Қалыпты дамудың кепілі
Қалыпты дамудың кепілі
Баршаға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. Осыған орай, біз Жаңа Жамбыл фосфор зауыты бастауыш партия ұйымының ішінде жиналыс өткіздік. Сол жиналыста «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп ұсыну жайын талқылаған болатынбыз. Бұл ұсыныс біз ғана емес, қалың көпшілік тарапынан да қолдау тауып отыр. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің қалыпты дамуының кепілі болып табылады. Біздің әрқайсысымыз қоғамдағы саяси тұрақтылық пен өзара келісім, түптеп келгенде, ел өнеркәсібін дамытудың алғышарты екендігін жақсы білеміз. Біздер, өнеркәсіп орындарының жұмыскерлері, еліміздің өзге халқы сияқты Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуы, Елбасы жүргізіп отырған көреген саясаттың арқасы екендігіне куәміз. Елімізде жаппай жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылуда, отандық бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру – ел экономикасын өркендетудің басты бағыты» деп атап кеткен болатын. «Казфосфат» компаниясының бастауыш партия ұйымы осы бағдарламаны жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Бұл дегеніміз – өндірілетін өнімдер ассортименті көбейтіледі, жаңа өнім өткеру рыноктары ашылады, экология мәселелерін шешудің жаңа жолдары қолға алынады, демек, жаңа жұмыс орындары пайда болады деген сөз. Біз Голландия, Чехия, Германия сияқты шетел кәсіпорындарымен жаңа технология саласында ынтымақтаса отырып, табысты еңбек етудеміз. Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жобалары «Казфосфат» компания филиалдарының күшімен жүзеге асуда. Біз тиімді жаңа өнім түрлерін шығаруға, сондай-ақ, өнімнің өзіндік құнын түсіруге, қоршаған ортаға зиянды ластағыш заттардың бөлінбеуін азайтуға ұмтылудамыз. Осы іс-шараларды жүзеге асыруға зауыттың жас мамандары үлкен белсенділік танытып, өз үлестерін қосуда. Мен зауыттың жас маманы ретінде, белсенділік танытуымның арқасында партияның «50 тұлға» жобасының мүшесі болдым. Зауыттың экологы ретінде өндіріс қалдықтарын жою мақсатында жасалған жобаларды жүзеге асыруға зауыт ұжымымен бірге көптеген жұмыстар атқарудамыз. Қазіргі таңда жастарға сапалы білім алуға, жақсы мамандық иесі болуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Өңдеу өнеркәсібі салаларын дамыту тетігі – Президентіміздің алдағы жылдары экономикамызды өрге тартар «Нұрлы жол» бағдарламасы. Бұл жол – экономикамызды, ғылыми прогресті дамытып, әлеуметтік мәселелерді шешуді, ұзақ жылдарға алға тартар қозғаушы күш. Қазақстан – экономикасы өзгелерге ашық, үлкен экономикалық жүйеге интегралданып енген бірлік. Сондықтан өнеркәсіп орындарында өндіріс көлемін сақтап қалу, отандық кәсіпкерлерге тиімді еңбек жағдайларын туғызу өзекті мәселе болып отыр. Біз Қазақстанның алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына көтерілуі, ал қазір 30 дамыған елдің санынан көрінуі партия Лидерінің басшылығымен жүріп жатқан іс-шаралар екенін түсінеміз. Қазір республикамыз өз дамуының жаңа белесінен көрінуде.
Арман Қарағалиев, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы.