Елімен етене Елбасына сенемін
Елімен етене Елбасына сенемін
Кеше «Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінің делегаттары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынуды бірауыздан қолдағанын ақпарат құралдарынан көріп-біліп жатырмыз. Арнайы қаулыны оқып шыққан партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Бүгін барлық делегаттардың сөйлеген сөздерінде, Съездің атына келіп түскен бастауыш партия ұйымдарының үндеулерінде біздің партиямыздың негізін қалаған, Тәуелсіздігімізді алудағы, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының тарихи рөлі атап өтілген. Елбасының атымен біз негізгі құндылықтарымыз – Тәуелсіздік, Тұрақтылық, Бейбітшілік пен Қазақстанның гүлденуін, еліміздің дамуын және біздің мақсатты ұмтылыстарымызды байланыстырамыз. Н.Ә.Назарбаевты ұсыну туралы ұсынысты барлық депутаттар бірауыздан қолдады», – деп атап өтті. Елбасы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы да Тәуелсіздік сарайында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатындығын мәлімдеді. «Мен сіздердің алдарыңызға келіп, сөз сөйлеудемін. Өз кандидатурамды тек бір мақсат үшін ғана, алдымызда тұрған қиын міндеттерді шешуге бағытталған жаңа міндеттерді ұсыну үшін ғана ұсынатын боламын. Мен қалай президент болу керек және ол кім болу керек деген сауалдарға: «Адам сайлауға өз халқыңның өмірін жақсарту үшін нақты бағдарламалары мен мақсаттары болғанда ғана баруы керектігін» айтамын. Егер ондай мақсатың мен міндетің болмаса, онда сайлауға қатысудың да қажеті жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Елбасының бұл сөзінен қандай қиын-қыстау болса да оның елмен бірге екенін күмәнсіз байқауға болады. Сонау 1991 жылдан бері әлемдік қауымдастықта жаңа әрі жас, экономикалық мығым мемлекеттің қалыптасуы жолында аянбай еңбек еткен Елбасының бұл сайлауда да абыроймен жеңіп шығатынына кәміл сенемін. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа сіңірген еңбегі орасан зор. Кәсіпкерліктің, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін бизнес субъектілеріне соңғы жылдары ерекше қолдау білдіруде. Мемлекеттік, салалық бағдарламалар арқылы қомақты қаржы ауылдың бизнесін көтеруге де бөлініп жатыр. Аграрлы облыс атанған облысымыздың әлеуеті елдегі азық-түлік сұранысын өтеуге қауқарлы. Тек Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді дер кезінде алып, аянбай еңбек ететін уақыт әлдеқашан келген. Бүгінгі нарық заманы еңбектің заманы екенін Елбасымыз үнемі айтып келеді. Сондықтан еңбек еткен адамды мемлекет те қолдаудан қашпайды. Оған Нұрсұлтан Назарбаев салған сара саясат кепіл бола алады.
Абдалы НҰРАЛИЕВ, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.