Таңдауымыз үмітімізді ақтауы тиіс
Таңдауымыз үмітімізді ақтауы тиіс
Геосаяси орналасу реті, табиғи қазба байлығының молдығы, халқының этникалық әрқилылығы мен олардың өзара ынтымақтастықта тату-тәтті өмір сүруі және жедел әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан бүгінде әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударып отырған Қазақстанда, ағымдағы жылғы сәуір айының 26-сы күні Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетіндігі ешкімді де бей-жай қалдырмасы белгілі. Өйткені, бұрынғы унитарлық-тоталитарлық жүйеден енші алып, егемен ел атанған тәуелсіз еліміз санаулы ғана жылдардың аралығында әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі бәскелестікке қабілетті елу елдің санатынан табылды. Қазақстан жер-жаһандағы конфессияаралық келісімге ұйытқы болған дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт бірдей съезі өткізілуіне мұрындық болды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Еуразия одағы сияқты халықаралық қауымдастықтарға мүше болып қабылданды. ЕҚЫҰ және Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. Оның үстіне Елбасының бастамасымен Қазақстан құрамында 28 елдің президенті, 1 вице-президент, 10 Премьер-министр, 7 вице-премьер, 14 сыртқы істер министрі, 3 сыртқы істер вице-министрі бар 65 елдің делегациясы қатысқан Астана Саммитін өткізіп, еліміз онда әлемнің небір алпауыт елдерінің басшыларын Еуразия құрлығының интеграциялық құрылымдары арасындағы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде өзара іс-қимылдар орнатуға шақырды. Бүгінде, «Мәңгілік Ел» орнатуды басты мұраты тұтып, болашаққа бастар «Нұрлы жолын» бағыт етіп алып, елдің ертеңіне қарай батыл қадам басып бара жатқан еліміздің әлемдік қауымдастықтың алдында осыншама зор беделге ие болуы, әрине, республикамыздың тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болашақты бағамдай білетін көрегендігінің, салиқалы саясатының нәтижесі. Қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы бел алып, халықаралық саяси жағдай ушығып тұрған қысылтаяң шақта елді тығырыққа тіремей, қиындықтарға ұрындырмай тура жол тауып алып шығу Қазақстанды осыған дейін де талай-талай өткелең шақтан аман өткізген мемлекетіміздің қазіргі Президентінің ғана қолынан келетін іс екендігі даусыз. Электорат та оны жақсы түсінеді. Сондықтан да жұртшылық өкілдері, ғылымның, әдебиет пен өнердің көрнекті тұлғалары, белгілі саясатшылар жер-жерлерде өтіп жатқан жиындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген жарияланымдарында Елбасының алдағы болатын Қазақстан Республикасының кезектен тыс сайлауында Президенттікке кандидат ретінде дауысқа түсуіне келісім беруін өтініп сұрауда және тілектері аяқсыз қалдырылмайтындығына сенім артуда. Бұл – өзім жетекшілік ететін Жамбыл аудандық туберкулезге қарсы диспансер ұжымы мүшелеріне де тән тілек. Ал көпшілік үміті қай уақытта да болсын ақталуы тиіс.
Жақсылық Әміреев, аудандық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері.
Жамбыл ауданы.