Елбасына сенім артқан ел бақытты
Елбасына сенім артқан ел бақытты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVI съезі өтті. Әр аймақтан жиналған делегаттар қатысқан съезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевты партияластары бірауыздан қолдап, Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынып, қаулы қабылдады. Партияның кезекті съезінің жұмысына қатысқан, Елбасын қолдаған шамамен 2000-ға жуық адамның ішінде өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Елі сыйлаған Елбасымыз да өз кезегінде өзінің Алла берген күш-қуатының арқасында ел үшін, Отан үшін әлі де болса қызмет етуге әзір екендігін жеткізіп, президенттікке сайлауға түсуге келісімін берді. Мемлекеттің экономикалық-саяси өміріне қатысты әртүрлі мәселелер айтылған бұл басқосуда Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайларға байланысты ел алдында тұрған жаңа міндеттерді атап көрсетті. «Біріншіден, мемлекеттік құрылысқа сыртқы ықпалдардың теріс әсер етуіне жол бермеу керек. Екіншіден, даму қарқынын сақтау қажет. Үшіншіден, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау керек. Төртіншіден, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай ілгерілеуді жалғастыру қажет, – деді Қазақстан Президенті. Қысқасы, Қазақстанның Тәуелсіздік алуындағы, қалыптасуындағы және нығаюындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі теңдессіз. Еліміздің басты құндылықтарын – егемендікті, тұрақтылықты, ел басына қонған бақ пен берекені, дамуды және болашаққа ұмтылуды да Мемлекет басшысымен байланыстыра аламын. Елбасымыздың сайлауға қатысуға берген келісіміне құрметпен қараймын.
Дәулетбай ЕСІМБЕКОВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры.