Мәдениет

Шәмші әнін әуелеткен Әли

Шәмші әнін әуелеткен Әли

республикалық байқаудан бас жүлдені жеңіп алды

Әлидің бала кезден ән айтуға құмар екенін естігенмін. Бірнеше рет республикалық байқауларға қатысып, жеңіске жеткенінен де хабардармын. Бірақ, жас жеткіншектің өнерін тамашалаудың сәті түспеді. Сондықтан, ән таңдаудағы талғамы әлі қалыптаса қоймаған жасөспірімнің қандай әндерді шырқайтынын білгім келетін. «Ұстазы жақсы болса, жеңіл даңғазаға бой үйретуіне жол бере қоймас» деген ойда жүргенмін. Сол Әли жуырда Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан республикалық «Менің Қазақстаным» атты байқауда бақ сынап, бас жүлдені жеңіп алыпты. Көкейдегі сауалдың жауабы міне, осы болды.

Әли А. Байтұрсынов атындағы орта мектепте оқиды. Эстрадалық вокал бағыты бойынша «Өнер» мектебінде тәлім алады. Бала кезінде ол әкесінің домбыра, гитара шертіп, ән салғанын көріп, өнерге деген құштарлығы ояныпты. «Шәмші шығармалары – қазақ әнінің төресі екені белгілі. Оның әндері кең-байтақ даламыздың табиғатына ұқсайды. Қазақ болмысын ашып, көрсетіп тұрады. Сол үшін Шәмші Қалдаяқовтың әндерін осы құндылықтарды бойына сіңірмеген адам жүректен-жүрекке жеткізіп орындай алмайды», – дейді көкдөнендік жас өнерпаз Әли Сәмбеттің тәлімгері Ерболат Садыханов. Иә, рас. Бүгінгі батыс пен шығыстың әуендерінің синтезі сынды даңғаза әндерге қарағанда, Шәмшінің туындылары нағыз қазақ әнінің қайнары екеніне ешкім дау айта алмас. Оның мәнін ұғынуға – ақыл, нәзік иірімдерін түсінуге – сезім керек. Маманның айтуынша, Әлидің әкесі – музыкант, анасы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Оның әнді талғаммен орындай алатыны отбасы тәрбиесіне байланысты болса керек.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.