Болашаққа бастайтын бірегей тұлға
Болашаққа бастайтын бірегей тұлға
Мемлекетті бір шаңырақ деп қарайтын болсақ, оның шайқалмауы үшін уығының мықты, керегесінің кең болғаны ләзім. Сол секілді, біздерге бас болып отырған тұлғаның тірегі, яғни халық та мықты болуы керек. Жалпы, ХХІ ғасырдың қазақ ғасыры болатындығына сенім мол. Оған дәлел – кеше ғана дамыған елу елдің қатарына енуді көздеген едік, көзді ашып-жұмғанша отыздықты межелеп отырмыз. Жас, тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасының қарыштап дамуы, саяси тұрақтылықтың сақталуы бізді әркез қуантады. Ал президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілуі туралы Елбасының шешімі өте орынды деп білеміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алагеуім сәтінде «Дінімізді, ділімізді, тілімізді сақтау – ұлттығымызды сақтау. Ұлттық идея сөз болғанда, көш басында дініміз тұруы керек» деген еді. Қасиетті дініміз қайта оралып, ел имандылыққа бет бұрғаны қуантады. Иманды елді жау алмайды. Тәубе, шүкір дейік. Әсіресе, жастардың дінге бет бұруы көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі экономикалық дағдарысқа тап болмай, қиындықтан мүдірмей өтуіміз үшін Елбасымыздың сайлауға қатысуға берген келісіміне қолдау көрсетуіміз керек. Дархан пейілді халқымыз қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің көшбасшысы болудың қамын ойлауымыз керек. Ал ондай кемеңгерлік Елбасымызда бар. Демек, ұлы асуларды бағындыру үшін халқымыз даналық танытуы керек. Ол үшін бізді жарқын болашаққа бастайтын бірегей тұлғаны тани білуіміз керек. Ұлы Жарылқаушы барлық ісімізді баянды етуге нәсіп еткей!
Болатбек ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ, «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің алқа мүшесі.
Тараз.