«Арландар» алаң таңдамайды
«Арландар» алаң таңдамайды
Қазақстандық команда сегізінші кездесуде де жеңіске жетті
Бүкіләлемдік бокс сериясының сегізінші кезеңінде «Астана арландары» командасы жеңісті сериясын жалғастырды. Венесуэлаға қонаққа барған қазақстандық боксшылар Каракас қаласында өткен кездесуде қарсыластарынан 3:2 есебімен айласын асырды. Бұл кездесуде «Астана арландарының» намысын қос бірдей жамбылдық боксшы қорғады. 52 келідегі оғланымыз Олжас Сәттібаев команда қоржынына маңызды ұпайды салса, 69 келідегі Асланбек Шымбергенов жергілікті боксшыға есе жіберіп алды. Сонымен... Алғаш болып рингке беттеген 52 келідегі Олжас Сәттібаев Карлос Осканио Перестен барлық компонент бойынша басым болды. Алғашқы раундтан бастап рингте ширақ қимылдаған жамбылдық жампоз қарсыласына соққыларын дәл дарыта біліп, қорғаныста да тамаша боксшы екенін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, венесуэлалық боксшыға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Айқын басымдылықпен жеңісті жұлып алған Олжас командасын есепте алдыға шығарды. Бұдан кейін рингке беттеген 60 келідегі саңлағымыз Закир Сафиуллин Макайо Лейвеге жол берді. Сафиуллин нашар жұдырықтасты деп айта алмаймыз. Тек қарсыласы лас бокс көрсетіп, өз дегеніне қол жеткізді. Басын төмен ұстап, құшақтап жүріп, арасында соққы бағыттап, әйтеуір командасына ұпай алып берді. Үшінші болып шаршы алаңға шыққан хорватиялық легионер Хрвое Сэп әдеттегідей өзінің қайсарлығының арқасында қарсыласын тығырыққа тіреді. Алғашқы екі раундта жеңіліп жатқанына қарамастан, қалған үш кезеңде Рамирес Дюран Альберт Рамоннан айласын асырып кетті. Осылайша командасының есепте алға шығуына жағдай тудырды. Мұнан соң рингке көтерілген жамбылдық оғлан Асланбек Шымбергенов Маэстре Перес Габриэльден ұтылып қалды. Есеп қайта теңесті. Осы сәтте рингке команданың қиын сәттердегі құтқарушыларының бірі, аса ауыр салмақтағы хорват жігіті Филип Хргович желпініп шығып, жеңісті қарсыласынан «тартып» алды. Кездесулерін соңына дейін жеткізбей ұтудың шебері атанған Филип бұл жолы да Эдгар Муностың мысын екінші раундта басып, техникалық жеңісті тіркеді. Сегіз кездесуде де қарсыластарын қоғадай жапыра жеңген «Астана арландары» енді Шымкентте польшалық боксшыларды, сосын әзірбайжандық «Баку файрс» командасын қабылдайды. Польшамен сыртта өткен кездесуде де Олжас Сәттібаев, Хрвое Сэп, Филип Хргович секілді саңлақтар жеңіске жеткен болатын.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».