«ОРАЛУДАН» ТУҒАН ОЙ
«ОРАЛУДАН» ТУҒАН ОЙ
Еркебұлан ҚҰРАЛБАЕВ, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
«Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзден аспаған еліміздің қай ұланы болса да өзін тудырған топырақтың қадірін біліп, оны қастерлеп өтетініне сенемін. Өзге елдің сұлтаны болса да өз еліне деген көкірегін кернеген сағыныш пен сарқылмас махаббат сезімінің ешкімнің де ойынан сөнбейтіні анық. Өйткені, туған топырақты қастерлеу бізге қанмен сіңген, текті тәрбиемен берілген. Облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Рашид Сүлейменовтің «Оралу» атты көркем фильмін көріп осындай ой туындады. Бұл фильмнің жалпы жастарға берер тәрбиесі көп. Себебі, қазір елімізде жастарды қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар жұмыс істейді. Солардың бірі – «Болашақ». Аталған бағдарламаның аясында талай жас шетелде білім алып, сонда қалып кетіп жатады. Әлбетте, нарықтық қарым-қатынастың қыр-сыры мен қаржы табудың сан-саласын меңгерген жастардың шетелде жұмыс істеп, өз болашағын жасауына ешкім де «жоқ» демейді. Алайда... Алайда, қазақтың санасындағы ата-анадан бастап, атамекенге деген шексіз сүйіспеншілік пен перзенттік борыштың, саған бар білгенін үйретіп, тәлім-тәрбие берген, өмір сыйлаған ортаңа деген парызыңды қалай өтемексіз? Әлбетте, өз еліңе кіршіксіз қызмет ету арқылы ғана. Осындай ойды «Оралуды» көрген кез-келген жастың санасына сіңіріп, бойына дарытатынына сенімдімін. Өйткені, түсіру тобының кәсібилігі мен актерлердің рөлдерді сомдауы соншалықты әсерлі шыққан. Маған әсіресе фильмнің ерекше ұнаған тұсы педагогтардың іс-әрекетін әсем көрсете білгендігінде болды. Олардың балаларды ат спортына баулуы, бос уақытын тиімді өткізуге үйретуі кім-кімге болса да үлкен сабақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты бойынша, әлемнің бар жақсысын жастардың бойына сіңіруіне елімізде барынша даңғыл жол салынуда. Халқымыз қашаннан жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне ерекше назар аударады. Сол сара жолдан таймаған Президентіміз бұл салада үлкен төңкеріс жасады. Дүниенің қай түкпірінен білім алам десе де жастарға жолдама алып берді. Ал ел сенген жастар сол сенімнің үдесінен шықса болғаны тек.