Санаға сенім ұялатқан саяси ұйым

75

кеше Астанадағы тәуелсіздік сарайында «нұр отан» партиясының кезекті ХVI съезі өтті 

Біз ұлы істерді атқаратын боламыз

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының XVI кезекті съезі өтті. Съезге қатысу үшін Астанаға 2 мыңға жуық адам келді. Олардың арасында партияның аймақтық конференцияларында сайланған 1200-ден астам делегат бар. Тұңғыш рет съезд делегаттарының 20 пайыздан астамы партияның бастауыш ұйымдарының жетекшілері болды. Басқосудағы күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Нұр Отан» партиясы атынан Қазақстан президенттігіне кандидат ұсыну болды. Бұған қоса, съезге қатысушылар партияның саяси кеңесі мен орталық бақылау-ревизиялау комиссиясы жұмысының қорытындыларын да талқылады. Съезде еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйледі. Олардың қатарында қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков және ақын Ақұштап Бақтыгереева бар. Сөз сөйлегендердің үшеуі де 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін кезектен тыс президент сайлауына қазіргі Мемлекет басшысының кандидатурасын ұсынды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген делегаттардың пікіріне көзқарасын білдірді.
«Сөз сөйлегендердің үшеуі де бірінші күннен бері бізбен бірге. Ол біздің академик — 180 түрлі күрделі еңбек жазған, үш тілге аударған, Қазақстан экономикасын жастарға жеткізді. Ассамблеяда, сіздер білесіздер, бастаманы Ассамблея әр аймақтарда көтерген еді. Қазақ халқының қызы қанатты сөздер айтты. Мен өз пікірімді соңынан айтар едім. Бірақ маған көп ой келді, аса жас та емеспіз. Дегенмен, сіздер беретін, Алла сыйлаған күшпен біз келешекте әлі де ұлы істерді атқаратын боламыз», – деді Назарбаев.

Елбасы сайлауға қатысуға келісім берді

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Қазақстан президенттігіне билік партиясы атынан кандидаттыққа үміткер ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылды.
«Біз алға жылжуымыз қажет. Сондықтан мен алдымызда тұрған күрделі, жаңа міндеттерді іске асыру үшін өз кандидатурамды ұсыну жөнінде сіздермен келісетін болармын», – деді Назарбаев съезде. Съезге қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуды сұраған болатын. Әр аймақтан барлығы 11 делегат сөз сөйледі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы өзінің кезектен тыс сайлауға қатысатыны туралы шешімді сәл кейінірек қабылдайтынын айтқан еді. Ал жуырда Ақордада Қазақстан қыз-келіншектерімен кездесуі кезінде: «Мен Тәуелсіздіктің бастауында тұрдым. Мүмкін, театрда айтатындай, декорацияны ауыстыратын кез келген шығар. Сингапурдың негізін қалаушы биліктен кеткенде, «неге кеттіңіз?» деп сұрадым. Ол «мен 31 жыл ел басқардым, соңғы кездері өзімді теледидардан қараған кезде, өзіме-өзім ұнамай қалдым. Мен айттым: «мүмкін, теледидар дұрыс көрсетпеген шығар?». Менде де сондай жоспар болды. Бірақ қазір халық сондай ниет білдіріп, құлшыныс, ауызбіршілік танытып жатыр. Бүгінде маған ары қарай не істеу керектігі жөнінде Сіздермен ақылдасуға мүмкіндігім бар», – деп мәлімдеді. Кезектен тыс президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірі күні өтеді. Қазіргі уақытта сайлауға қатысқандардың арасында лингвистика комиссия емтиханынан екі адам ғана өтіп тұр. Олар — өзін-өзі ұсынушы Лимана Қойшиева мен кандидаттыққа ҚКХП атынан ұсынылған Тұрғын Сыздықов.

Қазақстандықтар — бір келешектің ұлты

 

«Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқының біркелкілігін одан әрі нығайту туралы айтты. «Бір келешектің ұлты – біз, қазақстандықтар. Бұл сөзбен бәрі түсінікті болып тұр. Этностар арасында ешқандай айырма болмауы керек: біз — қазақстандықпыз. Біз елде тұрақтылық пен келісімнің өзіндік үлгісін дамытуда айтарлықтай табысқа жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этникалық, діни, әлеуметтік ерекшелігіне қарамастан, барлық азаматтың тең құқылы болуына кепілдік береді. Заңның дәлдігін қадағалайтын органдар заңда не жазылғанын айтып қана қоймай, Конституцияның осы талабын қамтамасыз етуі керек. Қазақстанның біркелкілігін одан әрі нығайту қажет, яғни біз бір жұдырық болуымыз керек», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда билік өкілеттігі президенттен парламент пен үкіметке бөлінуі мүмкін

Келешекте Қазақстанда билік өкілеттігі президенттен парламентке және үкіметке қайта бөлінуі мүмкін.
«Аталған бес бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткеннен кейін жергілікті атқарушы органдарды тағайындау мен жалпы биліктің де жаңа жүйесі туралы мәселені шешу қажет. Осының бәрінен соң біртіндеп конституциялық реформа жүргізілуі керек, ол бізде қалыптасқан дәстүрді ескере отырып, әзірше біріктіріліп тұрған билік өкілеттігін президенттен парламентке және үкіметке теңдестіруді қарастырады», — деді Назарбаев съезде. Билеуші партия съезі делегаттарының сайлауға кандидатураны ұсыну туралы сөздеріне келісім берген Нұрсұлтан Назарбаев бес реформаны қолға алу керектігін айтты, бұл реформалар Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға жағдай жасамақ.

Президент өзіне команда жинайтын әкімдер мен министрлерге шүйлікті

Қазақстандағы мемлекеттік қызметте бір қамқоршының төңірегіне команда жиналуда. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызмет саяси деңгейге тәуелді екендігін көрмеу мүмкін емес. Бұл шешім қабылдауды, тіпті ешқандай саясатсыз-ақ қарапайым кәсіби басқару қажет болған жайттың өзін саясиландырады. Белгілі бір қамқоршының аппараты төңірегінде команда қалыптасуда. Біз мұны кеңес одағынан алған едік. Одан әлі күнге арыла алмай келеміз», — деді Елбасы.
Назарбаев өз сөзінде мұндай жайт жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа жол ашып, кадр әлеуетін төмендететіндігін баса айтты.
«Егер әкім, не болмаса министр ауысатын болса, онда онымен ілесіп команда жүреді. Біреуі – жақыны, бірі – туысы, бірі – досы, оған сөзің өтпейді. Жемқорлық та, барлығы да солардан шығады. Содан кейін өзіңді құртады. Біз көріп отырмыз. Олай болмауы керек», – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан да Елбасы экономикалық бағдарламаларды және мемлекеттік қызметтерді сапалы жүзеге асыра алатын заманауи, кәсіби әрі автономды мемлекеттік аппарат құру қажеттігін баса айтты.

Қызметкер әдебін бұзса, жемқорлық жасаса, барлығынан айырылады

Мемқызметшіге жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Мемлекеттік қызметшілердің нәтижелері, олардың басқару процесіне қосқан үлесі бойынша жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Әрбір жылдың қорытындысы бойынша саяси қызметшілер үшін бонус және әкімшілік қызметшілерге экономикадағы қол жеткізген табыстары, олардың қызметінің нәтижелілігі үшін сыйақы төлеу қажет», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, жақсы жұмыс істесе, жыл соңында бонус алып, ал жұмысында нашар нәтиже көрсетсе, сәйкесінше жалақысы қысқартылуы қажет.
«Оларды бағалаудың критерийлері әзірленуі тиіс. Қызметкер әдебін бұзса, жемқорлық жасаса, барлығынан айырылады», – деп баса айтты Президент.

Мемлекеттік қызметкерлерге ағылшын тілін меңгеру қажет

«Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінің екінші бөлімінде сөз алған Мемлекет басшысы Қазақстанның стратегиялық даму бағытының бір қыры тіл білуде жатқандығын атап өтті.
«Біз елге шетелдік инвестицияны тарту керектігін жиі айтамыз. Алайда, сол мәселеге қатысты қандай шаралар атқарудамыз? Қазір осы мақсатпен ел министрлері шетелдерге барғанымен соның тілінде сөйлеп, оның ісін жетік біліп тұрмасаң, олар сенің шикізатыңа қызығушылық тудырмауы да мүмкін. Ал енді оның өзіне қатысты мәліметтерді өз жобаңмен қоса соның тілінде түсіндіріп тұрсаң, инвестордың көңілі ауатындығына сенімдімін. Мен болашағымыздың баянды болуы үшін қазіргі балаларымызды үш тілде оқытайық деп жүргенім – сол»,– деді Мемлекет басшысы.

Президент шетелдегі қаражатты елге әкелуге шақырды

Мемлекет басшысы жергілікті кәсіпкерлерді қаражатты шетел есепшоттарында емес, Қазақстанда сақтауға шақырды.
«Сіздер бизнесмендерге жеткізулеріңіз қажет. Қараңыздар, алдыңғы заңдастыруда біз ешкімді жазаламадық. Мен тағы да кепілдік беремін, ақшаларыңызды Қазақстанға алып келіңіздер, олар бізде жұмыс істесін. Мүмкін, біз артық кеткен шығармыз, құқық қорғау мәселелерінде әлденені жақсарту қажет шығар. Бірақ қаражат жұмыс істеуі үшін оны әкелу керек. Біріншіден, сақтаулы тұрады, екіншіден, Отанға қызмет етеді, үшіншіден, бұл жерде тыныш өмір сүріп, тыныш ұйықтайтын боласыздар», — деді Назарбаев.
Президент қазіргі мүлікті заңдастыру науқанының бизнесмендер үшін шетелдегі қаражатты жария етуге мүмкіндік екенін айтты. Мемлекет басшысы екі жылдан соң барлық 17,5 миллион адам үшін кіріс пен шығысты декларациялау болатынын еске салды.
«Сол кезде қиындықтар туындайды», – деді Президент. Назарбаев еш нәрсені жасырып қалуға болмайтынын ескертті. Ол жуырда әлем бойынша шетелдің бір банкінде ақша сақтаған 100 мың адамның мәліметінің әп-сәтте жария болғанын айтты.
«Ол жақта бізді ешкім жақсы көрмейді, ол жақта бізді ешкім күтіп отырған жоқ. Бәрі осында», – деді Назарбаев. Президент дүкендерде отандық өндірушілерді қолдау туралы жуырда айтқанының жай ғана сөз емес, барлық қазақстандық үшін патриоттық акті екенін айтты. «Өзіміздікін тұтыну қажет», — деген ол отандық өнімнің ағза үшін ең пайдалы екенін атап өтті.

Алматы арнайы мәртебеге ие болуы керек

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға арнайы мәртебе беруді ұсынды.
«Алматы қаржы орталығын құру процесі созылып кетті, ол жаңа қарқын алуы керек. Мұнда түбегейлі қайта қарау маңызды. Алматы үшін Дубайдағыдай, басқа елдердегідей бизнеске арналған өз заңнамасымен бірге арнайы мәртебе құру керек. Бұл аса қажет», — деді Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қаржылық жаңа байланыстырушы көпірлерді салу қажеттігін айтқан болатын. Оның айтуынша, Алматы өңірлік қаржы орталығы осындай үлкен әлеуетке ие. Мемлекет басшысы туризмді дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдау керектігін де айтты.

Кеңес Одағында бізді төмпештедi, тiлiмiздi, дiлiмiздi тартып ала бастады

Нұрсұлтан Назарбаев қазақтарды елiмiздегi өзге ұлттарды ұйыстыра отырып, олармен тату, ауызбiрлiкте өмiр сүруге үндедi.
«Мемлекет құраушы ел ретiнде қазақ халқына айрықша жауапкершiлiк жүктелiп отыр. Қазақтар жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Ендi көп ұлтты, көп этникалық ел болғанымызға кiм айыпты? Олардың жазығы бар ма? Бiз өзiмiз де Кеңес одағында солардың бiреуі болдық. Төмпештедi, тiлiмiздi, дiлiмiздi тартып ала бастады, солар сөйттi екен деп, бiз де соны жасауымыз керек пе? Онда бiздiң халқымыздың кемеңгерлiгi, кеңшiлiгi қайда, егер де солай жасайтын болсақ, өзiмiздiң қазақтығымыздан да айырылып қаламыз», –дедi Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл саясатты қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамытудың, елiмiздiң қазақы болмысының басты факторы деп санау керек.
«Мен мына жерде бекер отырған жоқпын, бәрiн көрiп-бiлiп отырмын. Қазiрдiң өзiнде де орысша сөйлеп отыр деп айтатын ағайындар бар. Мен екi тiлде сөйлейтiн Елбасының бiрен-саранымын. Түркияда олай сөйлей алмайды, себебi жүз пайыз халқы түрiктер, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Ресейде де солай. Менiң халқым – мына делегаттардың iшiнде жиырма бес ұлттың өкiлдерi отыр. Бiз халқымыздың ешбiрiнiң көңiлiне қаяу салмай, тек алға жылжитын болсақ, қазақтың болашағы жарқын болады», — деп түйіндеді Президент.

Елбасы жасаң көрінуінің құпиясын ашты

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөзін қорытындылай келе Мемлекет басшысы соңғы кездері сайлауға өз кандидатурасын ұсынуды сұраған отандастарынан өте көп хаттың келіп жатқанын айтты.
«Қазақстан мен қазақстандықтардың игілігі үшін жасап жатқан еңбегіме жоғары баға беріп отырған қазақстандықтардың барлығына үлкен рахмет. Халқыңның мұндай сенімінен асқан марапат, одан артық бақыт жоқ. Бұл жігерлендіреді, күш береді! Көрдіңіздер ме, сондықтан ештеңеге қарамастан, мен әлі жасаң көрінемін. Бұл қуат береді», – деді ол.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support