Мәдениет

«Оралу» ҚР Президентінің жастар саясатын арқау еткен фильм

«Оралу» ҚР Президентінің жастар саясатын арқау еткен фильм

«Баласағұн» орталық концерт залында «Оралу» деген отандық көркем фильм көрермен назарына ұсынылды. Жаңа кинода ескі сарын, жаттанды сюжет болған жоқ. Көбіне фильмдерде өмірді әдемі, бәрін жақсы етіп көрсетіп қояды ғой. Ал мұнда олай емес, бәрі шынайы. Оқиға желісі мен актерлердің шеберлігі көрерменді сендіре алды. Бас кейіпкер Мақсат дұрыс шешім қабылдаған сәтте ол экранда емес, сахнада жүргендей зал шапалақ ұрып қошемет көрсетіп жатты. Бұл туынды жастардың заманауи патриоттық көркем фильмге деген шөлін басты. Өйткені, «Оралу» жастардың патриоттық сезімін оятатын деңгейде түсіріліпті. 

11Прокатқа жол тартып үлгермеген Қазақстанның «Оралу» атты көркем туындысы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде «көрерменнің көзайымы» аталымын жеңіп алыпты. Туындының қоюшы режиссері әрі сценарий авторы Рашид Сүлейменов. Еліміздегі жастар саясаты жайында сыр шертетін тұңғыш картинаның жаппай тұсаукесері Қазақстанның барлық қалаларында өтті. Фильмде басты рөлдерді Санжар Мәдиев, Аружан Жазылбекова және Обанна Эндобуезе сомдады. Оқиға желісі қарапайым жылқышының баласы қалаға интернатқа оқуға түсіп, одан әрі білім қуып елден жырақ кеткен, кейін туған жердің қадірін түсініп, Еуропадан кіндік қаны тамған ауылына оралған жас ғалым жайында. Атасының қазасы басты кейіпкер Мақсаттың өмірін бір-ақ сәтте түбегейлі өзгертеді. Жылқы фермасының мұрагерлік құқығы бәске түскенде оны тапқырлығымен сақтап қалады. Мақсаттың ғылым саласында жаңалық ашып, мақсатына жетуіне атасының қолжазбалары, зертханасы да көп көмектеседі. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға мұғалім болып келген Іңкәр есімді бойжеткеннің рөлін Аружан Жазылбекова сомдады. Іңкәр іссапармен келген Мақсаттың ойындағы күдігін түсініп, аз уақыттың ішінде Қазақстанда да Еуропадағыдай жас ғалымдарға барлық жағдай жасалғандығын түсіндіре алады. Ол қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өскен мұғалім қызбен танысып, көзқарасы өзгереді. «Оралу» фильмінің «Баласағұнда» өткен көрсетіліміне барлық буын өкілдері қатысты. Фильм соңында көрермендердің орнынан тұрып, қол шапалақтауы кинотуындының әсерлі болғандығын байқатса керек. «Оралу» кинокартинасын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, «Көркем фильм» кинокомпаниясының қатысуымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».