Ел жаңалықтары

Жер астында ғажайып өмір бар ма?

Жер астында ғажайып өмір бар ма?

Жер астында тіршілік бар ма? Бұған ешкім нақты жауап айта алмайды. Бірақ... Иә, «бірақ» дейтіндей жөніміз бар. Жақында осыдан бес миллион жыл бұрын жасалған карта табылды. Ол жер астымен тығыз байланысты. Осының өзі жер астында өте жақсы дамыған өркениет бар екенінен хабар береді. Алайда «картаны кім жасады?» деген сауалға әзірге ғалымдар жауап бере алмай отыр.

«Жер астында өмір бар ма?» деген әңгіме сонау өткен ғасырдың ортасында қозғалған. 1946 жылы журналист, жазушы Ричард Швейр жұртқа жерасты өркениет адамдарымен кездесіп, тілдескенін жария етті. Оның айтуынша, жер астындағылар, қазіргі киноларда немесе аңыздарда суреттеліп, бейнеленетін құбыжыққа көп ұқсайтын көрінеді. Алғашында жұрт жазушының айтқандарына сенбеді. Ойдан шығарылған сандырақ десті. Алайда уақыт өте келе адамдар Ричардтың келтірген мысалдарына көз жеткізе бастады. Тіпті өздері де саналы тіршілік иелерімен кездесіп қалғандарын, жерасты жолдарымен (тоннел) ғажайып техникалардың жүйткіп жүргендерін көргенін жария ете бастады. Ең таңғаларлық жағдай, жерасты тіршілік иелері керемет технологияға қол жеткізумен қатар, жер үстіндегі адамдардың санасына, ақыл-ойына, миына дейін бақылау орната алатындығы болып тұр. Поляк зерттеушісі Ян Паек жердің асты бір-бірімен жалғасып жатқан тоннелдерден тұратын өз алдына бір әлем дегенді айтады. Сол тоннелдермен жүріп отырсаң әлемнің кез-келген мемлекетінің астынан шыға келуге болады екен. Әзірге дәл осындай тоннел Оңтүстік Австралия, Эквадор, Жаңа Зеландия, АҚШ және тағы басқа бірқатар елден табылған. Паектің есебінше әлгі тоннел магистралдарымен белгісіз ұшатын табақшалар (БҰТ) жүйткіп жүретін көрінеді. Жаңа Зеландияда жерастына жұмысқа түскен бір шахтер кездейсоқ осындай ұраға тап болып, ғажайып аппараттың ұшып өткенін көрген. Бірақ белгісіз бір күш әлгі ұраға кіретін тесікті тез арада бетондап тастауды әмір еткен секілді. Жұмысшы оны орындаған. Бірақ санасында жерастындағы жұмбақ жолға тап болғаны сақталып қалған көрінеді. Тағы бір дерек, фашистік Германия да жерасты жолдарын іздеумен айналысқан. Өйткені басында Гитлер тұрған Үшінші Рейх сол тұста әлемді қалайда билеу үшін белгісіз тылсым күштерді игеруге тырысқаны тарихтан белгілі. Соның бірі жер астындағы өркениетті іздеу болатын. Тибеттегі уақыт кілтінің қақпасы саналатын Шамбалаға, жер астындағы ғажап мекенді іздеу үшін Антарктидаға арнайы экспедиция ұйымдастырды. Соның бірі 1942 жылы Гиммлер мен Герингтің бұйрығы бойынша жерасты өркениетін іздеу үшін Балтық теңізіндегі Руген аралына экспедиция жасалды. Экспедиция мүшелері сол кездегі Германияның асқан ақыл иелерінен құралды. Оның басшысы профессор Хайнц Фишер еді. Бұлардың алға қойған мақсаты – көне аңыздың ізі бойынша аралдағы жұмбақ қақпаны тауып, жер астындағы өте дамыған тіршілік иелерімен кездесіп, келіссөз жүргізу болатын. Бірақ ол орындалды ма, экспедиция жерасты өркениет иелерімен кездесті ме, бұл әлі күнге жұмбақ. Қалай десек те, кез-келген халық аңыздарының астарына үңілетін болсақ, «баяғыда сондай бір өркениет болған, олар әлемді билеген, кейіннен жерастына түсіп кеткен» деген секілді там-тұмдап болса да мәлімет табуға болады. Сол аңыздар әлгі өркениет иелері керемет дамыды, ғылымда да, мәдениетте де ғажап жетістікке қол жеткізген дегенді келтіреді. Алайда кездейсоқ болған апат салдарынан амалсыз жер астына тығылған-мыс, – дейді. Кім білсін? Бәрі де мүмкін. Мәселен, үнді халқының аңыздарында жер астында өмір сүретін Асгарти патшалығы жөнінде жиі айтылады. Сол патшалықта әбден дамыған тіршілік иелері тұратын көрінеді. Жалпы, жерасты өркениеті туралы мәлімет жеткілікті. Мәселен, 1977 жылы Батыстың бірнеше журналдарында жер серігі «ЕССА – 7» түсірген біртүрлі суреттер жарияланды. Шындығында жер серігі түсірген суреттерде жер астына жол бастайтын апан көрсетілген. Ол тесік Солтүстік полюсте жатыр. 1981 жылы әлгі жер астына кететін тесікті анықтау үшін келесі бір жер серігі тағы сол өңірді суретке тартқан. Бұл жолы да жер түбіне бастайтын ұраның аузы анық көрінген. Бұл не сонда? Жерасты өркениетіне алып баратын жол ма, әлде?.. Бәлкім, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан соң, Гитлердің жасырынған мекені ме? Өйткені Гитлер соғыстан кейін Антарктидада өмір сүрді деген әңгіме көп. Кім білсін, кім жанында болыпты дейсіз. Тарихқа көз жіберер болсақ, жер шары бірнеше мәрте апатқа тап болып, сол аралықта өмір сүрген тіршілік иелері жойылып кетіп отырған деген болжам бар. «Сол апаттың арасында өмір сүріп, керемет дамуға қол жеткізген саналы тіршілік иелері, сондай бір қысылтаяң шақта жер астына түсіп тығылуға мәжбүр болған» деседі кейбір уфолог ғалымдар. Өйткені басқа ғаламшарға ұшып кетуге технологиялық мүмкіндіктері болмаса, апаттың кесірінен жердің үсті өмір сүруге келмесе, амалсыз жер асты үңгірлеріне тығылуға тура келеді. Бұл енді логикаға қайшы емес. Дегенмен «жер астына түсіп кеткендер, араға ондаған, бәлкім, жүздеген жыл салып не болмаса жер беті адам өмір сүруге мүмкіндік беретін кезде неге жоғары көтерілмеген?» деген де заңды сұрақ туады. Оған ғалымдар олар өзге гравитацияда, өзге климатта өмір сүріп, қалыптасып кеткендіктен жердің үсті керек болмай қалды деп түсіндіреді. Өйткені жер астында жасанды жарықпен ұзақ уақыт жұмыс жасаған адам жер бетіне көтерілгенде, біразға дейін өз-өзіне жөндеп келе алмай қалатыны бар. Ал жер астына түсіп кетіп миллион немесе бірнеше миллион жыл жер астында өмір сүрген халықты жер бетіне шығарып көр, қандай күй кешетінін! Соңғы жылдары АҚШ ғарышты зерттеу орталығы NASA мен француз ғалымдары ұзақ уақыт «жер астында тіршілік бар ма?» деген мәселені зерттеп, оның қорытындысын жасаған. Олар зерттеу барысында жердің асты толы шым-шытырық жолдар екенін анықтаған. Он мыңдаған шақырымға созылған жол Алтай, Тарбағатай тауларынан басталып, Ресейдің қалың жынысты тайгасын, Орал және Тянь-Шань тауын жалғастырып, одан әрі Оңтүстік Америка мен Африкаға қарай созылып жатқан көрінеді. Бұл не қылған жол? Онымен кім жүреді? Бұны анықтауға әзірге ғылымның шамасы жете қойған жоқ. Өйткені бұл жерасты тоннелі табиғи үңгірлер деуге келмейді екен. Қабырғаларды арнайы қырғышпен тазартып, тіпті лактап қойған деуге болатындай жалтырап тұр. Эквадордағы жерасты ұрасына түсіп зерттеу жүргізген аргентиналық этнолог Мориц өз жазбаларында, «бұл жүздеген (бәлкім мыңдаған) шақырымға созылып жатқан тоннельдердің жасалуына таңғалмасқа амал жоқ. Өйткені олар керемет дәлдікпен жасалған, қабырғалары әйнекке ұқсаған мөлдір затпен қапталған. Жолдар лабиринтке ұқсаған, шым-шытырық. Адасып кетсең, жер бетіне қайтып шығу жоқ. Мұны табиғи үңгірлер деуге сірә келмейді. Сонда бұл жолдардың иесі кім?» деп таңғалады. Тәуекелге бел буып, 240 метр тереңге түскен Хуан Мориц театр залындай болатын кең бөлмеге тап болған. Ол жерден пластикке ұқсас материалдан жасалған жеті орындығы бар үстелді көрген. Сондай-ақ төрт бұрышты қаңылтырға ұқсас заттарға ойып тұрып, белгісіз таңбалармен бедерленген қиықшалар тапқан. Бір қызығы, қиықшалар дәл бір станоктан шыққандай біркелкі. Оған өте ғажап технологияның көмегімен белгісіз таңбаларды түсірген. Қазір ғалымдар Хуан Мориц тапқан дүниелерді зерттеумен айналысуда. Қорытындысында не айтады, әлгі жұмбақ таңбаларды оқуға құдіреттері жете ме, белгісіз. Егер де таңбаларды оқуға мүмкіндік болып жатса, онда жер шарына байланысты талай жұмбақтардың сыры ашылады. 1976 жылы Эквадор мен Перу мемлекеттерінің шекарасында жатқан Лос-Тайос деп аталатын жерасты тоннелін зерттеген екінші бір экспедиция да ғажап дүниеге кездесті. Жүздеген метрлік тереңге түсіп, оны бойлап жүрген зерттеушілер бір бүйірде үлкен бөлме барын байқаған. Бөлмеге кірген бойда ғалымдар алдында тұрған көріністен көз ала алмай, бір уақыт қатып қалысқан көрінеді. Әрине, таңырқаудан. Өйткені олар жерасты тіршілігі тастап кеткен кітапханаға тап болған-ды. Қабырғаларға қаттап жиналған белгісіз материалдан жасалған кітаптардың беттері 400 парақтан кем емес көрінеді. Ең ғажабы – кітаптың әр беті алтынмен апталған. Оған адам баласы түсінбейтін әріптер таңбаланған. Бірақ бүгінгі күнге дейін ғалымдар әлгі таңбаларды оқуда бір шешімге келе алмай жатқан көрінеді. Жақында ресейлік ғалымдар Қырым мен Кавказды одан әрі Ресей жері арқылы Жаңа жерді, одан кейін Солтүстік Америкаға жол тартатын тоннелді тапқан. Әзірге ресейлік ғалымдар қандайда бір мәлімет айтуға әлі ерте деп отырған көрінеді. Жалпы, бұл жерасты тоннельдерінің иесі кім? Кімдер жасады, қандай мақсатқа? Жерасты тұрғындары бар дейтін болсақ, олармен кездесу, келіссөздер жасалды ма? Сұрақ көп те, жауап жоқ. Дегенмен ғалымдардың бір бөлігі жер астында өркениет болуы мүмкін деген ортақ пікірге келіп отыр.