Шорабек ақын
Шорабек ақын
Ұстаздарым жайлы әңгіме қозғағанда олардың тізімі ұзарып кетеді. Әліппені қолыма ұстатқан алғашқы ұстазым Гүлсара әпкей, мектептегі бірінің есімін айтсам, бірі өкпелейтін бірнеше ұстаздар, аудандық газеттегі Әскербек ағай, Ойықтағы Пантай ағай деп тізбектей берем.
Ал бүгін бізді айтыс өнеріне баулыған ғажайып ұстаз, өзі де белгілі айтыскер Шорабек Айдаров ағамыз жайлы толғанбақпын. Оған басқа ұстаздарым өкпелемес, ол кісілерге де өмір болса әлі талай жеке-жеке тоқталармын. Шорабек Айдаров деген есімді мен алғаш 1990 жылы естідім. Жетінші сыныпты бітірген кезім ғой. Сол жылы жазда Ақкөлде Ұлбике ақынның құрметіне өткен облыстық айтыста Шорабек Бәтейұлы барлық қарсыластарынан оқ бойы озып, айтысқа алғаш тігілген ақбоз атты олжалады. Алыстағы малды ауылда жүріп, Шорабек ағаға қатты қызықтым сонда. Айтыскерлерді халық та қатты бағалайтын. Әзімбек Жанқұлиев әуелетіп сахнаға шыға келгенде барша қазақ қол соғатын. Содан кейін Шорабек Айдаров деген есім айтыс сахнасында жарқ ете қалды. Сөйткен Шорабек ақын араға бес-алты ай салып, Алматыда өткен ІІІ республикалық айтыста маңдайы жарқырап жүлделі үшінші орынды олжалады. Сол жолы одан да биік тұғырдан көрінуге мүмкіндігі бар екен. Ақтық айтыста шымкенттік Әселхан Қалыбекованың «Қылқи нар» деген сөзін «Құлқайыр» деп естіп қалды. Ал құлқайыр деген шаңыраққа іліп қоятын шөп екен. Соған орай «Шаңыраққа қарап аз жатып па едің, жеңеше» деп соғып жібереді ұстазым. Содан Әселхан ақын «Мен не деймін, домбырам не дейді» дегендей жыр төгеді. Оны толық естіген Шорабек ақын жеңілгенін мойындап, орнынан тұрып, сахнадан шығып кетеді. Айтыс әлеміндегі шәкірттері ұстазының осындай мәрттігін де мақтан тұтады. Өйткені сөзге тоқтау да талантқа тән қасиет. Сол республикалық айтыста еліміздің үш айтыскеріне Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркеноваға «Қазақстанның халық ақыны» атағы берілді. Айтыс зерттеушісі, филолог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болатын. Бірнеше айтыскерге бір айтыстың үстінде мұнша жоғары атақ берілуіне Мырзекеңнің де үлкен ықпалы тигені анық. Бірақ сол жылдары Шорабек Айдаров айтыс өнерінде өзінің шын дарабоз жүйрік екенін танытты. Бас аяғы екі-үш жылдың ішінде Халық ақыны атанған Қонысбай, Әселхан, Әсияны да айтыста жеңіп кетіп, халық арасында үлкен абыройға бөленді. Мәселен Қонысбай:
– Қазағым, кеңге жайып керегеңді, Теңедің өзге елдермен терезеңді. Қазағым құттықтаймын бір жыл толды, Ел болып атанғалы Егеменді.
Ақынның сөз айтудан тоқталмаған, Орынсыз ой айтуға оқталмаған. Арманы қазағымның орындалып, Ғарышта ұшып жүр ғой Тоқтар балаң, –
дегенде Шорабек аға:
– Беу, Қоныс-с-бай! Қонысбай абыройың арта тұрад, Алғандай желпінесің жарты оклад. Қонеке, қалай-қалай сайрап тұрсың, Сен бұрын ақын едің партократ.
Менімен айтысуға жарамайсың, Тек қана жүрегімді жаралайсың. Жаңағы өзің айтқан Горбачевтай, Халықтың қарсылығына қарамайсың, –
деп орынды уәжімен жеңді. Бұл жерде марқұм Ерік ақынның «Сахнада саясатты жырлаймын деп, Қон-аға партиядан шығып қалма» дегеніне Қонысбайдың «Шықпа деп партиядан сен өтіндің, Сөзіне жақсылардың еретінмін. Сынаптай мына заман өзгерсе де, Бояуын өзгертпеспін белетімнің» деген жауабын сол Әбіловтің есіне қайта салып отырған Шөкеңді қазылар алқасы да түсінді. Ал 1994 жылы Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдығына арналған айтыста Шора ағаның Әселхан Қалыбековамен сөз сайысы айтыс тарихында алтын әріптермен жазылып қалғаны анық. Сонда Әселхан:
– Ағайын білсеңіздер бұл Шорабек, Жүрген бір бейшара еді бағы ашылмай. Дорбада желінбестен он күн жүріп, Сақтардың қатып қалған қалашындай, –
дейді. Сонда Шора аға:
– Дегенде жеңгем деймін, жеңгем деймін, Өзіңді ешбір жаннан кем көрмеймін. Сақтардың қалашындай болсам-дағы, Қадірлі не бар екен наннан деймін. Байқұс деп мына мені аямашы, Мен саған оңайлықпен жан бермеймін. Жеңгемнің Әсел деген аты қалай, Бір өзі он кісіге татығандай. Астына абайсызда түсіп қалсам, Шығуым аман-есен екі талай, –
деп тапқырлық танытады. Ақын Ұзынағаштың Есенқұл Жақыпбековін де дос, ұстаз санады. Марқұм Есенқұлдың:
«Біздің барар жеріміз Ойық екен, Өсетіні жыңғыл мен мойыл екен. Алыстан бір қарайған түйе көрдім, Жақындасам Шорабектің мойыны екен, –
деп әзілдегені бар Бөлтірік Әлменұлының Ойық ауылында өткізілетін 220 жылдық тойына келе жатып. Есенқұл ақынның Шорабекті түйеге теңегенін бір аймақтың нардың жүгін көтерген ақыны ретінде бағалағаны деп білеміз. 1997 жылы Шорабек аға Лена Әбдіқалықовамен айтысында:
– Сөзімнің қарашы, Лена, салмағына, Адал ақын екенмін жан-жарыма. Қойнынан бөзі түскен жігіт едім, Таңғалам қалай қатын алғаныма, –
дейді сөз өрбіту үшін. Сонда Лена ақын:
– Құдайға Шөкең басын иген шығар, Сан рет момындықтан күйген шығар. Қойнынан бөзі түскен жігіт болсаң, Әйелің аяғаннан тиген шығар, –
дейді құрылған торды аңдамай. Сонда Шөкең:
– Ленажан, болашақтан үміт жоқ па, Сан рет сөз бастадың күліп топта. Мені аяйтын бір ару табылғанда, Немене сені аяйтын жігіт жоқ па? Өзіңді қандай жігіт сағынбай жүр, Өзіңе арнайыншы лағылдай жыр. Қосылып қос облыс жатқан кезде, Астана екеу болып жатқан кезде, Серігің сенің неге табылмай жүр? –
деп сөзден сүріндіреді. Сөйтіп, Астананың Арқа төріне көшіп, ал облыстардың қосылып жатқанын, қыздардың оң жақта отыра бермей тұрмыс құруы керек екенін бір-екі шумаққа сыйдыра салады. Ақкөлден аудан орталығы Қаратауға көшкенде де жұртта қалған жұртпен бірге:
«Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ауданыңнан айырылған жаман екен, Екі көзге мөлтілдеп жас келеді», –
деп мұңайған да Шорабек аға еді. Шорабек Бәтейұлы шебер сөз қағыстыра білуімен қатар, айтысты ұйымдастырудың да нағыз шебері болатын. Өзі берірекке дейін Ақкөлде тұрды. Талас ауданында Бөлтірік Әлменұлының мерейтойларындағы, Қойгелді батыр, Саңырық батырға арналған астардағы облыстық, республикалық деңгейдегі айтыстарды осы Шорабек Айдаров ағамыз ұйымдастырды. Одан бөлек, мектептерден жас таланттар шығып қала ма деген жақсы оймен Таласта жыл сайын аудандық оқушылар айтысын өткізіп жүрді. Ақын еңбегі нәтижесіз болған жоқ. Ол кісі алғаш ұйымдастырған оқушылар айтысының өзінде Райхан Мәселбекова, Бекен Досалиев, Алтыншаш Баққараева секілді оқушы жастар топтан дараланып, ақын ағаларының ақ батасын алды. 1993 жылы аудандық оқушылар айтысында бас жүлдені мен иелендім. Сол жолы Шырынбек Қойлыбаев, Олжас Отар, Айнұр Шаханова секілді таланттар топ жарды. Шорабек аға шәкірт тәрбиелеуден жалыққан жоқ. «Шәкіртім көбейіп кетті, маған мұншасы да жетеді» – деп ешқашан айтқан емес. Ал ол кісінің шәкірттерін тізбелеп санап көрсек, көш басында ерлі-зайыпты Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова тұрады. Одан кейін Басқанбек Раев, Райхан Мәселбекова, Бекен Досалиев, Алтыншаш Баққараева, Есет Досалы, Шырынбек Қойлыбаев, Олжас Отар, Айнұр Шаханова, Біржан Сөктаев, Нұрым Сырғабаев.... Бұл тізімді жалғастыра беруге де болады. Шорабек аға барлық шәкірттеріне ерекше тәрбие берді, барлығына алтын уақытын арнады. Маған да біраз уақытын шығындады. Мен де ол кісінің шашын талай рет «ағарттым». Бір таңданарлығы, жаңағы 14-15 шәкіртінің барлығы да облыстық, республикалық деңгейдегі айтыстардың алдыңғы сапында жүрді, бәрі де топ жарды. Талас ауданының жас айтыскерлері облыста тек үнемі бас жүлде алып жүрді. Ақын аға бәрімізді соған жетеледі. Ал қазір сол Таластан оқушы айтыскерлер шықпай кетті. Неге? Оның басты себебі біреу – қазір Шорабек Айдаров Талас ауданынан тыс жерде жүр. Шорабек аға айтысқа алғаш тігілген ақ боз атты мінді. Айтысқа тігілген алғашқы автокөлікті ұтты. Шорабек аға айтыспен «ауырды». Айтысқа ұзақ жыл адал еңбегін сіңірді. Шорабек ағам жақында алпысыншы көктемін қарсы алады. Айдаров еңбегін арнаған айтыс құлашын кеңге жайып келеді. Сіз де сергек күйде жүз жасап, еңбегіңіздің, ұл-қызыңыздың қызығын көре беріңіз, аға! Бұл – барша шәкірт тілегі.
Есет Досалы, ақын.
Тараз қаласы.