Ғасыр құрдастарына құрмет
Ғасыр құрдастарына құрмет
Тіл-көзіміз тасқа, бүгінде 104 жасқа иек артса да Жібек әжей ширақ. Шу ауданындағы бұрынғы Калинин ұжымшарында туып-өскен ол жастайынан қызылша алқабында жұмыс істепті. «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шыққан. Ақ жаулықты ана ел игілігіне бағытталған еңбекпен қатар отбасы құндылықтарына да көңіл бөлуді ұмытпаған. Құдай қосқан қосағы екеуі он ұл тәрбиелеп-өсірді. Тағдырдың жазғаны болар, ғұмыр жолында жан жары мен алты бірдей баласынан көз жазып қалды. Қазір Тараздағы кіші ұлы Тоқсағұлдың үйінде тұрып жатыр. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген кейуананы Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы құттықтап келді. Облыс басшысы әжейдің қолын алып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде өзінің де қызылша алқабындағы жұмысқа барып тұрғанын еске алып, сонда ондағы еңбектің оңай емес екеніне көз жеткізгенін айтты. – Дана қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. «Жұмақ ананың табанының астында» деген де ұлағат қалған. Міне, сол себепті де ақжаулықты аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Әйел-аналарға қамқорлық жасау – Елбасымыз жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз сізді жақсы білеміз, ұзақ жылдар бойы қызылша алқабында еңбек еттіңіз. Жас күніңізде бейнет кешіп, қазір енді рахатын көріп отырсыз. Сол еңбектің арқасында осынша жасқа келдіңіз. Ұл-қыздарыңыздан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әжесіз. Бұған үлкен тәуба. Біз сіздің бұдан да ұзақ өмір сүруіңізді қалаймыз. Деніңіз сау болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіз, – деп тілек білдірді Кәрім Нәсбекұлы. Шын жүректен шыққан шынайы тілекке әжейдің көңілі көтеріліп қалды. Аналық алғысын айтты. – Бәрі Құдайдың бергені. Қызылшаның арқасында медаль да алдым. Кезінде осылайша жұмыс істедік. Сол еңбегімді елеп, ескерген Елбасымызға, арнайы келген сізге үлкен рахмет. Аспанымыз ашық, күніміз жарық болсын! Менің жасымды берсін! Мен еш нәрсені уайымдаған емеспін. Тек қана шалым мен балаларымның өмірден озғаны болмаса. Бірақ қолөнеріммен ештеңеге мойымадым. «Өнері бар өлмейді» деген осы екен, – деді Жібек апай ағынан жарылып. Сөз соңында облыс әкімі К.Көкірекбаев тағы да ізгі тілегін арнап, әжейге алқызыл раушан гүлдерін, жеміс-жидек себетін және түрлі-түсті теледидар тарту етті. Біз орайы келгенде әжейдің ұлы Тоқтағұл Тұрғынтаевты әңгімеге тартып, «Ұзақ жасаудың сыры неде?» деген сұрақ қойдық. «Бейнеттің арқасы шығар деп ойлаймын. Апамыз қызылша алқабынан зейнетке шыққан соң да, бізді аяғымыздан тұрғызу үшін мектепте де жұмыс істеді. Ол кезде біз жас едік. Кейін әскерге барып келген соң осы қалаға жұмысқа орналастым. Біраз жылдан кейін апамды қолыма алдым. Өйткені, қарайтын ешкім болмады. Содан бері де отыз жылдай уақыт өтті. Өте сабырлы. Жүйкеге көп жүк түсіре бермейді. Соның да пайдасы болар. Оның үстіне, ұзақ жасау бұл кісілердің тұқымында да бар. Мысалы әкесі мен шешесі де жүз жасқа жақындап дүние салған. Апамның аман жүргенін қалаймыз. Шүкір, теледидардан жаңалықтар қарайтынын көріп өзіміз де қуанып отырамыз, – деді Т.Тұрғынтаев. Әжейдің өзі бізге қазір ғана Елбасының әйелдер қауымдастығы өкілдерін қабылдап, құттықтағаны туралы жаңалықты көргенін айтты. Көргені көп, көкейге түйгені мол әжейдің қоғам өміріндегі өзгерістерден тыс қалмағандығы таңдандырды. Кездесу соңында кейуананың ақ батасын алып, аттандық.
* * * Ұлы Отан соғысы бітер тұста жат жұртқа айдалған месхеттіктердің қатарында бүгінде 105-ке толып отырған тараздық қарт әжей Памбух Гулиева да болыпты. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дегендей, 34 жасында ол өздерімен бірге Қазақстанға келген Шахо Гулиев есімді азаматқа тұрмысқа шыққан. Бір жылдан кейін-ақ тұңғыш ұлдары дүниеге келген. Ең кенжесін 53 жасында босанған ана бас-аяғы төрт құрсақ көтеріпті. Қазір сол төртеуден тараған немере-шөберелерінің өзі бір қауым ел болып қалған. Әжей марқұм күйеуі екеуі бағып-қаққан екі ұл мен екі қыздан бүгінде 14 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. Биыл жүз бесінші көктемін қарсы алып отырған қарт ананы мереке қарсаңында құттықтаушылардың қарасы көп. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтай барғанда көзіміз жетті. Гүл шоқтарын сыйлап қана қоймай, Бекболат Серікбекұлы облыс әкімі атынан әженің келіндеріне деп кір жуатын автоматты машина тарту етті. – Біз сізді мерекеңізбен шын жүректен құттықтап келіп отырмыз. Бұл республикалық көлемде өтіп жатқан игі шараның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты жатыр. Еліміздің дамуына көп жылғы еңбегімен зор үлес қосқаны, бала тәрбиелеп, ұрпақ өрбіткендері үшін қарт аналарымызды арнайы құттықтап жүрміз, – деген ол қарт анаға әлі де ұзақ жасай беруіне тілектестігін білдірді. * * * Осы күні облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов 110-ыншы көктемін қарсы алған Бейсекүл Жарылқапованың шаңырағында болды. Қ.Әбдірайымов әжейді төл мерекесімен құттықтап, хал-жағдайын сұрады. Өз кезегінде Бейсекүл әжей Алла тағала берген денсаулықтың арқасында бірқалыпты өмір сүріп жатқандығын айтты. Б.Жарылқапова Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында өмірге келіпті. Саналы ғұмыры облысымыздың Жуалы ауданына қарасты Шақпақ ата өңірінде өткен. Сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосыпты. Отағасы екеуі жалғыз перзент сүйген. Оның шаңырағынан 8 немере, 41 шөбере тарапты. Бүгінде әжей шөбересі Мәди Ургулжаевтың үйінде тұрып жатыр. Қалижан Серікұлы Бейсекүл әжейге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, облыс әкімінің атынан гүл шоқтары мен кір жуатын машина сыйға тартты. Өз кезегінде ғасыр жасаған әжей де ел ағаларына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
* * * Қазақтың ақжаулықты аналары – тұнып тұрған ұлттық тәрбиенің, салт-сананың, дәстүр мен ғұрыптың, күрескерліктің тұмасы. Сондай тәрбиені бойтұмардай тағып, алтынқұрсақ атанған аналарымыз облысымызда аз емес. Соның бірі, алтын алқа иегері – Айшахан Рысмаханбетова. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ардақты әжені Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап барды. Облыстағы Қарой деген өңірде көп балалы отбасында дүниеге келген әкеміз, 13 ағайындының кенжесі болыпты. Сондай текті, өнегелі отбасында туып-өскендіктен болар, өзі де 11 баланы өмірге әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беріп, бүгінде ұрпағының қызық-қуанышын көруде. Еліміздің демографиялық өсуіне үлес қосып отырған әжеміздің осы он бір баласынан тараған ұрпағы екі еселеніп, 28 немеренің ардақты әжесіне айналды. Оған қоса, сол немерелері жеке отау құрып, 12 шөбере сыйлады. Олар оқуда, еңбекте өз орындарын тауып, түрлі еңбек етіп келеді. 14 жасынан намаз оқып, имандылықты қорғанындай ұстанған, арабша сауаты бар Айшахан әже 17 жасында-ақ тұрмысқа шығып, бір отаудың ошағын түтетеді. Балаларына тәлім-тәрбие беріп, береке-бірлігі жарасқан киелі шаңырақтың жылуы болған Айшахан Рысмаханбетова жан жары Мақұлбек (жеке куәлік бойынша Ерғали) Рысмаханбетовтің мәртебесі биіктеп, мерейінің үстем болуына да септігін тигізгені айдан анық. «Жақсылық еккен, алғыс орады» демекші, Айшахан әже қашанда адалдыққа тұнған адамдығынан айнымай, қолынан келгенше жұртқа жәрдемдесуге асық. – Қаламыздағы орталық мешіттің құрылысы жүріп, салынып жатқан кезде жүрегіне иман ұялаған жұрттың барлығы қолынан келгенше жәрдемдесіп жатты. Сонда анамыздың зейнетақысы 11 мың теңге болатын, сол зейнетақысын түгелімен мешітке апарып құйған еді. Бұл да анамыздың пейілінің тазалығы, иманға адалдығы деп білеміз, – дейді әжеміздің екінші қызы Алтын Рысмаханбетова. Айшахан әже бүгінде 82-ні еңсеріп отыр. Тамыры тереңге тартқан текті әулеттің алтын діңгегі боп, балаларының ортасында аман-есен жүзге жетуін тілейміз! Айшахан әже тәрбиелеген ұрпақ ата-ана үміті мен сенімін ақтап, егемен ел ертеңі үшін әлі талай адал еңбектерін сіңіретіні айтпаса да түсінікті. Келешекке үлгі болатын осындай отбасылардың қатары көбейе берсін дейміз.
* * * Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Тараз қаласында тұратын жасы жүзге келген әжеміз Бота Тастанбекқызын құттықтап барды. Екі ғасыр куәгері, қарт әжеге сыйлыққа теледидар тарту етті. Ұтымды сәтті оңтайлы пайдаланған Бота әжеміз бізге жүзге жетудің сырын айтып берді. Апам әр оқиғаны егжей-тегжейлі айта бастады. 1941 жылдың 2 қаңтарында ақ жаулық жамылыпты. Екі айдан соң жолдасы майдан даласына аттаныпты. Елде қалған қариялармен етене араласып, еңбек етіпті. Ферма күзетшісі болып жүргенде сол кездегі «селсовет» келіп, «көрші ауылға хатшы боласың» деп көндіріпті. Аз уақытта атасы мен енесі қайтыс болғанда жас келіншек жалғызсырап қалған. Қиналып жүргенде басы сотқа да шатылыпты. Он төрт бастықтың ісі майшаммен қаралғанда ішіне әжеміз де кіріпті. Ақыры Алматыдан тексерудің қорытындысы келгенде ақталып шығыпты. – Жолдасым аман-есен оралғанымен, кеуде тұсына тиген оқтан ақыры мерт болды. Тағдырдың жазуымен қайтадан тұрмыс құрдым. Бастық та болдым, қатардағы жұмысшы да болдым. «Селсовет» болып жүргенімде біреу келіп «пәленше деген қайын ағаң бар ма?» дейді. Қолыма хат ұстатты. Сол қайын ағам жауға өтіп бара жатқанда ұсталып, атылып кетіпті. Ол кезде заң қатал. Шешесінің қолында бір қыз, екі баласы бар болатын. Жетіп бардым да үш баласын өзіме алып, жасырып қалдым. Шешесі түрмеге айдалып кетті. Үш балаға зияны тимеді. Қызды бойжеткенде қиясына қондырдым. Уақыт өтті. Бір күні ауылдың ішімен аттың үстінде отырып кетіп бара жатсам, желке жағымнан таныс дауыс естілді. Тауыққа жем шашып жүр. Бұрылдым да жөткірініп үнімді шығардым, ол да маған қарап тұрып табағын қолынан түсіріп алды. «Айдалып» кеткен кейуанамен көшенің қақ ортасында көрістім. Риза болып, батасын берді. Алғысын айтты. Жол түсіп үйіне барсам, мені көріп ағыл-тегіл жылады. Жағдайы мәз емес. Әлдебір иіс қолқаны қабады. Өзін шомылдырып, кір-қоңын жуып бердім. Тағы да бата берді. «Өсіп-өн, жасың жүзге жетсін», – деді. Ғасыр жасаған әжеміз туған қызы Рахат Тастанбековадан төрт немере сүйіп отыр. Әңгіме арасында үлкен әпкесі 103 жасында, сіңілісі 78 жасында қайтыс болғанын айтты. Өмірдің мехнаты мен рахатын қатар көрген әжеміздің ғұмыры ғибратқа толы. Кетерде «қарағым, соғыс бізден бәрін тартып алуға тырысты, біз күрестік» деп шығарып салды. Жүзін әжім торлаған әжемен қимай қоштастық.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, Наурызбек САРША, Қанат Тілепберген, «Ақ жол».