Әлеумет

Жұмақ – ана аяғының астында

Жұмақ – ана аяғының астында

облыстық аналар форумы өттіМизамкөктен соң көп кешікпей көктемнің келері ғадеттегі құбылыс болып есептелгенімен, ғаламға жылымық, адамға жылылық сыйлай келетін осы бір жайма шуақ мезгілдің мезеті туғанда-ақ дүние түрленіп, жайнап шығатыны бар. Көктеммен бірге маусым жарасымына ие жаңалықтардың жаршысы да көптеп орын алып, тіршілік иелеріне ғаламат күй сыйлайтындығы жасырын емес. Берекеге толы көктемнің әрбір күні мереке. Ол, әрине, ең алдымен гүлдей құлпырған нәзік жандылардың мерейін асырған 8 Наурыз мерекесінен бастау алары сөзсіз. Халықаралық әйелдер күні барша қыз-келіншектер мен аналардың бақытқа, шаттыққа, құрметке кенелер, бөленер күні десек қателеспейміз.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Тараз қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының жанындағы аналар Кеңесінің бастамасымен облыстық аналар форумы өтті. Оған этномәдени бірлестіктері аналар кеңесінің мүшелері, түрлі ұлт өкілдері, сондай-ақ, облысымыздың барлық аумағынан арнайы шақыртылған нәзік жандылар қатысты. Ғимараттың фойесіне он саусағынан өнер тамған аналар мен қыз-келіншектердің қолөнер бұйымдарынан «Әйел бақыты» көрмесі жасақталып, қонақтардың назарына ұсынылды. Келушілер өнерлі нәзік жандылардың шығармашылықтарына қызығушылық білдіріп, әсіресе, олардың көркем тоқыма бұйымдарына ыстық ықыластарын танытып жатты. Кейбірі сатып алса, енді бірі ақжаулықты әжелерге ұнаған затты сыйлық, естелік ретінде берілгенін көріп, марқайып қалдық. Бұдан кейін игі шараның барысымен танысуға асығып, үлкен залға қарай ағылған қауымда есеп болмады. Олардың барлығының жүзінен мерекелік көңіл-күйдің лебін аңғару қиын емес еді. Көздері бал-бұл жайнап, көктемнің шуағымен құлпыра түскен әжелер мен аналардың, арулар мен жеңгелердің бәрі бір-біріне деген құрметтеріне риза болды. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов форумға қатысушы және барша нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтады. – Құрметті аналар, арулар! Алты айғы табиғаттың бусанып, түрленетін шағы әр көктем келген сайын алдымен сіздерге қуаныш тарту етіп келетіні белгілі. Бұл қуаныш сіздердің осы мерекелеріңізбен астасып жатқаны баршамызға белгілі. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтылмайсың» дегендей, сіздердің біздерге, ұрпаққа деген бейнеттеріңіз өлшеусіз. Өмірдің нұры да, гүлі де сіздерсіздер! Қол бастаған батыр да, сөз бастаған ақын да, ел билеген әкім де бәрі анадан туады. Демек, өмірге қаншама ұлы тұлғаларды алып келіп жатқан алтын құрсақты аналарға құрмет шексіз. Бәріміз де ананың, әйел затының алдында құрметпен бас иіп, оларға деген қамқорлығымызды аямаймыз. Өйткені, әйел адам – қашанда қамқорлыққа зәру өте нәзік жаратылыс, – дей келе Ерқанат Нұрбапаұлы мектеп оқушысының ана туралы тебіреніске толы әсерлі өлеңін де көпшілікке оқып берді. Бұдан кейін сөз алған баяндамашылар форумның мазмұнына сай және өмірдің мәні де сәні – аналар жайлы әрқилы ойларын ортаға салды. Айталық, «I республикалық әйелдер кеңесінің форумы жайлы» тақырыбында ой қозғаған «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығының төрайымы, аналар Кеңесінің мүшесі Сара Даузова өз ұлтындағы ана қасиеті, оның алар орнына тереңірек тоқталса, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы жанындағы аналар Кеңесінің төрайымы Наталья Перфильева Кеңестің жұмыс барысы жайын тілге тиек етіп, форумға қатысушыларды мерекелерімен шын жүректен құттықтап өтті. Бұдан басқа да белсенді нәзік жандылар сахнаға шығып, өз ойларын ортаға салып, көктем мерекесіндегі керемет көңіл-күйлерін көпшілікпен бөлісті. Ой-пікірлер арасы түрлі ұлт пен ұлыстардың тілінде шырқалған әндермен, әсем билермен айшықталды. Сондай-ақ, залға лық толып отырған барлық мереке иелеріне раушан гүлімен қоса әдемі сыйлықтар да ұсынылды. Гүлмен бірге залдағы әрбір нәзік жандылар одан әрі құлпыра түсті. Шараның қорытынды сөзін алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Лариса Лысова жүрек тебірентер сөздерімен өңіріміздегі барлық нәзік жандылар қауымын құттықтап, әрбір қоғамдық шараның басы-қасынан табылып жүрген азаматшаларға деген алғысын айтып өтті. Одан кейін Лариса Анатольевна өңіріміздегі көп балалы жас аналарды марапаттады. Сонымен қатар, көп балалы жас аналарға бағалы ас үй жабдығын тарту етті. Бұл 1985 пен 90-шы жыл аралығындағы жас аналардың кемінде төрт-бестен ұл-қыздары барлығын ескерсек, расында, сүйсінуге тұрарлықтай ләзім іс екенін мойындаймыз. Соңыра түрлі ұлттар бишілерінің «Достық шеңбері» атты композициялық биі көпшілік назарына ұсынылып, қонақтарды мәз-мейрам етті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».