ұсыныс жасайды. Ұсынысты қабыл алған жас Леонардо ұстазының «Христосты шоқындыру» картинасындағы бір періштенің суретін салған. Осы суреті арқылы-ақ ол Флоренцияда өнерге үлкен данышпан дарынның келгенін паш етеді. Адам өмірде әрқашан өзінің іздегенін табады деген сөз рас. Сол кездердегі өте мықты деп есептелетін Верроккьоның шеберханасында оқу Леонардоның эксперименттерге деген туабітті құмарлығының оянуына түрткі болды. Астроном Паоло Тосканеллимен жақындасуы астрономияға деген қызығушылығын арттырды. Шығармашылығының кемелденген кезінде Леонардо да Винчи Миланда Людовико Сфорц әулетінің сарай маңындағы суретшісі болып, оның бірқатар портреттерін салады. Өмірінің әр жылдарында ол Чезаре Борджиа, Джулиано Медичи сынды герцогтардың, француз королі І Францисктің қамқорлығында болып, олардың тапсырыстарын орындайды. Сөз жоқ, мұндай жоғары дәрежелі қамқоршылар қай кезеңде болсын өмір сүрген суретшілерге өте қажет болған. Ал Леонардо да Винчидің өмірінде ол үшін әрқашан, ең бастысы, өзінің жеке шығармашылық, ғылыми қызығушылықтары болып қалған. Оның көп қырлы таланты дәл осы ұстанымға сәйкес дамып отырған. Леонардо да Винчидің ең басты ұстазы табиғаттың өзі болатын. Табиғат құпияларын мұқият зерттейтінін оның өзі де бірнеше қолжазбаларында, суреттерінде атап көрсеткен. Атақты «Джоконда» картинасының авторы тірісінде өзінің жазушылық қасиетін де байқатты. Сол кезеңдерде сурет салу өнері белең алғанымен, оны теориялық тұрғыдан бекіткен ешкім болмады. Осы миссияны өз мойнына алған Леонардо сурет салу ғылымының да негізін салды. Шығармашылығының Миландағы кезеңінде Леонардо да Винчи өзінің мектеп-шеберханасын ашып, онда шәкірттері кескіндемемен және зерттеу жұмыстарымен айналысты. Суретші ретінде танымалдау болған шәкірттері ретінде Джованни Больтраффио мен Франческо Мельциді айтуға болады. Джованни Больтраффио шебердің қол астында оқып жүргенінде өзі бақылаған жайларды күнделігіне жазып жүреді. Ал ұстазының көшіп-қонып жүрген кезінде жанында бірге болған Франческо Мельци ұлы шебердің шығармашылық тұрғыдағы ізбасары ретінде белгілі. Леонардо қайтыс болған соң Франческо Мельци оның қолжазбаларының, кітаптары мен картиналарының сақтаушысы болды. Леонардо да Винчидің шәкірттері мен ізін қуушыларды, оған еліктеушілерді кей жағдайда «леонардески» дейді. Леонардо да Винчи кейбір туындыларын саналы түрде аяқтамайтын және бітірместен тастай салатын. Оның сақталған жұмыстары көп емес және көпшілігі өте жақсы сақталған деп айтуға келмейді. Әрине, Леонардо да Винчидің бейнелеу өнеріндегі ең атақты «Мона Лиза» («Джоконда», 1503 ж.), «Құпия кеш», «Сәби көтерген Мадонна», («Мадонна Литта»), «Үңгірдегі Мадонна» туындыларын барлығымыз білеміз. Ғалымның артынан 7 000 парақ жазбасы қалған. Ол жазбалар жүйеленіп, кейіннен 3 трактат болып халыққа жария болды. Атап айтсақ, «Көркемөнер трактаты», «Атлантикалық кодекс», «Құстың самғауы туралы трактат».