Мәдениет

Туған жерге деген махаббат бәрінен биік

Туған жерге деген махаббат бәрінен биік

19Мұрат Құсайынов, облыстық қазақ драма театрының актері.

Кейінгі жылдары еліміздегі отандық киноиндустрия тамаша туындылармен толығып келеді десек, жуырда ғана тұсауы кесілген «Оралу» фильмі де сауатты көрермендерді бей-жай қалдырмағы анық. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген бұл туынды «Қазақфильм» киностудиясы мен «Көркем фильм» кинокомпаниясының бірлескен жобасының нәтижелі еңбегінің арқасында көпшілікке жол тартты. Еліміздің барлық аймағында бір мезетте тұсауы кесіліп, барлық қазақстандықтарға бірдей ұсынылған фильмді қалың тараздықтармен бірге «Баласағұн» орталық концерт залында мен де тамашаладым. Өзім де өнер адамы, театр актері болған соң туындыға қызығушылығым тіпті ерекше болды. Әрбір оқиға желісін, актерлердің шеберліктерін, эпизодтардың бәрін барынша бақылап отыруға тырыстым. Сөз жоқ, фильм маған ұнады. Шығармашылық топтың еңбегі еш кетпеген, идея мазмұны да барынша ашылған. Әлбетте, бұл кинотуынды ең бірінші мазмұн тереңдігі, ой орамдылығы жағынан үлкен мәнге ие болып отыр. Олай дейтініміз, фильмде оқиға барысы Елбасымыздың жастар саясатындағы оңды бастамалары арқылы көрініс табады. Ондағы басты кейіпкер – Мақсаттың білім жолындағы ізденісі, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетел асып, оқуын жалғастыруы бәрі-бәрі бүгінгі күні жастарға жасалып отырған игі шаралардың бір парасы екенін ешкім жоққа шығара алмас. Сондай-ақ, Мақсаттың ғылым жолында үлкен жетістіктерге жетіп, оның жемісін туған еліне арнауға асығуы да образға етене еніп кеткен кейіпкердің тұла бойынан аңғарылмай қалмайды. Оқиғаның шарықтау шегінде туған жердің бір түп жусанының исіне ынтыққан Сұлтан Бейбарыстай Мақсат та өзінің өсіп-өнген топырағына табан тіреген сәті кім-кімді тебірентпей қоймады. «Ер туған жеріне» деген аталы сөздің мағынасын сондағы әсерлі эпизод арқылы тағы бір түйсіндік. Мен туындыны көріп отырып өзімді Мақсаттың орнына қойып та үлгердім. Менің де арманым сол кейіпкердің ойымен бірге үндесетін секілді. Өйткені, ол қанша өзге елде оқып, үлкен жетістіктерге жетсе де туған жерге деген махаббатын бәрінен биік бағалайды. Бұл – әрбір жастың, білім жолын қуып өзге елге аттанған кез-келген білімпаздың бойында болуға міндетті қасиет деп ойлаймын.